– Маңызды емес мәселелермен басымызды ауыртамыз да жүреміз. Санамызға салмақ, жүрегімізге жүк артып аламыз. Ал ең өкініштісі – алысқа көз тікпей, аяғымыздың астын ғана көретініміз. Естеріңізде ме, бізге бала кезімізден «Көзіңе қарап жүр... Байқа, құлап қалма» деген сөздерді құлағымызға құйып келді.
Соның қырсығынан дүниенің дидарына жанарымызды суара алмаған күйде ештеңе түсіне алмай өмірден өтіп кетеміз. Бірақ тіршілік тізбегінде тірнектеп жүріп көңіл күмбезінде «Жоғарыға! Үйге қарай!» деген дауыс күңгірлеп тұрады. Бәлкім бұл – келген жағымызға қарай, ілкі отанымызға деген сағыныштан туған ұмтылыс шығар...
Ал сол жаққа жөнеп кеткен жандарды қайда қоясыз? Тура біз сияқты ғой олар да. Бірақ олар қазір өз үйінде және өте бақытты. Кейде маған олар біз туралы ойлайтын секілді болады.
Иә, олар бізді аяйды, сағынады. Ал сіздер сезбейсіздер ме мұны? Еске түсіріңізші, сізді біреу күтіп жүрген сияқты сезім болған шығар әйтеуір?
...Осы ғашықтар неге жұлдыз санайды? Неге оларға аспан сондай әсем көрінеді? Бәлкім көк қақпасы ашылып, бұрыннан білетін әлімсақтағы әлемі өзіне шақыратын шығар?
Қызық, бала кезде неліктен қалықтап, ұшып жүрген түстер көреміз? Ал қарттыққа аяқ басқанда төменге құлдилап бара жатқандай күй кешеміз. Бұл сондай ауыр сезім! Бірақ сіз мұндай түсті әлі көріп үлгермеген шығарсыз...
Неліктен біз түсімізде өзімізге мүлде беймағлұм тілдерде еркін сөйлесе береміз? Болмаса өңімізде көрмеген өңірлер мен түйсігімізге түнемеген төңіректе серуендеп жүреміз. Сол уақыттағы шексіздікке бергісіз сәттерді айтсаңызшы. Сондай жарқын, сондай ыстық. Өкініштісі, солардың көбі таң ата ұмытылып қалады.
Ал мен бұрын-соңды көрмеген бейтаныс адамды бұрыннан танитындай сезім кешкеніңізге сенімдімін. Құдды ет жақын ежелгі досыңды әрекетінен, иісінен танығандай, иә?
Ал ешкімнің аузынан шықпаса да, бізге бағытталған қаратпа сөздерді қайда қоярсыз?! Ондаған, жоқ жүздеген дауыс бізді көмекке шақырады, қауіпті алдын ала ескертіп жатады. Бірақ қайдан?
Бұл – біздің жүрегімізде бар қасиет. Егер бұлардың барлығы болмағанда... Онда осыншалық қысқа, бір сәттік ғұмырды сүрудің қандай мәні қалады? Бірақ осындай қас қағым уақытта басқа да көп адам үшін мың өліп, мың тіріліп жатамыз... Бұл не нәрсе өзі? Айтыңыздаршы?
Меніңше, бұл – дүниедегі ең қымбат әсерлер. Ал оларды не үшін өлтіріп жатырмыз біз? Оның да бір мақсаты бар емес пе ішімізде? Айналаңызға қараңызшы. Адамдар бұл нәзік сырды ұғынған болса, барлығы бүтіннің бөлшегі екенін түсініп, қазіргідей бір-бірін ренжітіп, азапқа салмас еді ғой...
Шіркін, өмірдің қамшының сабындай қысқа екенін, оның мәнін табуға тырысу керектігін, барлық қиыншылықтың уақытша болатынын жан-ділімен ұққанда ғой...
Күндердің күнінде біздің балаларымыз, болмаса немерелеріміз ұғады мұны. Олар ұсақ-түйектің бәрін ысырып тастап, бір-бірін шынайы сүйеді. Ал өздерінің ұрпақтарына: «Аяғыңның астына қарай берме, басыңды көтер» деп айтатын болады.