Биыл сәуір айында су тасқынына байланысты Ақтоғай ауданының Жалаулы аулында төтенше жағдай жарияланған еді. Елді мекендегі 14 үйді су басып, кейін су тасқыны кезінде зардап шеккен және комиссияның шешімімен тұруға жарамсыз деп танылған бес баспана анықталды. Олардың орнына жаңа құрылыстар салына бастағаны туралы бұған дейін газет бетінде жазған болатынбыз.
Жалаулы аулының жұрты өткен жексенбі күні тайлы-таяғы қалмай баспана тойына жиналды. Үйлері тасқыннан зардап шеккен бес отбасыға жаңадан салынған сапалы үйлер пайдалануға берілді. «Ақтоғай-Агро» ЖШС баспаналарды 3 айға жуық уақыттың ішінде аяқтап үлгерді. Абай көшесіндегі дөңестеу тұста пайда болған жаңа ғимараттар жайлы әрі сырт келбеті әсем етіп тұрғызылған.
«Биыл облысымыз бірнеше төтенше жағдайға тап болды. Әсіресе көктемгі су тасқыны елді мекендерімізге аз шығын әкелген жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық зардап шегушілерге көмектесуді тапсырған болатын. Біз ауылдық жерлердің тұрғындарына жан-жақты көмек көрсетуге барлық күш-жігерімізді шоғырландырдық. Жалаулы аулы тұрғындарымен бұған дейінгі кездесуде қатты уайымдаудың қажеті жоқ екенін айтып, аз уақыттың ішінде барлығын ретке келтіреміз деп уәде еткенмін. Ауыл жұртына төтеннен келген апаттың салдарына мойынсұнбай, қиындықтарға төтеп бергені үшін, ал өңіріміздің өзге азаматтарына көрсеткен көмектері мен демеушіліктері үшін алғыс айтамын. Жаңа үйлерге қоныстанған шаңырақтардың ырыс-берекесі арта берсін», деді баспаналардың кілтін табыстау салтанатында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Сондай-ақ аймақ басшысы демеушілік көрсеткен ERG тобы мен «Павлодарэнерго» АҚ-ға, сапалы үйлерді салған жергілікті «Ақтоғай-Агро» ЖШС құрылыс компаниясына алғысын білдірді.
Қоныстойының құрметіне бұл күні ауылда облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы мен И.Байзақов атындағы облыстық филармония әртістері концерт ұйымдастырды. Сондай-ақ ұлттық ойындар ойналып, балаларға арналған ойын-сауықтық іс-шаралар өтті. Павлодар облысының құрметті азаматы, мәдениет саласының ардагері Бейсенбі Мұқажанов Ақтоғай ауданы тұрғындарының атынан алғыс ретінде арнау айтты.
Жаңа баспанаға ие болғандардың бірі – аталған ауылдың тұрғыны Серік Ахметов. «Бүгін өз баспанамыздың кілтін алып, қуанышқа кенеліп жатырмыз. Құрылыс жұмысы жүргізіліп жатқанда келіп бақылап жүрдік. Жақсы салынды деп ойлаймын, өзіме ұнады. Үй кең әрі ыңғайлы жерде орналасқан. Жұбайым екеуіміз төрт ұл тәрбиелеп отырмыз. Жеті немерем бар. Жаңа баспанамызда үш ұлымызбен тұратын боламыз. Басымызға түскен қиын жағдайда көмекке келген барша азаматтарға, облыс, аудан, ауыл әкімдеріне рахмет айтамын. Көрген бейнетіміздің бәрі артта қалсын. Келешекте мұндай жағдай елімізге келмесін», деді отағасы.
Сматаев, Байманов, Муллин, Дайырбеков отбасы – көпбалалы шаңырақтар, Күміс алқа иелері. Аталған отбасылардың үйлері су тасқынынан соң жарамсыз болып танылған. Светлана Муллина су астында қалған үйде бала кезінен тұрып келгенін айтады. Қамыстан салынған ескі баспана 1985 жылы болған су тасқынына да шыдас берген екен. Биыл көктемде қарғын су ғимаратты тағы шайып, бұл жолы ол тұруға мүлде жарамсыз болған.
«Өмірімде екі мәрте көктемгі су тасқынына куә болдым. Ең қорқынышты апат 1985 жылы болып, адамдар ауыл ішінде қайықпен жүзіп жүрді. Құдайға шүкір, биыл барлығы аман-есен аяқталды. Су біздің ауылға 29 мамыр күні түн ортасында кірді. Биіктігі жарты метрге жететін суды көріп, алғашында қатты қорыққанымыз рас. Қайда барарымызды, үйден қандай затты алып кетерімізді білмей састық. Айналаның барлығы суға толғандықтан, қайда барып тұрақтарымызды да білмедік. Үйдегі заттардың барлығы бүлінді», деп еске алды Светлана сол түнгі қорқынышты апатты. Ананың алты баласы бар, жаңа үйге ол екі ұлымен бірге қоныстанды.
Атап өтейік, аталған баспаналарды облыстық әкімдікпен жасалған меморандум аясында ERG компаниясы өз қаражатына салып шықты. Құрылысына 100 млн теңге бөлінді. Демеушілер, соның ішінде депутаттар ауыл тұрғындарына тоңазытқыш, теледидар, салқындатқыш, ас плитасы және өзге үйге қажет техникаларды сатып алып берді. Құрылысты салған «Ақтоғай-Агро» ЖШС барлық үйдің сапасына өмір бойына кепілдік беріп отыр. Әр үйдің аумағы – 102 шаршы метр, ғимараттардың әрқайсына 200 шаршы метрді жылытуға қабілетті қазандықтар орнатылған. Мердігер фирманың басшысы Александр Терентьев жобалық-сметалық құжатта көрсетілгеннің барлығын қамтыдық дейді. Баспаналарға ауыз су, кәріз жүйелері, электр желілері тартылып, әр үйдің ауласында ауыз су скважиналары қазылды. Орталық су жүйесінде мәселе туындай қалған жағдайда тұрғындар әлгі скважиналарды пайдалана алады.
«Өзім Ақтоғай ауданының тумасы болғандықтан, әрі анам осы өңірде тұратындықтан, бұл жоба мен үшін бизнес емес, әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан маңызды болды. Үйлер сәулеттік тұрғыдан әдемі, ал ішкі бөлмелері отбасы мүшелері үшін жайлы болуы ескерілді», дейді кәсіпкер.
Облыс әкімдігінен мәлім еткендей, алдағы уақытта Жалаулы ауылына тасқын су қауіп төндірмеуі үшін салынып жатқан әрқайсысы 200 мың текше метр болатын үш қазаншұңқырдың құрылысы аяқталып қалған. Ауыл тұрғындары мен төрт түлікке қауіпсіз болуы үшін жасанды су қоймаларының айналасы қоршалмақ. Нысандар шілде айының соңында толық аяқталады деп күтіліп отыр.
Павлодар облысы,
Ақтоғай ауданы,
Жалаулы аулы