Қоғам • 29 Маусым, 2024

БАҚ өкілдеріне – зор құрмет

251 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елорда төрінде журналистер марапатталды. Мерекеге орай бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы, «Құрмет» ордені, «Шапағат» және «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдары, Президент Алғысы және «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.

БАҚ өкілдеріне – зор құрмет

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Айтулы күнде республиканың түкпір-түкпірінен келген БАҚ саласының қызметкерлері Орталық коммуникация­лар қызметі алаңына жиналды. Алыс-жақыннан жеткен журналистер арқа-жарқа қауышып, амандасып жатты. Мемлекеттік наградаларды Президент кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады.

– Осыдан 5 жыл бұрын Мемлекет басшысы Үкіметке тапсырма беріп, Бұқара­лық ақпарат құралдары қызмет­кер­лерінің арнайы мерекесін бекіткен еді. Содан бері БАҚ қызметкер­лері күні 28 маусымға белгіленіп, өзінің лайық­ты орнын алды. Президент үнемі БАҚ-та шыққан материалдарға назар аударып, газеттерді оқып, теледидарды көріп, сайттарға көз жүгіртіп отырады. Барлығын назарда ұстайды, арнайы тапсырмалар беріп, шешу жолдарын көрсетеді. Сол себепті сіздердің қоғам­дағы орындарыңыз өте зор. Шын мәнін­де «Төртінші билік» атына лайық екен­деріңізді дәлелдеп жүрсіздер. Мемлекет басшысының реформаларын жан-жақ­ты халыққа жеткізуде БАҚ үлкен рөл атқарып отыр, – деді Берік Уәли.

Оның айтуынша, биылғы мереке­нің басты ерекшелігі – мемлекеттік наградалардың дені өңірлерде, нағыз ақпарат алаңында жүрген әріптестерге беріліп жатыр. Министр Аида Балаева журналистер қауымын төл мерекесімен құттықтады.

п

– БАҚ өкілдері – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір. Сондықтан осы мемлекетте тұратын әрбір азамат сіздердің жұмыстарыңызды бағалайды. Өйткені сіздер арқылы қоғамның көптеген өзекті мәселелері айтылады және бұл мемлекеттік органдардың жұмысын жандандырып, жетілдіруге ықпал етеді. Сондықтан осы маңызды еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін. Әрқашан елімізде жақсы жаңалықтар көп болсын. Сіздердің дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді А.Балаева.

Құрмет алдымен журналистика саласының дамуына сүбелі үлес қосқан майталмандарға көрсетілді. «Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері» атағы журналистика зерттеушісі, ғалым, ардагер журналист Құдайберген Тұрсынға, жазушы, публицист, ардагер журна­лист Сәдібек Түгелге, журналистика арда­гері Мақсат Тәжімұратовқа, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­теті журналистика факультетінің аға оқытушысы Ермахан Әбдіраманға берілді.

«Құрмет» ордені «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажанға, Атырау облыстық «Прикаспийская коммуна» қоғамдық-саяси газетінің шолушысы Светлана Новакқа, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры Мұратбек Тоқтағазинге, «Қазақстан» РТРК АҚ бас режиссері Қарлығаш Смағұловаға, «Хабар агенттігі» АҚ ардагер телеоператоры Ағабек Қазанбайға табысталды.

«Ерен еңбегі үшін» медалін «Ontustik» телеарнасы директорының орынбасары – бас редакторы Гүлсара Қуанышбаева, «Хабар» және «24kz» телеарналары Бағдарламалау және эфир тарату бөлімінің шеф-редакторы Андрей Тараков, «El Аrna» телеарнасының режиссері Әсел Игісінова, «Қазақстан», «Ақмола» телеарналарының бұрынғы бас директоры, белгілі журналист Ерлан Атамбай, «Qazcontent» АҚ «Baq.kz» ақпараттық агенттігінің аға шығарушы редакторы Самал Алманова, «Хабар» телеарнасының шығарушы редакторы Болат Кәкібаланов, «Хабар агенттігі» АҚ «El Аrna» телеарнасының аға режис­сері Баян Арыстанова, «Хабар» телеарнасы­ның жаңалықтар бөлімінің басшысы Руслан Оспан, «Хабар» телеарнасының жаңалықтар бөлімінің аға режиссері Құралай Жұмағұлова, «Almaty» телеарнасы бас директорының орынбасары Ильзат Акчурин, «Евразия» телеарнасының шеф-корреспонденті Светлана Пенькова, «24kz» телеарнасының шығарушы редакторы Ербол Бекбаев иеленді. «Abay Live» ютуб-арнасының жүргізушісі Абай Тіленшиевке «Шапағат» медалі бұйырды.

Бірқатар азамат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Алғысхатымен марапатталды. Мерейі үстем болғандардың қатарында Президент Іс басқарушысы орынбасарының көмекшісі Гүлжан Байтанаева, блогер Алмас Шораев, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы режиссерлер бөлімінің бас режиссері Мәрмар Оразбаева, «Халық үні» ақпараттық агенттігінің тілшісі Дәурен Ерболатов, «Informburo.kz» желілік басылымының тілшісі Айгерім Уммат, «Астана қаласы коммуникация қызметі» МКК басшысы Абзал Досыман, «Astana» телеарнасы Бағдарламалар және анонстар дайындау қызметінің жетекшісі Дастан Сапашев бар.

Салтанатты іс-шарада отандық БАҚ-тың қалыптасуына атсалысқан ардагер журналист Тұрсынхан Толқынбайұлына, қаламды қару еткен журналистермен қатар, тәжірибелі мамандар «ЭРА» телекомпаниясы» ЖШС бас есепшісі Клара Тұрсынбаеваға және «Egemen Qazaqstan» газетінің электрондық байланыс операторы Ләззат Нұрпейісоваға «Еңбек ардагері» медалі тапсырылды.

– «Egemen Qazaqstan» газетіне алғаш осыдан 22 жыл бұрын, 39 жасымда аяқ бастым. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерімен біте қайнаса, табанды жұмыс істеп келеміз. Жаһандану дәуірінде мағыналы әрі мазмұнды мақала­лар арқылы ұлттың рухын асқақ­татып, бұқараға елдік мұраттарды дәріп­теп, бірлік пен берекені насихаттауда атсалысып жүрген әріптестерімді төл мерекесімен құттықтаймын, – деді Ләззат Нұрпейісова.

«Ақпарат саласының үздігі» төсбелгі­сін «Қазақстан» РТРК АҚ Дижитал департаментінің интернет-редакция жетекшісі Жәния Орашева, «Qazsport» телеар­насының бағдарламалық қызметі­нің бағдарламалар директоры Шырын Сүлейменова, «Хабар агенттігі» АҚ «24kz» телеарнасының директоры Жасын Біркенов, «Хабар агенттігі» АҚ Өндірістік орталығы бейнемонтаждау бөлімінің монтаждау инженері Дулат Ентебеков, «Еуразия+ОРТ» ЖШС ақпараттық-сараптамалық және қоғамдық-саяси бағдарламалар дирекциясының тілшісі Гүлнәзия Зарипова, «Астана қаласы теледидары» ЖШС бағдарлама директоры Әсел Нүкішева, «Qazcontent» АҚ «El.kz» ақпараттық агенттігінің бас редакторының орынбасары Рүстем Омаров, «Казахстанская правда» газетінің бет қаттау операторы Ольга Драка, Талдау және ақпарат орталығы Республикалық БАҚ мониторингі басқармасының басшысы Ерқанат Мырзахметов, «Қазмедиа орталығы» басқарушы компаниясы» ЖШС Ақпараттық-студиялық кешенінің пайдалану бөлімінің жетекші инженері Арман Қаркенов алды.

Сондай-ақ журналистердің кәсіби мерекесіне орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары қызмет­керіне пәтер кілті табысталды.

«Dara» президенттік бастамалар қорының ұйымдастыруымен өткен іс-шарада масс-медиа саласының қызмет­керлеріне пәтер сертификаттарын Президент кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және «Dara» қорының президенті Әсел Шілдебаева салтанатты түрде табыс етті.

Берік Уәли Мемлекет басшысының БАҚ саласын дамытуға айрықша мән бе­ретінін айта келіп, қуаныш иелерін жаңа қонысымен құттықтады. «Президенттің тапсырмасымен жыл сайын журналис­терге баспана беру дәстүрге айналды. Ең бастысы, пәтер кілттері еліміздің дамуына, Мемлекет басшысы жүргізіп отыр­ған реформаларды халыққа жет­кізуге елеулі үлес қосып келе жатқан БАҚ өкілдеріне тапсырылды. Соның ішінде баспана шын мәнінде мұқтаж жандарға беріліп отыр. Атап айтқанда, 21 пәтер көпбалалы отбасына, 5 пәтер жалғызбасты аналарға берілді. Сонымен қатар отбасын­да мүм­кіндігі шектеулі баласы немесе жұ­байы бар 11 азамат бас­паналы болды. Пәтер алған БАҚ саласы қызметкерлерінің ара­сында 6 отбасы осы уақытқа дейін жатақ­хана­да тұрып келген. Бұл игі дәстүр алдағы уақыт­та да жалғасын табады. Бір отбасы баспаналы болса, қуанып, халықтан сүйінші сұрайтын журналистердің үйлі болуы – өте қуанышты жағдай», деді Берік Уәли.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекет әлеуметтік жобаларды толығымен қолдайтынын атап өтті. «Мемлекет басшысы тұрғын үй мәсе­лесіне көп көңіл бөледі. Қолжетімді бас­пана бойынша түрлі әлеуметтік жобалардан басқа, Қазақстанның бір миллион үш жүз мыңнан астам азаматы тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін, жалпы үш триллион теңгеден астам зейнетақы жинағын пайдаланғанын да атап өткен жөн. Бұл мемлекеттің өз азаматтарына жердем беруінің теңдессіз тетігі», деді министр.

Былтыр Мемлекет басшысының атынан БАҚ қызметкерлеріне 1 және 2 бөлмелі 65 пәтер берілген болса, биыл 67 пәтер үлестірілді. Оның ішінде 13 баспана 3 бөлмелі, 45-і – екі бөлмелі, 9-ы – бір бөлмелі пәтерлер.

Кәсіби мереке күні қуанышқа кенелген масс-медиа өкілдері арасында газетіміздің де 6 қызметкері бар. Олар –  журналистер Абай Аймағамбет, Батыр­хан Сәрсенхан, Жәнібек Әлиман, дизай­нер Зәуреш Нұғыманова, «Egemen.kz» интер­нет-басылым жетекшісі Динар Керім, редакция қызметкері Бақытжамал Қайыпжанова.