Фото: dknews.kz
Елордалық жастарға арналған басқосуға Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы ұйытқы болды.
«Бұл кездесу Журналистер күніне орай өтіп жатыр. Халықтың тіршілігінен, әлеуметтік әл-ауқатынан, руханияты мен қоғам тынысынан хабар таратып, қалам сермеп жүргеніме, міне 25 жыл толды. Әлі де білім-білігімді шыңдап келемін. Таяуда ғана Германияда әлемнің түкпір-түкпірінен келген журналистермен тәжірибе алмастық. Кездесуде қазіргі журналистиканың әлеуеті мен медиадағы трендтерді, ақпарат таратудағы заманауи қағидаттарды талқыладық. Әсіресе қатысушылармен жасанды интеллектінің мүмкіндіктері туралы ой бөлістім», дейді Махаббат Есен.
2020 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Jastar talks» жобасының басты мақсаты – түрлі саланың үздік өкілдерімен пікір алысып, тәжірибе алмасу. Спикер ретінде жастарды ынталандыру үшін елімізге танымал спортшылар, блогерлер, медиа тұлғалар және тағы басқалары шақырылады.
«Іс-шара танымдық емес, мотивациялық бағытта болды. Спикер өз мамандығының қыр-сырын түсіндірді. Жастардың болашақ жұмысы туралы түсінігі болуы және олардың қай жерде дамығысы келетінін алдын ала анықтау маңызды екені айтылды. Бұған дейін мен Мәжіліс депутатымен саяси сала туралы әңгімелеген кездесулерге қатыстым», дейді «Астана жастары» еріктісі Федор Ермоленко.