Бір жағынан, кәсіби журналистердің қоғаммен байланыс саласына, қоғамдық-саяси қызметке ауысып, мемлекеттік және сайланбалы органдарда төбе көрсетуі мамандықты тұсаулаған шектеулердің салдары болса, екінші жағынан, дәл осы үдеріс мамандықтың өрісін кеңейткен өзгеріске айналды. Талай жыл ақпарат құралында жұмыс істеп, журналистиканың майын ішкен азаматтар Парламент депутаты болып, заң шығару ісіне тікелей атсалысып отыр. Тәжірибелі журналистердің ішінде жауапты мемлекеттік қызмет атқарып жүргендер де баршылық. Бұл да ақпараттық заманда коммуникацияның қыр-сырын меңгерудің маңызы зор екенін көрсетеді. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болуды миссиясы деп таныған мамандық иелері енді жаңа сападағы мемлекеттік қызметші буынын қалыптастыратын болар.
Журналистиканың деңгейінен хабар беретін екі өлшем бар: бірі – өз ісіне берілген кәсіби білікті мамандар қарасының қалың болуы, екіншісі – олар жасайтын ақпараттық өнімнің, яғни ел аузында жүретін жобалар, қоғамға қозғау салатын сапалы материалдардың көптігі. Бұл тұрғыда осы салаға өз ісіне адал және кәсібилігі жоғары мамандар келуіне қоғам да, мемлекет те мүдделі болуға тиіс. Себебі билік пен халықтың арасындағы «алтын көпір» – кәсіби медиа дамыған елде плюрализм мәдениеті мен өзгенің пікірімен санасу әдеті қалыптасады.
Сапалы ақпараттың маңызы мен өзектілігін қазір қоғам түсініп қалды. Фейктер мен ақпараттық дезинформация заманында объективті, шынайы, нақты ақпараттың құны арта түспек. Ендігі жерде ақпараттық ресурстар аудитория алдындағы репутациясы үшін жанталасады. Қазақша айқанда, «қасықтап жинаған абырой шелектеп төгілсе», аудиторияға ықпалымен бірге нарықтағы сұранысынан да айырылады.
Қазіргі таңда отандық журналистика өзінің кезекті өсу белесінің алдында тұр. Барынша сапалы, мазмұнды контентті оперативті түрде аудиторияға жеткізудің түрлі техникалық мүмкіндігі бар. Ақпараттық технологияның барлық жетістігі контент жасаушылардың игілігіне арналғандай. Отандық медиа қазір жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін кеңінен қолдана бастады. Бұл да кәсібилік пен оперативтілік тұрғысынан бәсекенің күрт артуына себеп. Бұл тұрғыда, екі жылдан бері қызу талқыланып, жақында қабылданған «Масс-медиа туралы» заң отандық журналистиканың келбет-сипатын сөзсіз өзгертеді. Заңда қабылданған көптеген норма қоғамның сұранысынан туындаған. Мысалы, отандық ақпарат кеңістігінде бұдан былай сапалы қазақша контент саны артуға тиіс, ал мұндай контентті ұсына алмаған медианың өрісі тарыла бермек. Заң телерадиохабарлардың апталық кестесіндегі мемлекеттік тілдегі хабарлар санына қатысты ең төменгі шекті ғана бекітті: келесі жылы – 55 пайыз, 2027 жылы – 60 пайыз. Бірақ бұдан асырмасын деген сөз емес. Ең бастысы, бұл – мемлекеттік тілдегі контенттің ғана ғана емес, отандық өнімнің көлемін де арттыруға тиек. Бұған қоса, шетелдік теле және радио хабарлардың эфирдегі көлемі 20-дан 10 пайызға қысқарады. Осының бәрі қазақша сапалы контент жасаушы отандық медианың беделін де, жауапкершілігін де арттыратыны, жаңа заман журналисіне қойылатын талапты күшейтетіні сөзсіз.
Кәсіби талаптардың күшеюімен журналистің қоғамдағы беделі де артады. «Азаматтық журналистика» енді дами бастаған тұста «қолында телефоны бар кез келген адам журналист міндетін атқара алады» деген түсінік тараған. Иә, кез келген адам ақпарат таратушы рөлін атқаруы мүмкін, бірақ оның шынайылығына және салдарына жауап бермейді. Ақпарат таратушының бәрі бірдей ақпараттық өнім өндірушіге, контент жасаушыға айналуы неғайбыл. Себебі сапалы ақпараттық контент жасау үшін ең әуелі кәсіби білім мен тәжірибе, одан соң азаматтық ұстаным мен мемлекетшілдік көзқарас қажет. Бұл тұрғыда Алаш қайраткерлері ұстанған басты қағида – ұлтқа қызмет ету миссиясы өзгерген жоқ.
Гүлбиғаш ОМАР,
саяси коммуникация саласынан PhD