Ал біздің пайым басқа. Расында бұл тіркес бізге бұрмаланып жеткені хақ. Ерте кезде мергендер даланың қоңыр аңы ақбөкеннің (киіктің) лағы сүп-сүйкімді құралайды көзінен атып несі бар. Басқа нысана құрып қалған жоқ. Оның сыртында «Құралай көз, қолаң шаш, Алма мойын, қиғаш қас» деп ән арқылы әсептеген қазақ емес пе?
Ал шын мәнінде, ерте кезде мергендер ағаштың басында ілулі тұрған немесе арнайы орынға орналастырылған көлемі мен пошымы киік лағының көзіндей нысананы атқан. Бұл нысана кей жағдайда көлемі (үлкендігі) құралайдың көзіндей шеңбер түрінде де болған көрінеді. Мысалы, халқымыздың көнеден келе жатқан фольклоры «Танау мерген» туралы жырда (Бабалар сөзі. 54-том):
Сарыжай жонып тартқанда,
Айнытпай барып тигізген,
Ұстап тұрса бір адам,
Құралай көз теңгені
Шақырым жерден құлатқан –
деп жырланса, қырғыздың жанды эпосы «Манас» жырында (Екінші кітап. ҚМКӘБ. Алматы – 1961 жыл. 102-б):
Құралай көзге атқан,
Қу мүйіз небір мерген бар, –
делініпті.
Қайталып айтамыз: біз айтып жүрген «құралай» атауы даланың қоңыр аңы ақбөкеннің лағының құралайды көзі емес, нағыз мергендерді сынақтан өткізетін «Құралай көз» атты нысана.
Бір қызығы, бұл нысана-атау қыпшақ даласынан барып Мысырда патшалық құрған қыпшақ-мәмлүктер арқылы сол жаққа жеткен. Мәмлүктанушы Қайрат Сәки: «Мысыр елінде ең мықты мерген садақ оғы еркін сиярлық көз сияқты шеңберден оқ өткізетін болған. Ол нысананың атауы «Холибури»» деп жазады.
Осы нысанаға жебесі дарыған немесе құралайдың көзінің көлеміндей шеңберден оқ өткізген адамды халық «құралай көзден оқ өткізген мерген» деп әспеттеген. Мысалы, бұл туралы «Манас» жырында:
Қас сайыскер Жаукүлік,
Ондай мерген табылмас,
Қараңғыда құралай,
Көзін атса жаңылмас, –
деген шағын шумақ бар.