Байқауға Ұлан ауданындағы барлық 16 ауылдық округ және 45 елді мекен қатысып, өздерінің береке-бірліктерін көрсетті. Тазалыққа үндейтін байқау қорытындысы бойынша аудандағы ең үздік «Таза ауыл» деп Жанұзақ ауылы таңдалып, жүлделі 10 млн теңге көлемінде сертификатқа ие болды.
– Ауданымыздағы белсенділер мен қоршаған ортаға бейжай қарай алмайтын азаматтар осы аталған байқауға жемісті жұмыс атқарғандарын мақтанышпен айта аламыз. Ауылымыздың көркеюі мен таза болуы осындай жандардың тынымсыз еңбегінің арқасы. «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауданымызда айтулы шаралар іске асты. Атап айтсақ, киелі мекен Ақбауыр археологиялық кешені толығымен тазаланып, Асубұлақ орман шаруашылығында 22 мың көшет отырғызылды. Сондай-ақ Сібе, Дұбығалы және Шыбынды көл жағалаулары қоқыстан тазартылып, Таврия ауылдық округінде «Таза бейсенбі» сенбілігі өтті. Туған жерді жасыл желекке айналдыру бағытында қызмет ететін осындай жанашыр және белсенді азаматтар қатары арта берсін, – дейді Ұлан ауданының әкімі Думан Есдаулетұлы.
Естеріңізге сала кетейік, байқауда комиссия мүшелері арықтар мен каналдарды тазалауға, абаттандыруға баса назар аударды. Әр ауылдан жүздеген адамдар жұмылдырылып көшелер тазаланды, абаттандыру жұмыстары жүргізілді және жасыл желек отырғызылды. Соның ішінде еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін Жанұзақ ауылының тұрғындары береке-бірлік танытып, бір адамдай сенбілікке белсене атсалысты. «Ауылына қарап, азаматтарын таны» демекші, бұл ауыл бұған дейін ішімдіктен бас тартқан ауыл ретінде білсек, енді міне, Ұлан ауданының ең үздік «Таза ауылы» атанды. Берілген 10 млн теңге қаржыны ауыл тұрғындары өздері ақылдаса отырып, ауылдарына қажетті дүние салуға жұмсамақ.
– «Таза ауыл» байқауы – аудан тұрғындарын тазалыққа шақыратын, туған өлкені жасыл желекке айналдыруға үлес қосатын әлеуметтік маңызы бар жоба. Соңғы жылдары ауылдарда абаттандырылған аулалар көбейген. Бұл жыл сайын өткізіліп келе жатқан осындай шаралардың нәтижесі. Мұндай байқаулар ауылдың санитарлық тазалығын жақсартуға септігін тигізеді. Сондай-ақ Ұлан ауданы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысында көш бастап тұр – дейді Жастар ресурстық орталығының басшысы Серік Асқабылов.
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы