21 Қаңтар, 2015

Ресейдегі қазақ батырлары

636 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
женис-70Жеңістің 70 жылдығы жақындаған сайын ойымызға бір оқиғаның оқтын-оқтын орала бергені бар. Ол осы тақырыпқа байланысты сонау 60-шы жылдардағы «Лениншіл жас» газетінде жылт ете түскен жаңалық еді. Иә.., иә... Есімізде. Жеңістің 20 жылдығы қарсаңы-тын. Басылым республикамыздағы Ұлы Отан соғысына қатысушыларды үзбей жазып көрсетумен бірге, Қазақстаннан тыс жерлердегі қандас майдангерлерді қамтуға да жақсы қадам жасады. Соның нәтижесінде ел-жұрт 1941-1945 жылдардағы Белоруссия мен Украина, Молдавия мен Прибалтикадағы шайқастарда ерлік көрсеткен қандастарымыз туралы естіп білді. Оған қол жеткізген нәрсе сол республикаларға арнайы барып, жерлестеріміз жөніндегі архив материалдарымен танысудан соң өмірге келген журналист Тельман Жанұзақовтың «Қаһармандар» атты очерктер циклы мен жазушы Қалаубек Тұрсынқұловтың «Алыста қалған ағалар» мақалалар сериясы және өлкетанушы Әбдірахман Өміржановтың «Тас тақтадағы тізімдер» туындысы болатын. Осыдан кейін жоғарыдағыдай ұмтылыс қазақ баспасөзінде қайта байқала қоймады. Ал егер сол үрдіс жалғасын тауып, өз арнасын кеңейткен жағдайда жазылатын да, табылатын да тың тақырыптар көп еді. Неге десеңіз, Ұлы Отан соғысында Ресейдің Қазақстанмен шектесетін Астрахань, Орынбор, Омбы, Новосібір облыстарында жасақталған әскери құрамаларда біздің қандастарымыз мол болған. Бұған 1942 жылы РСФСР-дің Оңтүстік Урал өңірінде құрылған 190-шы дивизия командирі генерал-майор П.А.Артемьевтің: «Мұндағы жауынгерлік құрамның 80 пайызы қазақтар еді», – деген бір сөзінің өзі анық дәлел. Өкінішке қарай, осыдан 74 жыл бұрынғы қан-қасап соғысқа Ресей жерінен аттанған сол ата-әкелеріміздің өмірін біз білмейміз. Тағдырларынан хабарсызбыз. Ерліктерінен естелік жоқ. Олай болса, жақындап келе жатқан Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында неге осы іске кіріспеске? 60-шы жылдардағы қаламгер ағаларымыз секілді неге жоғарыдағы айтылған жерлерге барып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізбеске? Осындай оймен, құрметті оқырман, таяуда біз көрші елдің өз жерімізбен шектесетін өңірлеріне сапарға шыққан едік. Алғашқы әңгіме Ұлы Отан соғысына Ресейдің Омбы облысынан аттанған қазақтар туралы болмақ. 4 китап
  1. Есіл ерлер-ай!..
Омбы қаласына келіп, «Сібір» қонақүйіне орналасқаннан кейін: «Жұмысты А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханаға кіруден бас­та­ғаныңыз жөн шығар», – деп ақыл-кеңес берді бізге мұндағы «Мөлдір» қазақ мәдени қоғамының директоры Алтынай Жүнісова. – «Себебі, сіздің осындай дүниелер қажет-ау деп әнеу күні электронды поштамен жіберген тізіміңіздегі анықтама кітаптарыңыздың бәріне тапсырыс беріп қойғанбыз. Уақыт өткізбей соларды бір қарап шығыңыз. Қалғанын кейін көре жатармыз». Содан көп уақыт өтпей біз Алты­най айтқан кітапхананың үшінші қабатындағы оқу залында отырдық. Тапсырыс бергендеріміздің ішіндегі алғашқы қолға алып көруге тиіс дүниеміз «Омская правда» газетінің 1941-1945 жылдардағы тігіндісі болатын. Содан кейінгі ойға алған кітабымыз Омбы облыстық соғыс ардагерлері кеңесінің бастамасымен 1995-2010 жылдар аралығында жарық көрген 7 томдық «Солдаты Победы» жинағы еді. Соларға қол соза бергенімізде, көзімізге «Омский казахский краеведческий справочник» деген шағын кітапша түсті. Жинақ 2001 жылы осы қаладағы «Полиграфический центр» жеке кәсіпорнынан жарық көріпті. Авторы Игілік Тұрсынов деген қан­дасымыз екен. Мұқабаның ішкі бе­тіндегі тіркеу нөмірі соғылған кітапхана мөрі жанында анықтамалық иесінің: «Моей любимой библиотеке. Июль. 2005 г.» деген қолтаңбасы тұр. «Өзі қазақтар, оның ішінде осы өңірдегі белгілі қандастарымыз туралы болса, неге оқып, танысып көрмеске? Мүмкін осы жерден Ұлы Отан соғысына қатысқан ата-әкелеріміз туралы деректер кездесіп қалар?» – деген оймен жинақты қолға алып қарай бастадық. Міне, қызық! «Бір жоқты бір жоқ із­деп табады» дегендей, Игілік Тұр­сы­нов­тың біз сөз етіп отырған анық­тамалығы­нан көптеген Ұлы Отан соғы­сына қатысушылардың қысқаша өмір­баяны шыға келді. Авторға рахметімізді айта оты­­рып, оқырмандарға солардың ішін­­дегі ең атақтыларын таныстыруға көшейік. Алғашқы әңгімені өзінің жанқиярлық ерлігімен көзге түсіп, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған ұшқыш-радист Төлеу Сәрсенбаевтан бастайық. Ол 1921 жылы Омбы өңіріндегі Нововор­шавский ауданының Қараман ауылында туған. 1939 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылады. Иркутск қаласындағы ұшқыштар училищесінде оқып, 1942 жылы майданға жіберіледі. Кеңес Ода­ғының Батыры М.М.Воронковтың авиаэскадрильясында қызмет еткен қандасымыз ауылда қалған Қайролла деген інісіне: «Өртенген ұшақты жерге қондырып, әрең дегенде аман қалдық», деп бір рет хат жазыпты. 1943 жылғы кезекті әскери тапсырманы орындау үшін әуеге көтерілгенде, ұшқыш-радист Төлеу Сәрсенбаев мінген ПЕ-2 ұшағы экипажы құрамында ұшқыш Р.Степанян, штурман М.Вихрь деген серіктері болған екен. Олар Украинаның «Брянск-Навля-хутор Михайловск» бағытындағы темір­жол телімін барлап қайтуға тиіс еді. Ойда жоқта неміс истребительдеріне тап болады да әуе шайқасы басталады. Радист Төлеудің аспандағы сол сұрапылдан жерге жіберген соңғы хабары: «Эшелон үстіне құлауға қарай бет алдық», болыпты. Анықтамалықтағы бұдан кейін назар аударған адамдарымыз Лұғат Са­­ғын­дықов пен Дүйсеке Мүсетов деген қан­дастарымыз еді. Бұлардың екеуі де Ұлы Отан соғысына қатысқан жан­дар. Майдан даласындағы от кешу­ден оралған соң Лұғат ағамыз Омбы облы­сының Нововоршавский ауда­нындағы «Черлакский кеңшарында шопан болып еңбек етеді де Дүйсе­кең Любинский ауданындағы «Северо­­любинский» кеңшарында диқан­шы­­лықпен айналысады. Айтайын дегені­­міз, кешегі майдангер екеуінің бертінгі бейбіт өмірде бағы жанып, Ресейдегі санаулы қазақтар арасында Социа­листік Еңбек Ері деген жоғары атаққа алғашқылардың бірі болып қол жеткіз­гендігі. Бұған Дүйсеке Мүсетовтің 1950 жылы өз бригадасындағы 1627 гектар егін­дік алқаптың әр гектарынан 22,6 цент­нерден өнім алуы мен шопан Лұғат Сағын­дықовтың 1972 жылы әр 100 қой­дан 140-тан қозы өргізген ерен еңбегі негіз болады. Жинақтағы тағы да сөз етуге тұратын тұлғалар деп майдандағы төрт жылғы жорықта Даңқ орденінің толық иегері атанып қайтқан Әлмұқ Майемеров пен 1945 жылғы Жеңіс парадына қатысқан Құсайын Сәрсеновті айтуға болады. Ал­дымен Әлмұқ ағамызға қатысты дерек­терге тоқталайық. Ол 1922 жылы Омбы об­лысының Шарбақкөл ауданында өмі­рге келген. 1932-1934 жылдары ата-анасы балаларын мектепте оқыту үшін көрші аудандағы «Борисовский» кең­шарына көшіп барады да Ебейті көлі маңында тұрып қалады. 1941 жылы соғыс басталғанда 19 жастағы Әлмұқ Майемеров сол жерден, яғни, Москаленко ауданындағы Жаңауыл елді мекенінен майданға аттанады. 1942-1943 жылдары 54-ші армияның құрамындағы генерал И.Федюнинскийдің әскері сапында Ленинград түбіндегі шайқасқа қатысады. Волхов қаласы үшін болған қырғындағы асқан ерлігі үшін ІІІ дәрежелі Даңқ орденін иеленеді. Арада бір жыл өткенде жоғарыдағы марапаттың ІІ дәрежесін де алады. Оған бұл награда 1944 жылы Рига аумағындағы батыл да тапқыр іс-әрекетіне байланысты берілген еді. Түсіндіріп айтсақ, Латвия астанасы іргесінде ол жаудың оқ нөсерін төгіп тұрған екі дзоты мен үш зеңбірегін дәл көздеп жойып жібереді. Осынысы үшін оны өзі қызмет ететін 20-шы полктың мерген минометшісі деп атаған. Содан арада жыл өткен соң Германияның Ауст қаласына кіреберісте зеңбірекпен жау колоннасын талқандаған ерлігіне байланысты Әлмұқ Майемеров І дәре­желі Даңқ орденімен марапатталады. 1945 жылы әскерден босап, елге қайтады. Ал Жеңіс парадына қатысқан майдан­гер Құсайын Сәрсеновке келсек, бұл кісі 1922 жылы Ресейдің өзіміз сөз етіп отырған өңіріндегі Шарбақкөл ауданында өмірге келген екен. 1940 жылы Омбы қазақ педагогикалық тех­никумында білім алып, Шахат ауы­лындағы бастауыш мектептің мұға­лімі болады. 1941 жылы майданға атт­анып, Ленинград бағытындағы барлау­шы-саперлер ротасында қызмет атқарады. 1942 жылы бір тәулікте 50 минаны тауып, залалсыздандырған ерлігіне бай­ланысты оған ІІІ дәрежелі Даңқ орде­ні беріледі. Осы марапаттың келесі саты­сына ол арада үш жыл өткен соң қол жеткізеді. Атап айтқанда, ІІ дәрежелі Даңқ ордені Құсайын Сәрсеновке Кениг­сберг іргесіндегі орман ішіндегі жаудың тұтқиылдан шабуыл жасауға бейімделген ерекше құрамының жасыры­лып қойылған 30 зеңбірегі бар тобын дәл тауып, картаға бұлжытпай түсіріп әкелгені үшін берілген болатын. Осындай еңбегіне байланысты «Үздік барлаушы», «Озат сапер» айрықша белгілерінің иесі атанған ол 1945 жылғы Жеңіс парадына қатысады. Милитаристік Жапонияның Қиыр Шығыстағы Квантун армиясын талқандауға үлес қосып, аман-есен елге оралады. Осы деректерді тауып, танысқан соң кешке жақын қонақүйге Омбы облыстық үкіметіндегі Ішкі саясат бас бас­қар­ма­сы­ның бас маманы Нұрбол Әлжановты шақырып, әңгімелесуге отырдық. Мақсат – жоғарыдағы аттары аталған майдангер ағаларымыздың соғыстан кейінгі өміріне қатысты мағлұматтарды жиыстыру мен бала-шағаларының қайда тұратындығын, туған-туыстарының кім екендігін білу. Сол арқылы қолға алған тақырыпқа қатысты құжаттарды мысқалдап отырып молайту. – Қазір қыс. Мұндай кезде Омбыдан алыстағы аудандарға шығуға болмайды – деді Нұрбол. – Себебі, біздегі елді мекендердің арасы бір-бірінен өте алыс. 120-200 шақырымдық ауылдарды жалғастыратын жолдардағы қар қалың. Оған кенеттен соғатын жаяу бұрқасынды қосыңыз. Сондықтан сіз іздеген майдангерлерге қатысты мағлұмат-деректерді сыртқа шығып уақыт өткізбей, өзімізше, жергілікті билік орындарындағы қызметкерлердің көмегіне сүйене отырып жинауға әрекет жасайық. Менің телефон қоңы­рауымды күтіңіз. Ертең түске таман хабарласамын. Айтқанындай, ол келесі күні біздің алдымызға көптеген мәліметтерді әкеліп жайып салды. Солардың ішінен алды­мен кезінде Кеңес Одағының Батыры ата­ғына ұсынылған ұшқыш-радист Төлеу Сәрсенбаев туралы айтайық. Нұр­бол­дың сөзіне қарағанда, ол өмірге кел­ген Нововоршавский ауданының Қара­ман ауылында марқұмның туған-туыс­тарынан ешкім қалмаған. Інісі, мұғалім Қайролла Құстанбеков ертеректе Қазақстанға қоныс аударып, қазір Павлодар облысында тұратын болып шықты. Білетіндер осыны айтып, қарт ұстаздың ұшқыш ағасы туралы 2005 жылғы 28 қыркүйекте Екібастұз қалалық газетіне естелік жазғанын айтыпты. Мұндағы бір назар аударарлық нәрсе, сол мақаламен бірге Төлеу Сәрсенбаевтың фотосы қоса жарияланған екен. Мына хабарды естігенде жүрегіміз лүп ете түсті. Дереу «Егемен Қазақ­станның» Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Фарида Бықаймен сөйлесуге шықтық. Қызметкеріміз өз кезегінде «Екібастұз дауысы ақпараттық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Айнұр Мей­рамовамен тілдестірді. Соның нәти­жесінде біздің ноутбугымыздың монитор экранынан көп кешікпей Қайролла Құстанбековтің өзіміз сұратқан мақа­ла­с­ының сканерленген нұсқасы жарқ ете түсті. Әп дегендегі байқағанымыз, материалдағы сурет бұлыңғыр кейіпте екен. Онда пилоткасын бір шекесіне қисайтып киген әскери киімді жас қазақ жігітінің бейнесі бозамықтанып көрінеді. «Редакция секретариатындағы дизайнер-көркемдеуші ретуш жасамаса болмайды-ау...», – дедік іштей. Сонда ғана оны оқырмандарға ұсынуға жарап қалатын сияқты. Осыдан кейін барып сканерленген мақала мәтінін оқуға ден қойдық. «Жалындап өткен бір бейне» естелігінде Қайролла Құстанбеков 1939 жылы өзінің 12 жаста болғаны, сонда ағасын Отан алдындағы әскери борышын өтеуге бүкіл ауыл шығарып салғаны есін­де мықтап сақталып қалғаны туралы айта­ды. Содан соң Төлеу Сәрсенбаевтың 1941 жылғы соғыс басталғаннан кейінгі майдан жолдарын баяндайды. Осы арада: «Мақаладағы бізге керек, қажет жер қайсы?» – деген сауалға жауап іздер болсақ, оған мына төмендегі үзіндіні кел­тірген дұрыс-ау деп ойлаймыз. «Мен ағамнан 1943 жылдың шілде айына дейін хат алып тұрдым, – деп жазады автор. – Бірақ көп кешікпей сол ағайдың әскери бөлімінен: «Ерлікпен қаза тапты», – деген қара қағаз келді. Қай жерде, қандай жағдайда көз жұмғанынан ешбір хабарымыз болған жоқ. Тек өзінің жіберген фотосуреттеріне қарайтынбыз да қоятынбыз. Арада көп жылдар өтті. Бірде менің қолыма «Ради жизни на земле» деген кітап түсті. 1969 жылы Алматыдан шыққан сол ұжымдық жинақта аға лейтенант А.Изотов деген кісінің «Побратимы» атты мақаласы бар екен. Оны оқығанда өзімнің не болғанымды білмей қалдым. Материалдағы суретке қараймын. Қараймын да қайта оқимын. «Қайран аға! Отан үшін, елің үшін, біздің бақытымыз үшін ерлікпен қаза тапқан екенсің ғой», – деп жүрегім елжіреп, көзіме жас келді. А.Изотовтың жазуына қарағанда, ПЕ-2 ұшағының ішіндегі ұшқыш Рубен Степанян – армян жігіті, атқыш Михаил Вихрь – украин азаматы және радист Төлеу Сәрсенбаев – қазақ ұланы делініпті. Олар ерлік қимылдары үшін әлденеше рет авиаэскадрильядағы «Боевой листок» газетіне шыққан екен. Ал ағам Төлеу Сәрсенбаев «За отвагу» медалімен марапатталыпты. «Побратимы» мақаласының авторы ішінде ағам бар экипаждың соңғы әуе шайқасындағы эпизодты былай баяндаған. Жердегі бөлімшеге әуедегі ПЕ-2-ден радистің қысқа да ашық дауыспен айтқан сөзі естіледі. Олар: «Бізді «мессерлер» атқылады», «Жанып барамыз...». Бір-екі минуттан кейін: «Эшелон үстіне құлауға қарай бет алдық!..» деген сөйлемдер екен. Мақала иесі өз туындысында осы деректермен бірге жанған ұшақты Михайловское хуторының адамдары мен Брянск ор­манындағы партизандардың көргенін, экипаж мүшелерінің жанкешті әрекеті арқылы неміс эшелонының қирап, темір­жол жүрісін бөгеп тастағанын айтады. Авиаполк басшылығының оларды Кеңес Одағы Батыры атағына ұсынғанын сөз етеді. Осы кітапты оқығаннан кейін алматылық А.Изотовпен кездесіп, әңгі­мелескім-ақ келді. Бірақ ешбір байланыс жасай алмадым. Бүгінгі күнге дейінгі үлкен өкінішім осы...». Мақаланы оқып болып ойланып отырғанымызда Айнұр Мейрамова қарындасымыз қоңырау шалды. «Қайролла Құстанбековтің материалын тауып, сіздің электронды поштаңызға салғаннан кейін, – деді әріптесіміз, – біз ол кісінің өзін іздеуге кірістік. Себебі, ақсақал 2005 жылы біздің газет редакциясына келгенде қызметкерлерге ішінде майдандағы ағасының суреттері бар фотоальбом мен «Ради жизни на земле» кітабын және басқа да құжаттарды көрсеткен екен. Бірақ іздеген адамымыз Екібастұзда тұрмайтын болып шықты. Көршілері айтады, 2008 жылдан бастап жалғызілікті қарияны жамағайындары Павлодарға бағып-қағуға алып кеткен деп. Осыдан басқа ешкім ештеңе біл­мейді. Дегенмен, іздестірудеміз». «Кім біледі? – дедік ішімізден жоғарыдағы хабарды естігенде. – Ол адамның табылуы да, табылмауы да неғайбыл-ау. Өйткені, қарияның өз мақаласында: «1939 жылы 12 жаста едім», – деп жазғанына қарағанда, егер қазір бар болса, 88-дегі бір ғаріп. Қолындағы құжаттарын көзіқарақты, жібі түзу жанның қолына аманаттап беріп кетсе, шіркін...». Енді Нұрбол Әлжановтың Ұлы Отан соғысының от-жалынынан аман келіп, бейбіт кезде Социалистік Еңбек Ері атағын алған Лұғат Сағындықов пен Дүйсеке Мүсетов өмірлерінің соңғы кездеріне байланысты тапқан деректеріне кезек берелік. Лұғат ағамыз 1984 жылы зейнетке шығыпты. 3 ұл, 8 қыздың әкесі атанып, үлкен әулет құрапты. Ол кісіден өрбіген үбірлі-шүбірлі ұрпақтардың дені ақсақалдың өзі шопан болып еңбек еткен Нововоршавский ауданында тұрады екен. Ал Дүйсеке Мүсетовке келсек, 1958 жылы Омбы өңірінен Қазақстанға көшеді. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Көктөбе кеңшарына келіп орнығады. Осы жерде 1982 жылы бақилыққа аттанады. Дүйсекеңнен 2 ұл, 2 қыз қалған екен. Үлкен ер баласы ертеректе Қырымда өмірден озады да қалған ұлы мен қыздары Ресейдің Новосібір өлкесінде еңбек етеді екен. Отағасының бәйбішесі ерінің шаңырағын осы бертінге дейін ұстап келіп, 2012 жылы сол Көктөбе, қазіргі Төлеби-3 ауылында дүние салыпты. Қо-о-ш, енді Омбы өңіріндегі тағы бір атақты қандасымыз, өзіміз мақаламыздың басында атап кеткен Даңқ орденінің толық иегері Әлмұқ Майемеровке оралайық. Бұл кісінің соңғы кездердегі өміріне қатысты деректерді «Мөлдір» қазақ мәдени қоғамдық ұйымының директоры Алтынай Жүнісова анықтап берді. Оның айтуынша, Әлекең соғыс­тан кейінгі бар тіршілігін тек ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарға арнапты. Диқан-механизатор болған. Слесарь мамандығын игеріп, ұсталықпен шұғылданған. 1983 жылы зейнетке шыққаннан кейін де кеңшардың науқандық жұмысынан қалмаған. Ауылдастарының есінде Әлмұқ ағамыз өте қарапайым да елгезек, ақкөңіл әрі жомарт жан ретінде сақталып қалған. 1986 жылы қайтыс болғаннан соң 4 жылдан кейін, яғни Жеңістің 45 жылдығы қарсаңында кеңшар тұрғындары қайсар да қаһарман қазақ жерлесіне арнап өзі тұрып, еңбек еткен Жаңауылдың Мәдениет үйі қабырғасына мемориалдық тақта орнатыпты. Үлкен бір көшенің атын беріпті. Ал, 2005 жылғы Жеңістің 60 жылдығынан бері осы елді мекендегі орта мектеп Даңқ орденінің толық иегері Әлмұқ Майемеровтің есімімен аталады екен. «Бұл кісіге қатысты тағы не бар?» деп қолдағы деректерге қайта үңілдік. Байқап, байыптап қарасақ Әлекең де балалы-шағалы болып шықты. Үлкен ұлы Жүсіп Жаңауылға көрші Новоцарицыно селосында әртүрлі жұмыстар істепті. Зейнетке шыққан соң дүние салған. Қалған ұл-қыздары: Нұрия – медбике, Жәния – сауыншы, Мұрат – механизатор, Әміржан – фермер, Қайрат пен Болат – жұмысшы, Бауыржан – механизатор болып еңбек етеді екен. Ендігі анықтайтын ең соңғы адамы­мыз ол осы мақаланың басында өзіміз аз-кем сөз етіп кеткен Жеңіс парадына қатысушы қазақ Құсайын Сәрсеновтің Ұлы Отан соғысынан кейінгі тағдыры болатын. Біраз уақыт жүргізілген іздеу жұмыстарынан кейін Омбыдағы «Шоқан жолы» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары, Ресей Федерациясына еңбегі сіңген сәулетші Сәкен Құсайынов майдангердің туған баласы Мараттың осы қалада тұратынын, бұл кісінің бізбен кездесіп, әңгімелесуге қарсы еместігін айтты. – Германияны жеңгеннен соң, – деп бастады алғашқы аман-саулық пен таныс-білістіктен кейінгі сөзін үй иесі, – әкеміз Жеңіс парадына қатысады да әскери бөліміне қайтып оралады. Енді елге жібереді деп жүргенде командирлері Қиыр Шығысқа, милитаристік Жапонияға қарсы соғысқа аттанатындықтарын хабарлайды. 1945 жылғы тамыздың аяғы мен қыркүйектің басында Квантун армиясын түре қуған кеңес әскерлері Гоби мен Хинганды басып өтіп, Харбин арқылы Тынық мұхит жағалауына жетеді. Ол кез 16 қыркүйек екен. Міне, сол күні Бас қолбасшы И.В.Сталиннен: «Педагог мамандығы бар жауынгерлер әскер қатарынан шұғыл босатылып, елдегі мектептерге мұғалімдікке жіберілсін», деген бұйрық келеді. Осы пәрмен талабына соғыстың алдында Омбыдағы қазақ педагогикалық техникумын бітір­ген әкеміздің мамандығы дөп келе­ді де әскерден босап, Шарбақкөл ауданының Құдықшілік ауылындағы жетіжылдық мектепке оралады. – Онда ол кісі қанша уақытқа дейін істеген? – Өмір бойы... Иә, солай десе де болады. Мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры. Тек аз ғана уақыт көрші Екатеринослав кеңшарында партком хатшысы болғаны бар. Сосын 1982 жылы зейнет демалысына шығып, 1987 жылға дейін мектептегі бастауыш сынып оқушыларының ұзартылған тобына қосымша сабақ беріп жүрді. – Ағамыз қашан қайтыс болды? Зираты қай жерде? Ұлы Отан соғысында алған наградалары... Құжаттары... Көруге бола ма? – Ол кісі 1997 жылы өмірден озды. Ұрпақтарынан 2 қыз, 2 ұл едік. Кенжесі – менмін. Ақ жауып, арулап қойдық. Зираты сол Құдықшілік ауылындағы қорымда. Осылай деген Марат төргі үйден кішкене қобдиды әкеліп алдымызға қойды. Мұнда майдангер Құсайын Сәрсеновке қатысты дүниелер жинақ­талып қойылған екен. Көріп отырмыз. Наградалар дегенде бұл кісіде мақа­ламыздың басында айтқан ІІ, ІІІ дәрежелі Даңқ орденінен басқа «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі Отан соғысы ордендері бар болып шықты. Содан соң қобдидың шеткі жағында «Ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдары жылтырап көрінді. Ал, фотосуреттер мен газет қиындылары тура бір папка екен. Солардың ішінен біз Шарбақкөл аудандық «Ленинец» газетінің 1985 және 1995 жылдардағы 9 мамыр нөмірлеріндегі тілші Л.Логи­нованың «Участник парада Победы», «Ошибка означала – смерть» деген екі мақаласын зор ынтамен оқып шық­тық. Қажетті жерін алдағы уақытта керек бо­лар деп ерінбей отырып көшіріп те ал­дық. Себебі, мұнда бәрі нақты-нақты фак­ті­­лер­мен айтылып, әсерлі жазылған екен. ...Кеш. Ымырт үйіріліп келеді. Жолбасшым Сәкен екеуміз Омбының арғы өзен жағалауынан қаланың бергі бетіне қарай өтіп келеміз. Серігім әлденеге мазасызданулы. Қалта теле­фонымен алдағы өтетін сурет көрмесіне байланысты алаңдап, соған жауапты адамдарға түрлі тапсырмалар беруде. Үнсіз келе жатқан біздің де ойымыз орнында емес. Ол: «Ертеңгі күнгі жұмысымыз қалай болады? Іздеген дүние­лерімізді облыстық кітапхананың сирек қорынан табамыз ба, жоқ па?» деген мазасыздық. Осындай екіұдай күйдегі арпалыс сезімімен «Сібір» қонақ үйіне де келіп жеттік. Жанболат АУПБАЕВ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА – ОМБЫ – АСТАНА.

№1 Сарсембаев

Кеңес Одағы Батыры атағына ұсынылған ұшқыш-радист Т.Сәрсенбаев

4 китап-2

Ұлы Отан соғысына қатысушы, Социалистік Еңбек Ері Л.Сағындықов

№3 Мусетов

Ұлы Отан соғысына қатысушы, Социалистік Еңбек Ері Д.Мүсетов

№4 Маямиров

Даңқ орденінің толық иегері Ә.Майемеров.

№5 Сарсенов

Жеңіс парадына қатысқан барлаушы-сапер Қ.Сәрсенов