Үкімет • 28 Маусым, 2024

Маңызды заңдар мақұлданды

120 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, депутаттар Мемлекет басшысының ұсынуына сәйкес Жоғарғы сот судьясын қызметінен босату туралы мәселені қарады. Сондай-ақ сенаторлар бірқатар маңызды заңды мақұлдады.

Маңызды заңдар мақұлданды

Сессия жұмысы қорытындыланды

Мәулен Әшімбаев Пала­таның осы сессиядағы жұмысын қорытындылап, сенаторлардың заң шығару қызметінің нәти­жесіне назар аударды және алда атқарылатын істің басым бағыттарына тоқталып өтті.

«Палата Мемлекет басшы­сының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформаларды және Қазақстан халқына Жолдауында, Үкіметтің кеңейтілген отырысында, Ұлт­тық құ­рыл­тайда жүктелген мін­­дет­тер­ді заңнамалық тұр­ғы­­дан қам­та­масыз ету бағы­тында нәти­желі жұмыс істеді. Жаңа сес­сия­ға дейін депутат­тар өңірлер­ге ба­рып, жұрт­шылықпен кездесіп, жер­гілік­ті тұрғындарды алаңдатқан өзекті проблемаларға назар аударады. Оларды зерделеп, оң шешілуіне ықпал етеді. Бұл жұмыс Палатаның ал­дағы сессиядағы заң шығару қызметіне негіз болатыны анық», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат төр­ағасы сессия барысында Палата 4 Үкімет сағатын, ко­ми­теттердің 50-ге жуық көш­пелі отырысын, 100-ден астам дөңгелек үстел мен кездесу өткізгенін тілге тиек етті. Одан бөлек, сенаторлар 200-ге жуық депутаттық сауал жолдап, өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Аталған іс-шараларда қабылданған ұсынымдар жұмысқа алынып, Үкіметке және жауапты мемлекеттік органдарға жолданды.

«Парламент осы сессияда 100-ге жуық заң қабылдады. Олар­дың үштен біріне депу­таттық корпус бастамашы болды. Азаматтардың мем­ле­кет істерін басқаруға қа­тысуын қамтамасыз ететін «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылданды. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге арналған заңнама қатаңдатылып, лудоманиямен күрес шаралары қолға алынды. Алғаш рет «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» арнайы заң қабылданды. Денсаулық сақтау жүйесіндегі бірқатар өзекті мәселені шешуге, саланы одан әрі жетілдіруге арналған заңдарға да маңызды түзетулер енгізілді. Отандық бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау мақсатымен «Масс-медиа туралы» заң қабылданды. Сенаторлар Президент тапсырмасымен қолға алынған бағдарламалар мен жобаларды, оның ішінде «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын іске асыру аясында ауқымды жұмыс атқарды. Палатаның қарауына келіп түскен заңдар шешім қабылдар алдында мәслихат депутаттарымен және сарапшылармен бірге талқыланып, жан-жақты зерделеніп отырды. Осы және басқа да қабылданған заңдар ел игілігіне қызмет етеді деп сенеміз», деп, Сенат спикері депутаттар мен барлық мүдделі тарапқа белсенді жұмыс үшін алғысын білдірді.

Палатаның сессиядағы қоры­тынды отырысында сенаторлар Нұрлан Сұлтановты Жоғарғы сот судьясы қызметі­нен босатты. Олар ел Прези­дентінің ұсынуын қарау нәтижесінде осындай шешім қабыл­дады. Ұсынылған канди­датура алдын ала Конститу­циялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқыланды. Отырыс барысында Мемлекет басшысының ұсынуын Жоғары Сот кеңесінің төрағасы Денис Шипп оқып берді.

 

Бизнес мүддесін қорғайтын заң

Сондай-ақ отырыс кезін­де депутаттар Мемлекет бас­шысының «Адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлығын іске асыру мақсатымен әзір­­ленген «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң­ды, сондай-ақ, оған ілеспе «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарап, мақұлдады. Заңдарға енгізілген түзетулер адам саудасына қарсы іс-қимыл­ды күшейтуге, осы сала­дағы қылмыстар үшін жаза түрлерін қатаңдатуға арналған. Сондай-ақ вандализм және бөтеннің мүлкін бүлдіргені үшін қарастырыла­тын шаралар да күшейтіледі. Атап айтқанда, заң нормалары жәбірленушілерге Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтер алуға жаңа құқық беруді көздейді. Осыған байланысты «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» заңға адам саудасына қатысты қылмыстар тізбесін кеңейту жөнінде түзетулер енгізіледі.

Күн тәртібіне сәйкес отырыс­та «Жылу энергетикасы туралы» заң, сондай-ақ оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылу энергетикасы, электр энер­гетикасы және реттеліп көр­сетілетін қызметтер мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» және «Қазақ­стан Респуб­ликасының Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар да қара­лып, мақұлданды.

Жаңашылдықтардың қа­тарын­да жылу энергетикасына қатысты заңнаманы бұз­ғаны үшін жауапкершілікті күшейту, бүкіл салаға мониторинг жүргізу, тариф белгілеу қағидаттарын айқындау және энергия тиімділігін арттыру сияқты басымдықтар бар. Одан бөлек, жаңартылатын энергия көздерін орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне енгізудің экономикалық және техникалық орындылығы жағ­дайын­да дамытуға ынталандыру көзделіп отыр. Заңда энер­гия­мен жабдықтаушы ұйым­дар бөлігінде олардың функ­ция­ларын өңірлік энергия беруші ұйымдар­ға бере отырып, реформа жүргізу мәселесі де назарға алынған. Бұл ретте 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап тұтынушыларды энергиямен жабдықтау мақсатымен электр энергиясын сатып алу жөніндегі қызмет түріне лицензия енгізілетінін атап өткен жөн.

Бүгін депутаттар бастамашы болған «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық құқық бұзушылықтардың жекелеген түрлерін қылмыстық сипаттан арылту және Қазақстан Республикасының заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржылан­дыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Респуб­ликасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар да қаралып, мақұлданды. Бұл құжат­тардың нормалары кәсіп­керлерді қыл­мыстық қуда­лау орбитасына негізсіз тарту­ға қарсы іс-қимыл жөнін­­дегі шаралар кешенін қамти­ды. Сондай-ақ азаматтар мен бизнес­тің мүдделерін қорғау­ды қамтамасыз етеді.

Сонымен бірге сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік бақылау мен ста­тис­тика, халықты қорғау жүйе­с­ін жетілдіру, деректерді бас­қару, заңды тұлғаларды тіркеу және артық заңнамалық регла­мент­теуді болғызбау мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңды да мақұлда­ды. Бұл заң 5 кодекске және 36 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Оның ішінде Әлеуметтік кодекске халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл мәр­тебесін және оның құзыреттерін бекіту жөнінде түзетулер енгізі­леді. «Баламалы деректер», «деректер өнімі» және «ұлттық тіркелімдер» ұғымдарын енгізу туралы да жаңашылдықтар бар.

 

Халықаралық келісімдер ратификацияланды

Сенат отырысында Мемле­кет басшысының халық арасында ойынға тәуелділікке қарсы күресті күшейту жөнін­дегі тапсырмасын іске асыру үшін әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­ма­лық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, ден­саулық сақтау, мемлекет­тік еңбек инспекциясы, мем­лекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу туралы» заң және оған ілеспе «Қазақстан Респуб­ликасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қаралып, мақұлданды.

Заңға енгізілетін түзетулер электрондық казино мен интернет-казино қызметін ұйым­дас­тырғаны үшін қылмыс­­тық жауапкершілік енгізуді, 21 жасқа дейінгі адамдар­ға энергетикалық сусындар­ды сатуға, сондай-ақ, сатушы­ның тікелей қатысуынсыз сауда автоматтары, өзге де элек­т­рондық немесе механика­лық құрылғылар арқылы сатуға тыйым салу, құмар ойындар­ға тәуелді адамдарды медици­налық оңалту тәртібін белгілеу және оларға консультациялық ме­дициналық бақылауды ен­гізу, мемлекеттік еңбек инс­пек­циясын жергілікті атқарушы органдардан еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға беру мәселелерін қамтиды.

Бұдан басқа, Сенат депутаттары «Қазақстан Республика­сының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және электрмобильдерге арналған инфра­құрылымды дамыту мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы», «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мініс және мініс-жегін жылқы­лардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы», «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерек­ше қорғалатын табиғи аумақ­тар және электр энергетикасы мә­селелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» және «Салық және бюд­жет­ке төленетін басқа да міндет­ті төлемдер туралы» кодекске (Салық кодексі) өзгерістер енгізу туралы» заңдарды қарап, мақұлдады.

Отырыстың күн тәртібінде қаралған соңғы мәселелер халықаралық келісімдерді рати­фикациялауға қатысты болды. Атап айтқанда, Палата депу­таттары «Қазақстан Респуб­ликасы мен Сингапур Респуб­ликасы арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының ара­сындағы цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясын ұйымдастыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдарды мақұлдады.

Іс-шарада сенаторлар депу­таттық сауалдарын да жолдады. Депутат Айгүл Қапбарова еліміздегі туризм саласын дамытуды тежейтін проблемалар туралы депутаттық сауалын­да айтып берді. Оның сөзінше, туристік саланы да­мытуда бірізділік пен сабақ­­тас­тық жоқ, қонақүй инфра­­құ­рылымының дамуы артта қал­ған, интернет сапасы мен турис­тік қызметтерді цифрландыру дең­гейі әлі де төмен, ал мемлекеттік қолдау шаралары тиімсіз.

Сенатор Әлібек Нәутиев депу­т­аттық сауалында мемле­кет­тік сатып алуды өткізу және кә­сіп­орынды субсидия­лау қағидатын қайта қарау қажеттігі туралы мәсе­ле көтерді. Депутат­тың айтуын­ша, табиғи жүнді өң­деумен айналысатын кәсіпорын ұзақ уақыт бойы, оның ішінде Қорғаныс министрлігінің қажетіне өнім шығарып келген болатын. Алайда қазір компания тапсырыстың болмауына байланысты банкрот болудың алдында тұр.

Сенатор Нурия Ниязова де­путаттық сауалында медицина мамандығында оқитын сту­денттерге арналған мемле­кет­тік білім беру гранты саны­ның аздығы туралы айтып берді. Депутаттың айтуынша, жоғары оқу орындары қаржы орнықтылығын қамта­масыз ету үшін студенттерді ақылы негізде қабылдауға мәжбүр, бұл инфрақұрылымды шамадан тыс пайдалануға, оқу сапасының төмендеуіне және оқу құнының жоғарылауына ықпал етеді.

Сонымен бірге сенатор Мұрат Қадырбек депутаттық сауалында Үкіметті «Сарыағаш емдеу-оңалту орталығын» жекешелендірудің кешенді жоспарынан шығаруға ықпал етуге шақырды. Өйткені жер­гілікті халықтың басым бөлігі қысқартуға ұшырап, жұмыссыз қалу қаупі туындап отыр. Ал Сәкен Арубаев мемлекет тарапынан агроөнеркәсіптік кешенді қолдау саласындағы проблемаларға алаңдаушылық білдірді. Депутат тұқым, техника және жемнің бағасы бірнеше есеге өсуіне байланысты саланың қаржылық қажет­тілігі өтелмейтінін атап өтті.