1992 жылы жабылған Алға химия зауытының аумағында 730 мың тонна қалдық сақталған. Оның тек 20 мың тоннасы ғана қалдықсақтағышта жиналса, қалғаны еріген қар, жаңбыр суымен бірге Елек өзеніне қарай ағады. Өзеннің осы тұсында айдынға қонған аққу, жабайы қаз бен үйректер уланып өліп жатады. Алға қаласының тұрғыны Нұраддин Құрманалин 1982 жылы химия зауытының қалдықтары ағатын жерден бетон бекітпе құрылысы басталып, зауыттың жабылуына байланысты жұмыс аяқталмай қалғанын айтты. «Өзенге жалғасатын тұста топырақ қабатының астынан қазылып, жартылай біткен бетон қабырғалар бар. Оның құрылысын жалғастырып, бөгесі салынса, Елек суына зиянды қалдықтардың құйылуы тоқтайды әрі бұл арзанға түсетін жоба», дейді Нұраддин Құрманалин.
2017 жылы Алға химия зауытының қалдықтарын жоюды «Жасыл даму» бірлестігі қолға алды. Бюджеттен бөлінген 100 млн теңгеге 400 гектар аумақтағы зиянды қалдықтарды шығарып, жаңа қалдықсақтағышқа жинау жоспарланды. «Біз ескі зауыттағы қалдықтар жатқан жерлерді түгендеп, зауыт аумағынан сыртқа шығарып тастауды жоспарладық. Бірақ қалдық тасымалдаумен айналысатын мекемемен арада келіспеушілік туып, олар бізді сотқа берді. Жақында Жоғарғы сот қалдықтарды тасымалдау заңды түрде жүргізілді деген аппеляциялық шешім шығарды. Енді жеті жыл бұрын тоқтап қалған жобаны қолға алмақпыз. Мақсат – Алға ауданы тұрғындарын алаңдатып отырған «тарихи қалдықтарды» толық жойып, зарарсыздандыру», дейді «Жасыл даму» басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Қадыржанов.
Ақтөбе облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов бастауын Мұғалжар қыраттарынан алатын Елек өзені Жайыққа құйғанға дейін үш жерден ластанады дейді. Бірінші ластануы Алға қаласы іргесінен басталады. Бұл жерде көп жылдан бері химия зауытының қалдықтары жаңбыр, қар суымен қосылып Елекке құйылып келеді. Алға моноқаласы мен облыс орталығының арасы 40 шақырым. Алғадан кейін Елек өзені Ақтөбе қаласын айналып ағады. Арнаның жағасындағы хром қосындылары зауыты шайынды суларын Елекке ағызады. Ең қауіптісі – зауыт жанында Елек өзенінің жерасты суымен қосылатын табиғи екі көзі бар. Үшінші ластану көзі – өзен суына кәріз суларының құйылуы. Ақтөбе қаласының кәріз қондырғылары әбден ескіргендіктен, қазіргі уақытта қалдық суларды терең тазарту мүмкін болмай тұр. «Елек өзені зауытқа жақын тұсында арнасын өзгерткен. Осы жерде жерасты суымен екі жерде қосылады. Өзеннің бұрынғы ескі сағасы зауыттан алысырақ болды, ол жерде жерасты суымен қосылмайтын. Біз Електі бес шақырым жердегі ескі арнасына қарай бұру туралы ұсыныс түсіріп, осы жобаны өңірлік Жол картасына қостық», дейді Е.Қуанов.
Елек өзенін тазартуға байланысты жақында Үкіметте жұмыс тобы құрылып, оның құрамына шетелдік сарапшылар, халықаралық экологиялық ұйым мүшелерімен бірге отандық мамандар да кірді.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев тұрғындар көтерген сұрақтарға: «Химия зауытының қалдықтары – кеңес одағынан «қалған мұра». Жеті жыл бұрын осы сұрақ Экология және табиғи ресурстар министрлігіне түсті. Қалдықтарды шығарудың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, «Жасыл даму» бірлестігі мамандары алты ай бойы Алғада жұмыс істеді. Алайда қаржыландырудағы кедергілерге байланысты жоба тоқтап қалды. Қазір жұмыс қайта қолға алынып, жобаға түзету енгізілмекші. Өйткені жеті жылдан бері көп нәрсе өзгерді. Осы жерде 1982 жылдары қолға алынған қалдықтардың өзен суына құйылуын бөгейтін «топырақ астындағы қабырға» туралы да көтерілді. 2017 жылғы жобада ластану көздерін бөгеу үшін топырақ астынан ұзын траншея қазу, улы сұйықтықты өткізбейтін ерекше қоспадағы инертті материал төсеу, қабырғаларды бетондау көрсетілген. Бір сөзбен айтқанда, аса қауіпті қалдықтарды оқшаулайтын жасанды бөгет жұмысын аяқтап, қалдықтарды шығару және жою жоспарланған еді. Елек өзені түбін тазартуға байланысты геологтер мен гидрогеолог мамандар тарапынан қарама-қайшы пікір туындағанын айтпай кетуге болмас. Бір пікір отыз жыл өткенде Елек өзенінің түбін тазалау қажет емес, табиғат өзі тазартады дейді. Түбін аршимыз деп жүріп экожүйені бүлдіріп алуымыз мүмкін. Оның орнына химия зауыты аумағында жатқан қалдықтарды жою керек дейді. Елек өзені суында хроммен ластаушы заттар бар екендігін лабораториялық талдау нәтижесі көрсетіп отыр. Бұл Үкімет пен біздің министрлік алдында тұрған мәселе. Елек өзенін тазарту мен Алға химия зауытының қалдықтарын жою жөніндегі жұмыс тобы құрылып, сарапшылар қолына барлық материалдар берілді. Алғашқы мәжілісі биылғы жылдың соңында өтеді деген жоспар бар. Онда нақты ұсыныстар айтылады деген ойдамын. Бізге өндірістік әрекеттердің салдарынан топырақ қабатына шөккен және өзен суына қосылған алты валентті хромнан тазарту жолдарын анықтайтын химиктердің ұсыныстары өте маңызды» деп жауап берді.
Ақтөбе қаласына ауызсу Алға ауданының Құндақтықыр деген жерінен құбырмен жеткізіледі. Облыс орталығы тұрғындарын 50 жылдан бері қамтамасыз етіп отырған Құндақтықыр суы бүгінде таусылуға жақын. Алға ауданының ақсақалдары жерасты тұщы су қоры Көкжиденің болашағына алаңдайды. «Мұғалжар ауданындағы Көкжиде кенішінде алты компания мұнай өндіреді. Жаңажол, Кеңқияқ ауылы тұрғындары ішіп отырған суымыздан мұнайдың исі шығады деп айтады», деген алғалық ақсақалға облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов былай деп жауап берді: «Рас, Көкжидедегі жерасты тұщы су қоры төңірегінде бірнеше мұнай компаниясы жұмыс істейді. Қазір ол жердегі тұщы су сапасына ай сайын, тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Ел Үкіметі Көкжидедегі мұнай компанияларын 2032 жылға дейін Көкжиде шекарасынан сыртқа шығаруды жоспарлап отыр».
Тамды аулындағы ескі бөгет тасқын кезінде суды ұстай алмай, жырылып, жұрттың күшімен қалпына келтірілді. Ауылдың шетіне су кірді. Тамдылықтар көктемдегі әбігер қайталанбас үшін бөгетке күрделі жөндеу жасауды сұрайды. Облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты қорғау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Жомарт Бақыткелді Тамды бөгетін жөндеуге қаржы шілдеде өтетін облыстық мәслихат сессиясында сұралатынын, қаржы бөлінсе, бөгет қайта тұрғызылады деп жауап берді. Елек өзені тасуынан Алға қаласындағы біраз үйге су кірді. Өйткені судан қорғайтын үш шақырым бөгеттің тек жартысы бетондалған. Жұрт осы жұмысты аяқтауды сұрайды. «Алға ауданында екі қорғаушы бөгет бар. Оның бірі – ұзындығы 2,8 шақырым Алға қаласының шетіндегі бөгет. Елек өзенінің тасуынан көктемде үлкен қауіп төнді. Жұрт осы бөгетті 4 шақырымға дейін ұзартуды сұрайды», дейді Алға ауданының әкімі Нұрбол Ержанов.
Қарақобда елді мекенінің тұрғыны Зияш Меңбаев Қарақобда өзенінің түбін тереңдету мен тазартуды сұрайды. «Біздің аулымызға тіршілік нәрін беріп отырған Қарақобда өзенінің тереңдігі бала кезімізде 3 метрден асатын. Қазір оның суы тізеден келеді. Суы лайланып, қамыс басты, бұлақ көздері бітелді. Өзенде ағыс болмаған соң қамыс өсе береді. Қарақобданың бойындағы жеті қожалық суды әр жерден бөгеп, өздеріне қарай бұрып отыр. Қарақобдамен қатар ағатын Сарықобда өзенінің жағдайы да осындай. Біз қолдан тұрғызылған бөгеттерді алып тастап, бұлақ көздерін ашып, түбін тазартуды сұраймыз. Су сонда ғана жиналады», дейді Зияш ақсақал.
Жомарт Әлиев кездесуде көтерілген барлық сұрақтар мен ұсыныстар хаттамаға тіркеліп, назарға алынатынын жеткізді. Ал Экология және табиғи ресурстар министрлігінің құзыретіне жатпайтын Тамды бөгеті құрылысы, Қарақобда өзенінің түбін тереңдету және кеңейту жөніндегі ұсыныстар Су ресурстары және ирригация министрлігіне бағытталатыны айтылды.
Ақтөбе облысы,
Алға ауданы