Спорт • 27 Маусым, 2024

Жүлдесіз 28 жыл

145 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нысана көздеуден Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері Ольга Довгун Париж Олимпиадасына қатысатын спортшылардың тізімін жария етті.

Жүлдесіз 28 жыл

Спорттың бұл түрінен ғаламдық додада жүл­де алмағанымызға табаны күректей 28 жыл болған екен. Әрине, аз уақыт емес. Әлі есімізде, 1996 жылы Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде жазғы Олимпия ойындарына тұңғыш рет қатысып, 11 жүлде жеңіп алса, соның үшеуі мергендердің еншісінде еді. Атап айтсақ, Сергей Беляевтің өзі екі рет жеңіс тұғырына көтерілді. 35 жастағы сақа спортшы мылтықты 50 метрлік қашықтықтан жатып атуда күміс медальды иеленді. Одан кейін ол үш қалыпта атуда дәл сол нәтижені қайталады. Алғашқы жаттығуда Беляев германиялық Кристиан Клестен қалып қойса, екіншісінде франциялық Жан-Пьер Амаға есе жіберді.

Тағы бір танымал спортшымыз Влади­мир Вохмяниннің де қанжығасы майланды. 33 жастағы Темір­таудың тарланы 25 метрлік қашықтықтан тапанша атуда неміс Ральф Шуман мен болгариялық Эмил Миловты алға жіберіп, қола медальды мойнында жарқыратты. Бұл – оның Олимпия ойындарындағы екінші жүлдесі. Содан төрт жыл бұрын Вохмянин Барселонадағы бәсекеде ТМД құрамасы сапында үшінші орынға табан тіреген еді. Өкінішке қарай, одан кейінгі Олимпия ойындарының бірде-бір отандасымыз олжа сала алмады.

Париждегі додаға еліміздің нысана көздеушілерін Ольга Довгун бастап апарады. Оның өзі де кезінде кұралайды көзге атқан мықты мерген болғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Довгун 2002 және 2006 жылдары әлем чемпионы атанса, Азия ойындарында 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медальды олжалады. Бұл күндері бас бапкерлік қызмет атқарып отырған Ольга Вячеславқызы байрақты бәсекеде Никита Чирюкин, Александра Ли, Ислам Сәтбаев, Константин Малиновский, Арина Алтухова және Ирина Юнусметова сынды шәкірттеріне сенім артты. Осы алты жерлесіміздің ең болмағанда біреуі төрт­жылдықтың басты жарысында атой салып жатса, 28 жылға созылған сәтсіздіктің сеңі сөгі­летін еді.