Заңды қарау барысында Парламент депутаттары екі жүзден астам өзгеріс пен толықтыру енгізуді ұсынды. Бұқаралық ақпарат құралдарына бұрын баспа басылымдары, телеарналар, радиостансалар, ақпараттық агенттіктер, оның ішінде интернетте ақпарат тарататындар, сондай-ақ интернет-басылымдар ғана тіркелген, бірақ ерікті негізде болды. Өйткені заңда олар үшін міндетті тіркеу қарастырылмаған.
Осыдан ширек ғасыр бұрын енгізілген салалық заң интернет жоқ, қарабайыр кезеңде қабылданған. Содан бері интернет-басылымдар жетекші рөлге ие болды, бірақ заңда тіпті мұндай түсінік те болған жоқ. Сондықтан тек БАҚ емес, жалпы масс-медиа саласына бағытталған заман талабына сай құжат қабылданды.
Қазақстан медиасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін заңнамалық тұрғыдан қолдау қажеттілігі бұған дейін үнемі айтылып келді. Президенттің тапсырмасына сәйкес жаңа заң жобасы қолға алынып, екі жылдан аса талқыланды. Құжатты талқылауға еліміздегі барлық қоғамдық және кәсіби халықаралық ұйым өкілдері де қатысты. Олардың тарапынан айтылған көп ұсыныс ескерілді. Әсіресе қазақтілді БАҚ-қа үлкен қолдау болатын баптар енгізілді. Яғни қазақша контентті көбейту, отандық теле, аудио, интернет өнімдердің сапалы әрі бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында тақырыптық гранттар бөлуге байланысты ұсыныстар бар. Сондай-ақ БАҚ-тың жедел ақпарат алуына қатысты сын-пікір жиі айтылады. Әсіресе журналистердің ресми сауалына берілетін жауаптың ұзаққа созылып кететінін әріптестер тарапынан жылдар бойы «жыр» болғаны рас. Сондықтан енді заңға сәйкес мемлекеттік органдардың ресми сауалға жауап беру мерзімі 7-ден 5 күнге дейін қысқартылды. Бұл жай ғана статистикалық ақпарат емес, журналистердің сараптамалық, талдамалық, зерттеу мақалалар жазуға негіз болатын қомақты мәліметтер екенін ескеру керек. Өйткені талдаманы қажет етпейтін, жедел ақпараттар әдетте баспасөз қызметі арқылы жедел таратылып жатады. Қазір барлық мемлекеттік орган ақпарат құралдарының сұрауына жауапты жедел беруге мүдделі екенін көріп отырмыз.
Отандық БАҚ-тың қоғамдағы беделі ТМД елдерімен салыстырғанда ең прогрессивті, бәсекеге қабілетті деп айтуға болады. Технология, ақпаратты жеткізуі, кәсібилігі жағынан көш алда келе жатыр. Сол үшін отандық журналистиканың беделі жоғары деп айтар едім. Тіпті өзіміз қызыға қарайтын кейбір Еуропа елдеріндегі әріптестермен салыстырсақ, біздің ақпарат құралдары мен журналистердің кәсібилігі кем емес. Салаға қатысты соңғы қабылданған заңымыз да журналистердің барынша батыл зерттеу жүргізіп, талдау мақала жазуына бет бұруына мүмкіндік береді. Жылдар бойы бұқаралық ақпарат беттерінде біржақты пікір айтылып келді. Ойын-сауық бағдарламаларына басымдық берілгені рас. Алайда ендігі жерде технологияға, білім мен ғылымға бет бұратын кез келді. Заманның ағысына сай отандық журналистика да өз жүрісінен жаңылмай, жасампаз елді алға сүйреуге күш салады деген сенімдеміз. Өйткені әлемде де, елімізде ақпараттық майдан үздіксіз үдеп жатыр. Сондықтан ақпарат майданында кәсіби журналистерге артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру жөніндегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда шегелеп айтты. Мемлекет басшысының басты мұратын жүзеге асыруға ден қоя отырып, журналистер ұлт пен ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық құндылықтардың орнығуына айрықша мән беру маңызды.
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,
Сенат депутаты