Жеті Олимпиадада – 15 жүлде!
Тәуелсіздік алғалы бері төртжылдықтың басты додасында қазақ боксшылары өрелі өнерлерімен өз көрермендерін қуантып келген еді. Атап айтсақ, 1996 жылы Атлантада (1 алтын, 1 күміс, 2 қола. Жалпы есепте – 3-орын), 2000 жылы Сиднейде (2 алтын, 2 күміс. 3-орын), 2004 жылы Афинада (1 алтын, 1 күміс, 1 қола. 3-орын), 2008 жылы (1 алтын, 1 қола. 7-орын), 2012 жылы Лондонда (1 алтын, 1 күміс, 1 қола. 3-орын), 2016 жылы Рио-де-Жанейрода (1 алтын, 2 күміс, 1 қола, 3-орын) жақсы жұдырықтасып, үздік командалардың санатына еркін қосылдық. Тек 2021 жылы Токио Олимпиадасында ел сеніміне селкеу түсірдік. Жапонияның астанасында екі боксшымыз ғана қола медальді иеленіп, жалпы командалық есепте қалың топтың арасында қалып қойдық. Күншығыс елінде жерлестеріміз Куба (4+0+1), Ұлыбритания (1+2+1), Ресей (1+1+3), Бразилия (1+0+1), Өзбекстан (1+0+0), АҚШ (0+3+0), Филиппин (0+1+1) және Украинаны (0+1+0) алға жіберді. Нәтижесінде, 9-орын. Парижде сол олқылықтың орнын толтыруға тиіспіз. Жалпы, 1996-2021 жылдар аралығында алауы тұтанған жазғы Олимпиадаларда бокстан Қазақстанның ерлер құрамасы 22 жүлдеге (7 алтын, 7 күміс, 8 қола) қол жеткізді.
Шыны керек, осы жолы Париж Олимпиадасына лицензия алудың өзі қиын болды. Егер Токио Олимпиадасында ерлер мен әйелдерді қоса есептегенде, 289 былғары қолғап шебері сайысқа түссе, биылғы жарыста олардың саны 248-ге дейін кеміді. Енді «Дүбірлі додада өнер көрсететін жерлестеріміздің әлеуеті қандай?», «Олардың басты қарсыластары кімдер?» деген сауалдарға жауап іздеп көрейік.
Сәкенге сенім арттық
Аса жеңіл салмақта Сәкен Бибосынов ел намысын қорғайды. 26 жастағы қандасымыз Токио Олимпиадасы (2021 жылы) мен Екатеринбургтегі әлем біріншілігінде (2019) қола медальді мойнында жарқыратса, Белградта әлем чемпионы (2021) атанды. Енді Сәкенге жетпей тұрғаны тек Олимпиаданың алтыны. Сол мақсатқа қол жеткізу үшін Мырзағали Айтжановтың шәкірті барын салады деген ойдамыз.
Жанкүйерлердің дені «Сәкеннің осы жарыстағы басты қарсыласы – Хасанбой Дусматов» деген пікірде. Күні кеше ғана, яғни 24 маусымда 31 жасқа толған Өзбекстанның өкілі өте қарулы екеніне еш күмәніміз жоқ. Ол – Рио Олимпиадасы (2016) мен Азия ойындарының (2022) жеңімпазы әрі Баркер кубогінің иегері, әлем чемпионы (2023). Азия чемпионатында Хасанбой үш рет алдына жан салмады. Десек те аса жеңіл салмақта Дусматовтан да басқа мықты былғары қолғап шеберлері барын естен шығармайық. Солардың арасынан франциялық Билал Беннама (әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Еуропа ойындарының жеңімпазы, Еуропа чемпионы), үндістандық Амит Пангал (әлем чемпионатының финалисі, Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы), түркиялық Самет Гюмюш (Еуропа чемпионы, Еуропа ойындарының финалисі), доминикандық Джуниор Алкантара (Панамерика ойындарының жеңімпазы) және таиландтық Титисан Панмотты (Азия ойындарының финалисі) бөле-жара атап өтуге болады.
51 салмақта күш сынасатын өзге боксшылар: Патрик Чиньемба (Замбия), Майкл Триндаде (Бразилия), Юсуф Чотия (Аустралия), Алехандро Кларо (Куба), Ниджат Гусейнов (Әзербайжан), Хуанма Лопес (Пуэрто-Рико), Рафаэль Лозано Серрано (Испания), Роско Хилл (АҚШ), Даниэль Варела де Пина (Кабо-Верде) және Омид Ахмадисафа (Босқындар командасы).
Мерейің үстем болсын, Махмұд!
57 кг салмақта Махмұд Сабырханға сенім артылып отыр. Шымкенттің шымыр жігіті небәрі 22 жаста болса да, ірі дүрмектердің талайында дараланып үлгерді. Әлем чемпионаттарында ол екі рет жеңіс тұғырына көтерілді. 2021 жылы Белградта күміс алса, арада екі жыл өткенде Ташкентте алтын тұғырдан қол бұлғады. 2022 жылы Азия чемпионатының ақтық сынында өнер көрсетті. Махмұд бұл табыстың барлығына 54 кг салмақ дәрежесінде сайысқа түскен кезінде қол жеткізді. Олимпия ойындары қарсаңында ол жаңа салмаққа ауысты.
Қазіргі кезде сарапшылар мен мамандар «Сабырханға 57 кг салмақта атой салу қиын болады. Себебі қарсыластарына қарағанда оның бойы мен қолы қысқа» деген сыңайда пікірлер айтады. Бірақ бабаларымыз «Күш атасын танымайды» деп бекер айтпаған ғой. Алдында қандай мықты тұрса да, Махмұдтың «өліспей беріспейтіні» анық. Өйткені ол – қорқуды, қаймығуды, шегінуді білмейтін рухы биік, намысқой жігіт. Сондықтан да біз Сабырханға сенеміз.
Ілияс Оралбеков баптаған жігіттің Париджегі басты қарсыластары – өзбек Абдулмәлік Халоков (әлем чемпионы, әлем чемпионатының финалисі, Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы), америкалық Джамал Харви (әлем чемпионы, Панамерика ойындарының жеңімпазы), кубалық Сайдел Хорта Родригес (әлем чемпионатының күміс жүлдегері), филиппиндік Карло Паалам (Олимпиаданың күміс және Азия ойындарының қола жүлдегері), болгариялық Хавьер Ибаньес Диас (Еуропа ойындарының жеңімпазы, Еуропа біріншілігінің күміс және қола жүлдегері) және бельгиялық Василе Устурой (Еуропа чемпионы, Еуропа ойындарының қола жүлдегері).
57 кг салмақта күш сынасатын өзге боксшылар: Небил Ибрагим (Швеция), Хосе Квилес (Испания), Мұнарбек Сейітбекұлы (Қырғызстан), Долапо Омоле (Нигерия), Шудай Харада (Жапония), Чарли Сеньор (Аустралия), Йилмар Гонсалес (Колумбия), Джуд Галлахер (Ирландия), Луис Оливейра (Бразилия), Айдер Абдураимов (Украина).
Мұхаммедсабырға сәттілік тілейміз
Қазақстан үшін осы олимпиадалық циклде 63,5 кг ең проблемалық салмақ дәрежесі болғаны белгілі. Осы салмақта сайысқа түскен сайыпқырандар екі лицензиялық турнирде сүрінді. Содан Астанада іріктеу жекпе-жектері ұйымдастырылды. Бұл бәсекеде Серік Теміржанов, Дулат Бекбауов, Ертуған Зейнуллинов, Жандос Қыдырәлиев және Мұхаммедсабыр Базарбайұлы сынды бес боксшы шеберлік байқасты. Солардың арасынан 21 жастағы Мұхаммедсабыр суырылып шықты. Нұркен Андасовтың шәкірті Бангкоктағы бәсекеде де табысты өнер көрсетіп, Олимпиадаға баратындардың тізімне қосылды.
Мұхаммедсабыр Базарбайұлының салмағында кілең «ығай мен сығайлар» жиналды. Жалғыз Руслан Абдуллаевтың өзі неге тұрады! Өзбекстанның туы астында өнер көрсетіп жүрген 22 жастағы қазақтың жалынды жігіті 2022 жылы Азияның алды болса, былтыр әлемдік додада дара шықты. Руслан сол жарыстарда күмәнсіз жеңіске жетті. Париж Олимпиадасының басты фавориттерінің бірі ретінде Софиан Умианы да атауға болады. Ол 60 кг салмақта әлемнің үш дүркін чемпионы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Биыл 30 жасқа толғалы отырған Францияның атақты боксшысы жаңа салмаққа да жақсы бейімделді. Биыл Умиа Краковта ұйымдастырылған Еуропа ойындарында қарсылас шыдатпады. Оның үстіне Софиянның ринг қожайыны екенін де естен шығармайық. 33 жастағы Моңғолияның мақтанышы Баатарсухийн Чинзоригтің есімі де спортсүйер қауымға етене таныс. Ұланбатырдың тумасы былтыр Ташкентте әлем чемпионы атанып, Ханчжоудағы Азиадада алтын тұғырға көтерілді. Токио Олимпиадасында қола медальді мойнына ілген аустралиялық Гаррисон Гарсайд, соңғы әлем чемпионатында үздік үштікті түйіндеген тәжік Баходур Усмонов пен грузин Лаша Гурули, аталған жарыстың финалында жұдырықтасқан кубалық Эрисланди Альварестің де көздегені – Олимпия ойындарының жүлдесі.
63,5 кг салмақта күш сынасатын өзге боксшылар: Дин Клэнси (Ирландия), Ричард Ковач (Мажарстан), Уайатт Сэнфорд (Канада), Жугурта Айт Бекка (Алжир), Лай Чу-эн (Тайпей), Бунджонг Синсири (Таиланд), Мигель Анхель Рамирес (Мексика), Хесус Кова (Венесуэла), Обада Әл-Касбе (Иордания), Радослав Розенов (Болгария), Ойер Ибаррече (Испания) және Малик Хасанов (Әзербайжан).
Асығың алшысынан түссін, Асланбек!
71 кг салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов жарыс жолына шығады. Орда бұзар 30 жастағы жампоз Олимпиадаға барар сәтті өте ұзақ күтті. Ермек Ертаевтың шәкірті осыдан 10 жыл бұрын өзінің туған қаласы – Таразда жалауы желбірген ел чемпионатында топ жарды. Бірақ ол кездері жартылай орта салмақта басқа жұлдыздар болды. 2016 жылы Рио Олимпиадасында Данияр Елеусінов чемпион атанды. 2021 жылы Токио Олимпиадасында Абылайхан Жүсіпов жұдырықтасты. Есімдері жоғарыда аталған қос саңлақтың көлеңкесінде жүрген Асланбек сол аралықта Азия ойындары мен құрлық біріншілігінде жүлдегерлер қатарына қосылды. Абылайхан кәсіпқой боксқа ауысқаннан кейін Тараздың тарланына даңғыл жол ашылды. Былтыр ол Ташкентте әлем чемпионы атанса, Ханчжоуда Азиаданың қола жүлдесін қанағат тұтты. Негізі оның алтын алатындай жөні бар еді. Алайда әділдікті белден басқан қазылар жартылай финалда Шымбергеновті жапониялық Сэвон Окадзаваға «жығып» берді.
Азия ойындарында Асланбек Шымбергеновтен айласын асырған әлем чемпионы Сэвон Окадзавадан бөлек сары құрлықтың басқа да боксшылары өте қарулы. Мәселен, былтырғы дүниежүзілік додада жеңіс тұғырына көтерілген төрт боксшының үшеуі азиялық еді. Тарқатып айтсақ, өзбек Саиджамшид Джафаров күміспен күптелсе, үндістандық Нишант Дев қолаға қол созды. Бірақ бұл жарыста Өзбекстанның намысын Джафаров емес, 2023 жылы Ташкенттегі әлем чемпионатының ақтық бәсекесінде біздің Дулат Бекбауовтан басым түскен Асадхужа Муйдинхужаев қорғайды. Токиодағы ойындардың қола жүлдегері, ирландиялық Эйдан Уолш, құрлықтық ойындардың жеңімпаздары – даниялық Николай Тертерян мен мексикалық Марко Верде де «өліспей беріспейміз» деп құлшынып отырған көрінеді.
71 кг салмақта күш сынасатын өзге боксшылар: Макаан Траоре (Франция), Тугрулхан Эрдэмир (Түркия), Вахид Абасов (Сербия), Омар Элаведи (Мысыр), Кан Чиа-вэй (Тайпей), Хосе Родригес Тенорио (Эквадор), Шэннан Дейви (Аустралия), Рами Моффид Киван (Болгария), Омари Джонс (АҚШ), Льюис Ричардсон (Ұлыбритания), Зеяд Ишаиш (Иордания), Дамиан Дуркач (Польша).
Нұрбектің қарсыластары – кіл мықты
80 кг салмақта Нұрбек Оралбайдың өнерін тамашалаймыз. 24 жастағы астаналық арлан – былтырғы жылғы әлем чемпионы. Оның Ташкенттегі жұдырықтасу мәнері мен асқан шеберлігіне дүйім жұрт тәнті болды. Алғашқы айналымдардан сүрінбей өткен Нұрбек ширек финалда Азия чемпионы иорданиялық Хуссейн Ишаиш, жартылай финалда Олимпиада мен әлемдік доданың қола жүлдегері, ресейлік Имам Хатаев және финалда Қытайдың намысын қорғаған қазақтың ұлы Тоқтарбек Таңатқанды тізе бүктірді.
Қазіргі уақытта Ишаиш пен Таңатқан Олимпия ойындарына қызу дайындалып жатыр. Жоғарыда айтылған жеңістерден бөлек Нұрбектің бұл жігіттерден жеңілген кезі де жоқ емес. Иорданиялықтан ол 2022 жылғы Азия чемпионатында, Қытайдағы қандасымыздан 2023 жылы Азия ойындарында ұтылды. Жартылай ауыр салмақта жұдырықтасатын жігіттер арасындағы басты жұлдыздар – кубалық Арлен Лопес (Олимпия мен Панамерика ойындарының екі дүркін жеңімпазы, әлем чемпионы), филиппиндік Эумир Марсиаль (Токио Олимпиадасының қола және әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындары мен чемпионатының екі дүркін жүлдегері), украиналық Александр Хижняк (Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем мен Еуропа чемпионы, екі дүркін Еуропа ойындарының жеңімпазы) және италиялық Сальваторе Кавалларо (әлем, құрлық біріншіліктері мен Еуропа ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері).
80 кг салмақта күш сынасатын өзге боксшылар: Габриель Веочич (Хорватия), Мұрад Аллахвердиев (Әзербайжан), Әбделрахман Ораби (Мысыр), Вандерлей Перейра (Бразилия), Каллум Питерс (Аустралия), Каан Айкутсун (Түркия), Тұрабек Хабибуллаев (Өзбекстан), Пилип Акилов (Мажарстан), Кристиан Пиналес (Доминикан Республикасы) және Вирапон Джонгджохо (Таиланд).
Айың оңынан тусын, Айбек!
90 кг салмақта Нұрбектің сыңары – Айбек Оралбай сайысқа түседі. Отандық бокс тарихында бұрын-соңды бір отбасынан шыққан егіз боксшылардың Олимпиада ойындарына қатысқан кезі болмаған. Сол керемет үрдісті ағайынды Оралбайлар бастады. Айбек – 2022 жылғы Азия чемпионы. Оған дейін жөсөспірімдердің Дүниежүзілік Олимпиадасында топ жарып, жастар арасындағы әлем біріншілігінде күміс алды.
Ауыр салмақтағылар арасындағы шоқтығы биік боксшы Хулио Сезар Ла Крус екені анық. Бостандық аралының беткеұстары осыған дейін үш Олимпиадаға қатысты. 2012 жылы Лондонда жолы болмаса, 2016 жылы Рио-де-Жанейро мен 2021 жылы Токиода ол теңдессіз деп танылды. Әлем чемпионатын бес және Панамерика ойындарын төрт рет ұтты. Тамыз айында 35 жасқа толғалы отырған Ла Крус Париж Олимпиадасында да алтын алып, өзінің даңқты отандастары – Теофило Стивенсон мен Феликс Савонның көрсеткішін қайталауға белді бекем буған секілді.
Алапат айқаста Куба қабыланын кім тоқтатуы мүмкін? Ондай дүлей күш иелері де жоқ емес. Ең бірінші кезекте Лорен Альфонсо Домингестің есімі аталады. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы, Еуропа ойындарының жеңімпазы деген дардай атағы бар 29 жастағы жампоздың Әзербайжанның намысын қорғап жүргеніне біраз жылдың жүзі болғанымен, оның шыққан тегі – кубалық. Пиреней түбегінен келетін Энмануэль Рейеске де жанкүйерлердің қошеметі ерекше. 31 жастағы сақа спортшы әр жылдары әлем мен құрлық біріншіліктері, Еуропа ойындарында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Рейес те Бостандық аралында дүниеге келген. Сарапшылардың пайымдауынша, бас жүлде үшін тартыс Кубаның осы үш қабыланының арасында өрбиді. Сондай-ақ италиялық Азиз Аббес Мухидин (әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Еуропа ойындарын мен құрлық чемпионы), бразилиялық Кено Мачадо (әлем чемпионаты мен Панамерика ойындарының күміс жүлдегері, Панамерика чемпионы), өзбекстандық Ләзизбек Мулложонов (әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы), грузиялық Георгий Кушиташвили (әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы) жүледеден үмітті.
92 кг салмақта күш сынасатын өзге боксшылар: Джек Марли (Ирландия), Олайтан Олаоре (Нигерия), Хан Сюэжень (Қытай), Давлат Болтаев (Тәжікстан), Ато Плодзицки-Фаоагали (Самоа), Патрик Браун (Ұлыбритания), Виктор Шелстраете (Бельгия) және Матеуш Бережницкий (Польша).
Намысты қамшыла, Қамшыбек!
+92 кг салмақтың басты фавориті Баходир Жалолов екені даусыз. Бойы екі метрден асатын Өзбекстанның алыбы 2017 жылдан бері өз қатысқан жарыстардың барлығынан бас жүлдемен оралды. Ол – Олимпия ойындарының жеңімпазы, әлемнің екі және Азияның үш дүркін чемпионы. Сәл ертеректе Қамшыбек Қоңқабаев бұл боксшымен тең дәрежеде айқасып жүрген еді. Бірақ кейінгі кездері екеуара жекпе-жекте тек Жалолов қана жеңіске жетеді. Ал Қоңқабаев үнемі қапы қалып жүр. Бұл жағдай психологиялық тұрғыдан қандасымызға біраз қолайсыздық туғызады. Тіптен Баходирды жеңе алатынына Қамшыбектің өзі де сенбейтін секілді. Оған кейінгі жылдары өткен маңызды жарыстарда анық көз жеткізендей болдық.
Жалпы, аса ауыр салмақта Жалолов пен Қоңқабаевтан басқа да мықты жігіттер жетерлік. Олардың қатарына Токио Олимпиадасының қола медалисі, бразилиялық Абнер Тейшейра, әлем чемпионаттарында жүлде алып жүрген әзербайжандық Магаммад Абдуллаев, испаниялық Айюб Гадфа, армениялық Давид Чалоян, құрлықтың басты жарыстарының жеңімпаздары – ұлыбританиялық Делишес Ори, америкалық Джошуа Эдвард, германиялық Нелви Тиафакты айтуға болады.
92 кг салмақта күш сынасатын өзге боксшылар: Мұрад Кади (Алжир), Теремоана Джуниор (Аустралия), Диего Ленци (Италия), Омар Шиха (Норвегия), Джамили-Дини Абуду Моиндзе (Франция), Герлон Конго (Эквадор) және Дмитрий Ловчинский (Украина).
Париж Олимпиадасына ең көп жолдаманы Аустралия құрамасы олжалады. Ерлер мен әйелдерді қос алғанда жасыл құрлықтың 12 былғары қолғап шебері жарыс жолына шығады. Олардан өзбектердің бір лицензиясы кем. Қазақстан, Бразилия және Ирландия 10 жолдамадан еншіледі. Сондай-ақ Париж рингінде күш сынасатындар қатарында АҚШ, Қытай, Франция, Италия, Таиланд, Түркияның – 8, Ұлыбритания, Үндістан, Испания, Тайпейдің – 6, Алжир, Әзербайжан, Болгария, Колумбия, Куба, Филиппин, Польшаның – 5, Мексиканың – 4, Бельгия, Доминикан Республикасы, Эквадор, Мысыр, Мажарстан, Иордания, Марокко, Нигерия, Сербия, Тәжікстан, Украинаның – 3, Канада, Конго, Грузия, Германия, Жапония, Моңғолия, Солтүстік Корея, Норвегия, Пуэрто-Рико, Босқындар командасы, Оңтүстік Корея, Швеция, Венесуэла, Вьетнамның – 2, Армения, Кабо-Верде, Хорватия, Дания, Финляндия, Косово, Қырғызстан, Мозамбик, Нидерланд, Панама, Румыния, Самоа, Словакия, Тунис және Замбияның 1 өкілі бар.