Бұл студенттердің көпшілігі өндірістік тәжірибені «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясында өткен болатын. «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет жуырда қабылданған «Масс-медиа туралы» заңның артықшылығы мен медиа өрістегі жаңашылдық туралы сөз қозғады. «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп қазақ журналистикасының қара шаңырағы саналатын ұжымда жас журналистер тәжірибеден өткенде шыңдалып қана қоймай, өзіндік жазу машығын қалыптастырып танылуына да мүмкіндік зор екенін айтты. «Журналистика өрісінде өзіндік дәстүрі, соны соқпағы бар стихиясы өзгеше ұжымнан жастардың үйренері мол. Жазу өнері бойына дарыған жас журналисті телеарнаға, журналистиканың қай саласына салсаң да, кібіртіктемейді, ал телеарнадағы қызметкердің кейбірі газетке мақала жазуда ойы шашырап, шатқаяқтап қалатыны белгілі. Газет ұстаханасының ұстыны қаншалықты салмақты екенін осыдан да аңғаруға болады», деді Ғ.Мүсіреп.
Бас редактордың орынбасары Талғат Батырхан: «Журналистика – қызық мамандық. Үнемі ізденісте жүресің, айналаңнан, ортаңнан үйренесің. Тек өзің қызмет істейтін редакциядағы қызметкерлердің жазу машығын ғана емес, өзге ұжымдағы әріптестеріңнің де тақырыпты қалай толғап жазғанын, мәліметті қалай мәйекті жеткізгенін оқып та білігіңді шыңдайсың. Бір шараны жазуға бірнеше журналист барады, солардың әрқайсы ақпаратты, болған іс-шараны өз деңгейіне сай жазады. Бірі естімей қалған мәліметті, деректі екінші журналист зердесіне түйіп ап ақпаратына қосуы мүмкін. Көп оқу да керек, бірақ сол оқығаныңды тоқып қана қоймай қағазға түсіре білу де сөз өнері саналады», деді.
Жас журналистер газет редакциясында өткізген өндірістік тәжірибе барысында көп жайтты көкейге түйгенін айтты.