Ахмет Байтұрсынұлы газеттің атауы жайында: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп газетамыздың есімін «Қазақ» қойдық», дейді. Осыдан аңғарғанымыздай, ұлт зиялылары газетті шығаруда ұлттың мүддесін басты орынға қойды. Басылымның таралымы қазақ мекендеген барлық аймаққа жетіп жатты. Тіпті Ресей, Қытай қазақтары да тапсырыс беріп, алдыртып оқыған. Академик Мұхтар Әуезовтің: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын», деген сөзі – осы басылымның ұлт руханияты жолында атқарған еңбегіне берілген шынайы баға.
«Жас Түркістан»
«Жас Түркістан» – Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың бас редакторлығымен 1929-1939 жылдары Францияда, Берлинде жарық көріп, 10 жыл бойы тәуелсіз біртұтас Түркістан идеясы жолында аянбай күрес жүргізген басылым. Елдің егемендігін көксеген журналда көтерілген мәселелер бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан мұратымен өзектес.
Бүкіл түркі жұртымен қоса алдыңғы қатарлы шет мемлекеттер «Жас Түркістан» пікірімен санасып, кеңес одағының ресми билігі оның әр санын қалт жібермей қадағалап отырды. Басылым өзіне басты бағыт етіп ұстанған: «Біз, Түркістан тәуелсіздігін ту етушілер, еліміздің еркі және жұртымыз, Түркістанның бостандығы үшін күресеміз!» деген мұраттарына жету үшін аянбай күресіп, Алаш азаматтарының көкірегіндегі аяулы армандары мен үкілі үміттерін, аманаттарын бүгінгі күнге жеткізді. Сонысымен де құнды.
«Ана тілі»
Республикалық «Ана тілі» газеті тәуелсіздіктің жылымығы есе бастаған 1990 жылы, Ұлыстың ұлы күні наурыздың 22-сінде жарық көрді.
Газет өзі өмірге келген күннен бастап ұлт үшін қасиетті саналатын қазақ тілінің жай-күйін жан-жақты қозғады. Жарылқап Бейсенбайұлының редакторлығымен газет бетінде ұлтқа қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Қазақтың аулы, қазақ мектебі, балабақшасы, қазақ жастары, қазақ ғылымы сынды көптеген тақырып қозғалды. Қандай басылым болсын оқырманымен ордалы. Ұлт мүддесін бірінші орынға қоятын газеттің 90-жылдардағы таралымы 100 мыңнан асып жығылды. Халықтан «ұлт газеті» деген атау алуының өзі де – басылымның дәрежесінің көрсеткіші, халықтың мархабатына бөленгенінің айқын белгісі.