Басылым • 28 Маусым, 2024

Қазақ журналистикасының тарихы қалай оқытылады?

306 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Журналистика – қоғамның айнасы әрі заманның үні. Сондықтан баспа­сөз тарихы ел тарихымен тұтасқан ғылым саналады. Ал қазақ журналис­ти­касының тарихы қай уақыттан басталады және қаншалықты терең зерт­телген? Өз мүддемізге сай, тәуелсіздік көзқарасы тұрғысынан жазылған журна­листика тарихы қалыптасқан ба? Біз осы сұрақтарды сала мамандарына қойып, ой-пікірін білген едік.

Қазақ журналистикасының тарихы қалай оқытылады?

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Алаш журналистикасы бізге үлгі

Қайрат САҚ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеті жур­­на­листика және саясаттану факуль­те­тінің деканы, алаштанушы:

– Журналистика тарихы – университетте студент жастарға оқытылатын ең негізгі пәндердің бірі. Өйткені оның тарихы елдің өткенімен тығыз байланысты. Оның ішінде тек тарих емес, журналистиканың теориясы да, тәжірибесі де бар. Ертеңгі күні қолына қалам мен микрофон ұстауды мақсат еткен жас буын тарихи тұлғалардың журналистік шеберліктерін біліп, меңгеріп, әрі қарай жалғастыруға тиіс. Журналистика өзінің тарихи кезеңіндегі шынайы ақпаратты, ақиқатты жеткізетін болғандықтан, студенттеріміз ол пәнді оқу барысында елдің де тарихын терең біліп шығады. Сол себепті біз оны оқытуға аса маңыз береміз.

Бұрын факультетімізде «Қазақ журна­листикасының тарихы» атты бір ғана пән оқытылып келген еді. Дегенмен мағлұматтың молдығына және әр саланың өз тарихы болуына байланысты біз оны бөліп, бірнеше пәнге айналдырдық. Енді қазіргі күні «Қазақ баспасөзінің тарихы», «Қазақ радиожурналистикасының тарихы», «Қазақ тележурналистикасының тарихы» атты жеке бөлек пән ретінде оқытылады.

Соның ішінде қазақ баспасөзінің тарихы зерттеліп, зерделенді. Оқулықтары да бар. Қазақ радиожурналистикасының да тарихы зерттелген. Тек қазақ теле­жур­налистикасының тарихына қатысты мәлі­меттер әлі де жұтаңдау. Бұрын ол «Қазақ журналистикасының тарихы» пәнінің құрамында ішінара ғана оқы­тылып келген. Енді жеке дара пән бол­ғаннан кейін бұл саланы тағы да терең­нен зерттеу, түгендеу, толықтыру мәселесі алдымыздан шығып отыр. Осы бағытта ғылыми зерттеу жұмыстары қолға алынып жатыр. Алдағы уақытта сол жұмыстар нәтижесінде монографиялар мен оқулықтар жарық көреді деп үміттенеміз.

Қазақ журналистикасының тарихын­дағы ең айшықты кезең – Алаш кезеңі. Өйткені ол уақыттағы баспасөз тек газет қызметін ғана емес, қоғамдағы басқа да басқару институттарының да қызметін қатар атқарды. Мысалы, ол Парламенттің, атқарушы биліктің, Оқу-ағарту, Ғылым және білім министрлігінің де қызметін де арқалады. Біз өзімізге үлгіні шетелден іздемей, Алаш заманынан да табамыз. Олардың нарықтық экономикаға бейімделуі, өзін-өзі қаржыландыруы, маркетинг, менеджмент жұмысын дұрыс жүргізуі – теңдессіз үлгі әрі бай тәжірибесі бар тарих. Алаш қайраткерлері мемлекеттен бір теңге алмай, өз-өзін қар­жыландырып, халықтың шын мәнін­дегі көзі, құлағы һәм тілі болып, ұлт жолында қызмет етті. Біз осыны студенттерге оқыту арқылы Алаш зиялыларынан үлгі-өнеге алып, олардың журналистік мектебін әрі қарай жалғастыруды мақсат етіп отырмыз.

Журналистика – ең көне маман­дық­тардың бірі. Біз оның бастауын газет шыққан күнмен есептесек, келте болар еді. Бұған дейін қазақ баспасөзінің тарихы «Түркістан уәлаятының газеті» шығуынан басталады деп оқытылатын. Ал қазір біз одан әріге барып, Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен бастап оқытамыз. Өйткені ол да өз заманындағы бұқараға ақпарат беріп тұрған газеттің үлгісі. Публицистиканың жарқын көрінісі.

 

Тасқа таңбаланған ақпарат

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ,

түріктанушы, «Қайнар» университетінің профессоры:

– Қазақ журналистикасының арғы тарихы ең кем дегенде б.д. І-ІІІ ғасырлардағы Талас, VІ-VІІІ ғасырлар арасындағы Орхон-Енисей тас бітіктерінен басталады десек, артық айтқандық емес. Ол – әлі қағаз шық­паған кезде ақпарат берудің алғашқы үлгісі. Сол уақытта-ақ бізде жазу өнері бол­­ған. Өркениеттің басы болған осы кез тура­­лы айтылып келе жатқанымен, терең зерт­­теліп, толыққанды түсінік берілмей келеді.

Біз қазір журналистика оқулық­та­рында қазақ баспасөзінің тарихын 1870 жылы алғаш жарық көрген «Түр­кістан уәлаятының газетінен» бас­талады деп жүрміз. Кеңес заманынан бері қалыптасқан осы тұжырым әлі де сақталып келеді. Бұл – кезінде Ильминский бастаған миссионер ғалымдардың сіңірген идеясы. Сол кезде миссионерлік саясат ұлттық руханиятымыздың қажетін сорып алып, өздерінің мүддесі тұрғысынан қазақ журналистикасын да, әдебиетін де, тіл тарихын да қайтадан жазуға тырысты. Қазақ руханияты ХІХ ғасырдан басталды деген отаршылдық үлгімен қалыптасты. Сол үлгі әлі де өзгеріссіз тұр.

Ал шын мәнінде қазақ журналис­тикасының тарихын көне замандардан, жоғарыда айтқан тас бітіктерден бастаған дұрыс. Еуропа ұйқыда жатқан кезде біздің бабаларымыз тасқа, қышқа, металға бәдіздеп жазуды үйренді. Бұлар жайында қазіргі журналистика тарихында айтылмай жүр.

Біз неліктен журналистика тарихын тас ескерткіштегі жазудан бастап отырмыз? Өйткені журналистиканың басты қызметі – ақпарат беру, оны сақтау, тарату болса, біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларында тасқа бәдізделген жазулар, тіпті оған дейінгі сақ дәуіріне жататын күміс ыдыстардағы жазулар да өз заманының ақпарат беру әдісі, мұнақыптың бір түрі еді.

Солай бола тұра біз қазақ баспасөзінің тарихын әлі де отаршыл патша үкіметі шығарып берген газеттерден бастаймыз. Бұған себеп – ежелгі журналистикамыздың тарихын білетін мамандар тапшы. Ондай мамандар даярланбай келеді. Біздің рухани мәдениетіміз әлі кеңестік дәуірде салып берген бағдарламадан өзгерген жоқ. Тек сыртқы бет-бейнесіне ұлттық нышандар қосылғаны болмаса, ішкі мазмұны сол күйі қалды. Біз отарсыздануды, күрделі өзгерісті осыдан бастауымыз керек. Ол үшін журналистикамен қатар әдебиет, лингвистика, өнер тарихын қайта жазу қажет. Қазіргі күні бар болғаны Алаштың зиялыларын ақтадық, соның нәтижесінде тарихтағы бірсыпыра бос кеңістіктің орны толды. Ақтаңдақтар толыққаннан кейін тасбақаның жүрісіндей кішігірім өзгерістер орын алды. Бірақ тарихымызды дұрыстап тереңнен зерттеуге ықылас жағы әлі бәсең. Қазақ журналистикасының тарихын ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастау тым кеш. Қазақ тарихының түрлі дәуірі мен ақпарат мәселесі арасын  байланыста терең зерттеу маңызды.

 

Пәнге кешенді тұжырымдама керек

Айгүл РАМАЗАН,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы:

– Қазақ журналистикасының тарихы толық зерттелген жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шыққан, анықта­ма­лық сипаты басым оқулықтарда шала­ғай­лық көп. Зерттеушілердің көбінің араб әліпбиін білмеуі, басылымдардың кейбір сандарының жоғалып кетуі, сырт елдердің мұрағатынан іздестіру жұмыстарын жүргізуге қаражаттың болмауы, т.б. мәселелер қазақ журналистикасы тарихын зерттеуге қолбайлау болып отырғанын жоққа шығара алмаймыз.

Дегенмен кейінгі жылдары алғашқы қазақ басылымдарының араб әліпбиіндегі нұсқасын қолданыстағы кирилл қарпіне ауыстырып, басып шығару қолға алынды. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Журна­листика зерттеу институтының ғылыми жобалары негізінде «Алаш көсемсөзі» көптомдығының, «1920 жылдардағы кеңес­тік журналистика» еңбектерінің жарық көруі, Оңтүстік Қазақстан облыс­тық саяси қуғын-сүргін құрбан­­дары мұражайы ғылыми қызмет­кер­лерінің ізденісімен «Ақ жол» газеті көптомдығының, «Шолпан» журналының дүниеге келуі, жас ғалым А.Ақынбекованың мұрындық болуымен «Темірқазық», «Шаншар», «Мұғалім», «Жас азамат», «Абай» журналының 12 саны­ның факсимилді нұсқаларының шығуы, батыс өңірде шыққан «Ұран» газе­тімен қайта қауышуымыз, баспагер, ғалым Ғ.Әнестің «Қазақ», «Айқап», «Сарыарқа» газеттерінде жарияланған материалдарды жинақ етіп шығаруы бұл оқулықтың орнын толтырып, алдағы уақытта «Қазақ журналистика тарихы» оқулығын қайта жазып шығуға мүмкіндік береді.

Қазақ журналистикасы тарихын зерттеуде шетін мәселелер өте көп. Бір деректің өзін бірнеше рет тексеріп, сүзгіден өткізетін, сарапқа салатын, уақыт алатын жайттар жетерлік. Мысалы, 1918 жылы Семейде жарық көрген «Абай» журналының он бір саны шыққан деген, қолдан-қолға өткен дерекке малданып жүрсек, басылымның 12 саны табылды. Зерттеушілердің көпшілігі төте жазуды білмегендіктен, көз алдымызда тұрған дүниені оқи алмай, қор болған жағдайлар да жетерлік...

Сонымен қатар кейбір зерттеушілер осы уақытқа дейін «Абай» журналының редакторлары ретінде Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытұлын қатар атап келді. Шынтуайтына келгенде, журналдың 2, 3 сандарында «Шығарушы – басқарма» деп көрсетілген, ал 1, 4, 5, 6, 7, 8, 10, 11, 12-сандарында «Шығарушы – Жүсіпбек Аймауытов» деп жазылған. Яғни журналға редакторлық еткен сол кісі. Ал Мұхтар Әуезов журналға бағыт-бағдар көрсеткен, ғылыми-танымдық мақала­ларын жариялаған. 1953 жылы жазылған өмірбаянында «Являясь членом редколлегии, я никогда не был редактором журнала «Абай», деп нақты көрсеткен.

Алғашқы қазақ басылымдарына жазушы азаматтардың бүркеншік есімдерді жиі пайдалануы, оны анықтайтын текстологиямен айналысатын ғалымдардың аздығы, көп жағдайда болжалды топшылаулар мен адасуларға әкеп соқтырып жүр. Қазақ журналистикасының тарихы отарлаушылардың үні болған «Түркістан уәлаятының газеті» және «Дала уәлаятының газеті» басылымдарынан бас­тау алады деп оқытылып келді. Тарихты жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен сала тарихын қазаққа шынайы қызмет еткен, ұлт мүддесін көздеген, санасын оятқан «Қазақ» газеті шыққан тұстан бастау керек деп есептеймін. Себебі «Қазаққа» дейін бірер саны шығып, жабылып қалған газеттердің ешқайсысы бұл басылымның деңгейіне жете алған жоқ. Қазақ ұлтының үштағаны іспеттес жер, тіл, дін мәселесін «Қазақтай» еш басылым түсіндіріп жазған жоқ. 1916 жылдың оқиғасына, «Алаш» жолындағы ұлы күреске біз бүгін «Қазақты» парақтай отырып, баға беріп келеміз. «Қазақ» өзінен кейін шыққан «Сарыарқа», «Абай», «Бірлік туы», «Жас азамат» басылымдарына жол көрсетті, үлгі болды. Осы басылымдардың арқасында елдік ұстаным, ұлтжандылық қасиет бүкіл қазақ даласына жайылды.

Әр оқытушы өз таным-деңгейіне қарай пәнді жүргізеді ғой. Мен өз тәжірибемде қазақ журналистикасының ақтаңдақ тұстарына, Алаш баспасөзіне, олардың бағытына, көтерген тақырыптарына, қазіргі қазақ қоғамы үшін деректік құны жоғары жазбаларға ерекше назар аудартуға тырысамын. Қазақ мұғаджырлық журналистикасының төлбасы – «Жас Түркістанды» ұмыт қалдырмаймыз. Пәнді оқытуға берілетін 15 аптаның 10-ында осы тақырыптарды талқыласақ, қалған 5 аптаға кеңес журналистикасы мен тәуелсіздіктен кейін қалыптасқан жаңа сипатты қазақ журналистикасына қатысты материалдарды сыйдыруға тырысамын. Кеңестік кезек тұсындағы журналистика кемшіліктерін көрсете отырып, жылымықтан кейінгі жылылыққа мысал ретінде «Қазақ әдебиеті» газетінің тіл үшін күресін талқылаймыз.

Әрине, біз семестрде оқытылатын бір пән арқылы «Қазақ журналистикасы тарихын» түгендеу мүмкін емес, пән­нің маңыздылығын, материалдардың мол­дығын ескере отырып, жоқ дегенде бір жыл тұтастай оқыту керек деп есеп­тей­мін. Меніңше, журналистика тарихына кешенді тұжырымдама керек.