Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Талабы таудай жастарымыз жақсы білім алып, жаңа технологияларды меңгеріп, елге оралып жатса, құба-құп. Өкінішке қарай, тек білім қуып емес, жұмыс іздеп, жалақысы көп жұмысқа орналасып, сол елде қалып қойып жатқандар да баршылық. Білім алуға, ғылыммен айналысуға кеткен жастарымыз елге қайтса, шетелде алған білімі мен тәжірибесін елімізге кеп қолданса, әрине, қуанатын едік. Дегенмен елге оралып жатқандарға жұмыс табылмай, табылса да, көңіл көншітерлік жалақы төленбей, жастарымыздың қайтадан шетелге кетуіне тура келіп жатқан жағдайлар жиі орын алып отыр. Кейінгі жылдары тек табыс табу мақсатында кетіп жатқандар саны да көбейген. Мұның басты себебі де белгілі, ол – жалақының төмендігі. Айлық табыстан бөлек пәтер мәселесі де жастардың басты мәселесіне айналған.
Әлеуметтанушы З.Қосжановтың пікірінше, жастардың жаппай шетелге ағылуының тағы бір себебі – елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың төмендігі. Отбасының әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында шет тілін білмесе де, ауыл шаруашылығы, құрылыс саласында түрлі жұмыс істеуге кетіп жатқандар көп. Өзімізге жетіспей жатқан мамандардың сырт елдерге кетіп жатқаны қынжылтады. Бір жағынан, елдегі жұмыссыздардың санын көбейткенше, табыс тауып, отбасының жағдайын жасағаны дұрыс секілді. Бірақ, екінші жағынан, жастардың бойындағы білім-білігі мен күш-жігерін өз еліне қызмет етуге жұмсаса екен деген де ой қылаң береді.
2023 жылғы статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізден сыртқа көшіп кетушілердің саны 15 мыңнан асады. Ал Жапониядан сырт елге көшіп кетуге жылына 15 адамға ғана рұқсат береді екен. Қытайда да жастардың шетелде оқуына байланысты шектеулер бар. Халқының саны көп алпауыт мемлекеттердің өзі жастарының басқа елде білім алуына, көшуіне байланысты арнайы бағдарлама енгізген. Ал бізде жастарға әлемнің кез келген бұрышына барып, білім алуға мүмкіндік берілген. Міне, сондықтан да болар, жастардың басым бөлігі өз елінде қалудан гөрі шет мемлекетке кеткенді жөн санап отыр. Бұл, әрине, алаңдатарлық жағдай. Себебі ел дамуына үлес қосатын ғалымдардың, инженерлердің, білікті мамандардың елден кетуі алдағы 10–20 жылда еліміздің экономикасы мен әлеуметтік жағдайы бойынша оң нәтиже бермейтіні анық. Бұл мәселені қалай шешу керек дегенге келер болсақ, сарапшылардың өз ойлары бар. Мәселен, білімді, талантты жастардың дамуына толық жағдай жасау керек. Арнайы шәкіртақы тағайындап, жататын жерін қамтамасыз етсе, ғылыммен айналысуына мүмкіндік беріп, таңнан кешке дейін керек емес пәндерді оқудан босатса, интеллектуалдық деңгейін толық пайдаланатындай жұмыс көлемі берілсе дұрыс болады.
Жастардың сыртта білім алғысы келетінінің бір себебі – «Болашақ» бағдарламасының игілігін пайдалану. Үкімет 1994 жылдан бері «Болашақ» бағдарламасы арқылы еліміздің білім-ғылым саласын, технологиясы мен экономикасын көтеруге атсалысады деген сеніммен жастардың шетелде оқуына мүмкіндік жасап келеді. Отандық мамандардың да дамыған мемлекеттердің жоғары оқу орындарына барып тәжірибе алмасуы үшін қыруар қаржы бөліп келеді. Бірақ осы мамандардың қандай тәжірибе жинап келгені, елге тигізіп жатқан пайдасы жайлы көп айтыла бермейді. Сондай жастардың бірі Ұлыбританияда «Болашақпен» оқып келген Меруерт Бүркітбаева шетелде қалудан гөрі Қазақстанға оралуды жөн санаған. Тағы бір «Болашақ» стипендиаты Мейрам Жанділдин де Чехияда ұсынған банк қызметінен бас тартып, елге оралған. Міне, осындай жастарымыз көп болса дейсің.
«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болуды» құлағына бала кезден сіңіріп өссе, жастарымыздың бойында отаншылдық сезім суымас еді. Сол кезде басқа елдің «жұмағы» өз еліне жетпейтінін ұғар еді. Сонда жастарымыз шетелге дәл бүгінгідей ағылмаушы еді. Меніңше, бұл мәселе тереңірек зерттеліп, мемлекет тарапынан арнайы бағдарлама жасалуға тиіс. Зияткерлеріміздің, жұмыс күшінің бұлай сыртқа жаппай кетуіне тосқауыл қоятын уақыт жетті.
Лаура ХАЛЕЛ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті