Руханият • 28 Маусым, 2024

Жазба жанрдың жауынгері

421 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өзгенің өмір жолына өрнек­ті із тастап, өзіндік қол­таңба­сын қалдыратын айрық­ша бір адамдар болады. Ондай жанға менің өмі­рім­нен де орын табылды. Егер сол азамат мені сөз өнеріне қарай сүйрелемесе, машығы мол журналистиканы маңайламас та ма едім, кім білсін? Қиырдағы ауылда қазақ тілі мен әде­биетінен сабақ беріп қалып қояр ма едім деп те ойлаймын...
Иә, біздер қатар оқып, қа­тар қанаттандық. Ол азамат бүгінде журналистика саласында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан бірнеше кітаптың авторы, талантты журналист, қарымды қаламгер Ерлібай Қадырбай болатын...

Жазба жанрдың жауынгері

Елібайдан Ерлібайға дейін

Бір қызығы, Ерлібай деген есімді көп ести бермейсіз. Сирек ұшырасатыны сон­шалық, кейбіреулер көпке дейін оның атын жаттай алмай әлек болатын. Ерекең дүние есігін ашқан жылы Қадырбаев­тар әулеті басқа ауылға қоныс аударады. Ию-қию көші-қонның кезінде шыр ете қалған шақалақты алдымен Көшербай қойсақ деп ұйғарыпты үлкендер. Арты­нан ақылдаса келе елі бай болсын деген ырыммен Елібай деп атауды құп көреді. Ал баласының туу туралы куәлігін алуға барған алтын құрсақты Әден анамыз Елібай деген есімді ұмытып қалып, нобайы осыған келеді-ау деп, аузына түскен Ерлібайды жазғызып жіберіпті. Содан Ерекең 10 баланың тоғызыншысы болып өсіп жетіледі. Ал Ерлібайдың әкесі Өзбекбай ақсақал сол өлкеде алғаш болып кеңес дәуірінің керемет те қуатты техникасы саналған К-700-ді тізгіндеген механизатор ретінде тарих беттерінде қалған екен. Міне, осындай ортадан шыққан Ерекең бала күнінен шығармашылыққа біртабан жақын болып өседі...

 

Еп-септі Ерекең

Ол өмірге бейім еді. Адамдармен тез тіл табысып, шүйіркелесе кететін. Бізді таныстырған – С.Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогика­лық институтының (қазіргі Л.Н.Гумилев атын­дағы ЕҰУ) филология факультеті. Бір топта білім алдық. Қаптаған қыздың ор­тасында талаптанып түскен төрт жігіт едік. Оқуды сол қыздармен екеуміз ғана бітіріп шықтық. Екеуміздің де ең алғашқы еңбек жолымыз Ақмола қалалық «Ақмола ақиқаты» газетінен (қазіргі «Астана ақшамы») бастау алды. Анау-мынау шаруаға еп-септі келетін Ерекең төртінші курсты тәмамдап, жұрт жапа-тармағай жазғы каникулға кеткенде, жұ­мысқа тұрып үлгеріпті. Қолында қара-көк куәлігі бар қалалық газеттің біл­дей бір тілшісі. Кейін қатарына мені де қосты. Екеулеп қалалық газеттің ортасы­нан «Армандастар» деп аталатын жас­тар бетін шығарып жүрдік. Сол кездегі ағаларымыздың бағалауынша, тәп-тәуір дүние жасаған сияқтымыз. Макеттен хабарымыз болмаса да, мектепте сызудан жаман болғанымыз жоқ еді. Соның біраз пайдасы тиді-ау. Жасалатын беттің макетін де, дизайнын да, шапкасы мен суреттерін де өзіміз ойластыратынбыз. Қиыннан қиып қиюластыратынбыз. Кейін дәл осы машықтың көп көмегі тигенін де несіне жасырайық...

 

Ержүрек бір бала...

Кей-кейде журналиске батыл­дық та керек болады екен. Жарық күннің жартысын студент, қалған жартысын жұмыста өткізіп жүрген «жартыставкалық» шағымыз. Жатақха­нада болған әлдебір келеңсіз жағ­дайды қалалық газетке жариялап жіберіп, Ерекеңнің басына қара бұлт үйірілгені бар-тын. «Жалған ақпарат жарияладың» деп сол кездегі деканымыз да жас тілшінің ізіне майшам алып түспекші болған. «Алыптармен айқастың» авторын сол кездегі редакторымыз Кенже Жұмағұлов ағамыздың өзі қорғап алып шықты. Тұңғыш редакторымыздың табандылығына сол жолы тәнті болдық. Одан кейінгі талай кезеңдерде де Кенже ағамыз қанатын жайып, қызғыштай қорғай алатындығымен ерекшеленді. Ал осыдан кейін біздің жатақханаға жасалған жағдайды көрсеңіз. Қараңғы дәліздерге шамдар орнады, терезелерге перделер ілінді. Сөйтіп, Ерекең әлеуметтік желісіз-ақ бір-ақ күнде ер атанып кете бар-ды. Шыны керек, ол шымбайға батса да, шырқыратып тұрып шындықты жазатын. Одан кейін де Ерекең қанша мәселені майын тамыза жеткізіп, оны ел-жұрттың пайдасына шешіп, қамыққандардың ыс­тық ықыласына бөленіп жүрді...

 

Мұқалмаған қалам

Содан жылға жуық журналист атанып, қолымызға дипломымыз тиген соң, әскерге барып, Отан алдындағы борышымызды бірыңғайлап келейік деп, өзіміз сұранып, сарбаздыққа аттандық. Әскерде жүріп суықтап, өкпесін науқастап алған Ерекең келген соң, жұмысқа онша жараңқырамай, емделу үшін елге тартты. Анасы саумал беріп, сауықтырып та алыпты. Қарап жатпайын деп ауылдағы мектепте мұғалімдік қызметке тұрған. Тәжірибелі аға-апайларынан көп нәрсені үйренген. Ол жерде де абыройсыз болмапты. Күн өткен сайын машақаты мол мұғалімдік қызметтің де қыр-сырын меңгеріп, айналдырған аз уақыттың ішінде білікті ұстаздардың бірінен саналады. Тәрбиесі төмен, оқу үлгерімі орташа сыныптарды сүйрелеп жүріп топқа қосты. Бірақ бәрібір аңсары Астанаға қарай ауа береді. Мұқалмаған қалам құдіреті қойсын ба? Ол жүрек қалауын қайта жағуға көп ниеттенді. Облыстық, аудандық газет-журналдармен тығыз байланыс орнатты. Шыжығы мен қызығы қатар жүретін шығармашылық­қа шындап кірісті. Ең бастысы, сөзге ол ­бер­ген сертін сатқан жоқ...

 

Ала таңдағы ақ тілек

Не керек, Алланның бұйыртқан бір күнінде Ерекең де аңсап жүрген Аста­насына жетті-ау, әйтеуір. Бір барып барлап қайтайын деп шешсе керек. Әрі «Аста­наға жалғыз жібере алмаймын, жұ­бың­мен кетуге тиіссің» деген ана тілегіне де қиянат жасағысы жоқ. Содан екеуміз өткен-кеткенді айтып түннің бір уағына шейін отырыңқырап қалыппыз. Ол кезде жұмыс берген бір бөлмелі жатақханада тұратынбыз. Таң енді қылаң бере бастағанда өзімнен-өзім оянып кеттім. Төрге қарасам, салулы төсек бос жатыр. Ерекең жоқ орнында. «Ойбай-ау, ол қайда кетіп қалды екен? Ерекеңнің ондайы жоқ еді ғой...» деп шарқ ұрып іздей бастадым. Сөйтсем, жоғары қабаттағы ортақ холдың терезесін айқара ашып тастап, өзімен өзі мәз-мейрам кейіпте терезенің алдында отыр. «Бұның не?» десем. Ойбай үндеме, мен Астананың ақ таңын қарсы алып отырмын» деп күлімсірейді. Сөйтсем, Ерекең бауыр басып қалған шаһарына деген сағынышынан айыға аламай отыр екен ғой. Сол сәтте небір жақсы тілек тіленсе керек, ордасына отбасымен оралды. Сөйтіп, елмен бірге елорданың төріне көшіп келіп, екінші мәрте қазық қағып тұрақтады. Сүйген жары Фатима екеуі осы жерде ұрпақ сүйіп, өсіп-өнді...

 

Қадырбайдың қолтаңбасы

Талғат Батырхан ағамның айтатыны бар еді, «Ыңғайына келген допты қай аяғымен де тебе беруге машықтанған футболшы­лар болады» деп, сол дегендей біздің Ере­кең де жазу десең жазуға бейім, сызу десең одан да қара жаяу емес. Соның арқасын­да шығар жауапты хатшы, бас редактор­дың орынбасары деген қызметтерге дейін өсті. Түрлі редакцияда қызмет жасады. Бұл күн­дері Қорғаныс министрлігіне қарас­ты «Сар­баз» газетінің шығарушы редакторы. Өз ісіне адал, шығармашыл, жұмыс­тың шынайы шебері. Беттеу, хаттау, бейнені ­монтаждау жұмыстарын да тәп-тәуір меңгеріп алған. Бизнеске де бейімі бар. Құрылыс саласын да хоббиіне айналдырып үлгерген. Соның арасында бес кітабын шығарып үлгерді. «Журналист» деп аталатын кейін­гі туындысының тұсауы осы төл мереке­міз­дің қарсаңында ғана кесілген еді. Әлеу­мет­тік желіде де әліне қарап әңгіме айтады. Ұтымды оймен ұлттың ұпайын түген­деуге келгенде «өліспей-беріспейді». Мұны­сын бағалаған талай мықты өзімен арнайы келіп танысып жататын. Ер жасы елуге толып жатқан Ерекеңнің осындай елгезек­тігі мен қай шаруаға да еп-септілігі талай ­елге барынша үлгі болатындай-ақ еді...