фото: qazaly.kz
Мәселен, жуырда Шымкент қалалық прокуратурасының наразылығымен мемлекетке 263 млн теңгеден астам қаржы қайтарылды. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен «Teмір-Металл оптом» ЖШС-ға қатысты салықтық тексеру актісін және тексеру нәтижесі туралы хабарламаны жою туралы әкімшілік талап қанағаттандырылмады.
Мемлекеттік кірістер департаменті салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді дұрыс есептеу және уақтылы төлеу мәселесі бойынша ЖШС-ға қатысты салықтық құжаттамалық тексеру тағайындаған. Тексеру қорытындысымен хабарлама беріліп, оған сәйкес қосымша 263 млн теңге есептелген.
Департаменттің хабарламасы ЖШС-ның ресми құжат айналымы арқылы сенімсіз жеткізушілермен мәмілелер бойынша шығыстары салық салынатын табыстан шегерімге жатқызылатындығына негізделген. ЖШС бұл сот шешімімен келіспей, апелляциялық сотқа шағым түсірген.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарыла отырып, бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылған.
Апелляциялық сатыдағы соттың материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбауына байланысты қала прокуратурасы кассациялық өтінішхат енгізіп, мемлекеттің мүддесін қорғады. Сонымен қатар елімізде «Бизнеске жол» жобасы аясында 37 мыңнан астам кәсіпкердің құқы қорғалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Бизнеске жол» жобасын іске асырып, шағын және орта бизнестің нақты мәселелерін шешуге атсалысып келеді.
Жоба іске қосылған сәттен бастап 37 мыңнан астам кәсіпкердің құқы қорғалып, 768 проблемалық кейс шешілді. Биылдың өзінде 7 мыңнан астам кәсіпкер 83 кейс бойынша жоба аясында көмек алды.
Мәселен, Түркістан облысында фермерлер үшін суармалы судың бағасын көтерген делдалдық фирмалардың қызметі тоқтатылды. Енді су жеткізуші («Қазсушар» ШЖҚ РМК) шаруашылықтармен тікелей шарттар жасасады, бұл бағаны 2 есе (1 мың текше метр үшін 766 теңгеден 421 теңгеге дейін) төмендетті.
Жетісу облысында ақшаның болмауы себебінен шарттарды ұзартпаған 275 мектеп тамақтандырушысының құқы қорғалды. Әкімдік бөлінген қаражатты басқа бағытқа аударған. Салдарынан кәсіпкерлер 2 ай ішінде балаларды өз есебінен тамақтандыруға мәжбүр болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысымен қаржыландыру қалпына келтіріліп, шарттар ұзартылды.
Жоба аясында кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактілерінің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылады. Мұндай әрекеттер үшін сот шешімі немесе қадағалау органының оларды заңсыз деп тану туралы актісі шығарылған жағдайда туындайтын әкімшілік жауапкершілік көзделген.