Фото: Қарағанды облысы ТЖД
29 маусымда 13 және 15 жастағы екі оқушы қыздың Бұқар жырау ауданы Қызылжар ауылы маңында суға батып кеткені хабарланған еді. Олардың бірі бірден табылып, екіншісін іздеу үш күнге созылған. Іздеу жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаменті, полиция және Теміртау аңшылар мен балықшылар қоғамының 40 қызметкері, туыстары мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылғаны айтылды. Құтқарушылар Нұра өзенінің түбін, арнасын, жағалау аймағын тексерген.
Аталған облыстың ТЖД баспасөз қызметі: «Бүгін таңғы сағат 08:50-де сүңгуірлер 15 жастағы қыздың мәйітін тапты. Ол өзеннен шомылу орнынан шамамен 1300 метр қашықтықта табылды. Іздестіруге 40 адам, 9 техника, 7 жүзу құралдары жұмылдырылды. Іздеу жұмыстарын жүргізу нашар көріну және ағынға байланысты қиындады. Бұл оқиға судағы қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығын көрсетеді», деп хабарлады.