Қайбір жолы Түркиядағы түрік тілі ұстазы Адем Гүлер мырза сөресіндегі жалғыз қазақ авторының кітабын көрсетті. Бақсақ, ол Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожасы» екен. Расында, жазушының қаламынан туған «Балалық шаққа саяхат», «Қайдасың, Гауһар?», «Өлгендер қайтып келмейді» сынды өміршең шығармалар бірнеше буынды тәрбиелегені ақиқат. «Менің атым – Қожа» көркем фильмі арқылы талай жас өскін ізгілік пен кереғарлықтың, еркіндік пен еркеліктің арасын айырып өсті. Кейіннен жазушымен тереңірек танысуға мүмкіндік алғанда, қаламгердің көзінің тірісінде-ақ даңқ төріне қонғанын бағамдадық. Классик жазушы Сайын Мұратбеков: «Бердібек өз көзімен көрген нәрсені ғана жазатын, қағазды бекерден бекерге шимайламайтын еді ғой. Жазады, түбін түсіріп барып бір-ақ тоқтайды. Бұл Бердібектің шырайы, Бердібекке ғана тән қасиет» деп, замандасына жоғары баға беріпті. Таланттың талантты мойындауы қандай әсерлі! Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов қаламгер туралы: «Бердібек өзінің еңбегімен халықтың дара жазушысы атанды. Ол тәңірінің тумасынан, жаратылыстың болмысынан, өзінің талантымен де, болмысымен де халықтың нағыз жазушы ұлы болды», деп тарланбоз тұлға талантына тағзым еткен-тін.
Жазушы ең алдымен өзіне тән дара мінезімен, қара қылды қақ жарған әділетті болмысымен ерекшеленгені даусыз. Сондықтан ба екен, Соқпақбаев турасында аңыз көп. Алматыға ат арытып, зәулім талантымен, ыждағатты еңбекқорлығымен келген ол көп өтпей-ақ аузы дуалы ағалардың алқауына ілігіп, бірінен соң бірін кең пішімді шығармаларын өрбітті. Алқалаған ортаның алдында жүрді. «Б.Соқпақбаев – бірінші жақпен жазуды мықтап меңгерген жазушы. Мұның өзі оқиғаға өмірде болған қилы-қилы құбылыстарға сенімділікті, жазушының нақтылы оқиғаға тікелей қатысын танытады. Бердібектің «мені» маған қан-сөлі тамып тұрған өмір, бәріміз тіршілік етіп жүрген жер бетіндегі үлкенді-кішілі адамдардың әрекеті, болмаса қуаныш-күйініші болып көрінеді», деп жазушы Тахауи Ахтанов тегін айтпаса керек.
Жазушының ең сүйекті, оқырманнан өз бағасын алған кең тынысты шығармасының бірегейі – «Өлгендер қайтып келмейді» туындысы. Романның басты кейіпкері – 15-16 жас шамасындағы бозбала Еркін арқылы оқиғалар желісі өрбіп, бас кейіпкер образымен қазақ баласының ақкөңіл, қарапайым, шыншыл, намысшыл дара болмысы ашылады. Бірінші дәптерде мамыражай ауыл шырқын бұзған сұрапыл соғыстың басталуы баяндалып, ағасы Сәрсебек соғысқа аттанып, жеңгесі мен анасына көмектесу Еркіннің мойнына жүктеледі. Тірлік талқысына түскен Еркін ауыр еңбек ете жүріп, әртүрлі адамдармен байланыс орнатады. Екінші дәптерде Еркін көңілі құлаған Ғалиямен қош айтысып, Сарыбелге ұстаздық қызметке аттанады. Сол жақта Еркін мен Алтынның қарым-қатынасы басталып, жаңа өмір айдынында жүзеді. Жазушының өмірбаянымен таныса келе, шығарма желісінің көп үзігі жазушының өз өмірінен алынғанын аңғардық. Бердібек Соқпақбаевтың қызы Жанар сәби кезінде-ақ қызылша дертінен шетінеп кетеді. Міне, осы қайғылы оқиғалар салқыны шығармаға еніп, оқырманның жүрегіне мұң табын құяды. «Өлгендер қайтып келмейді» – сөз жоқ, мыңдаған қазақтың ықыласына бөленген дара шығарма, ұлт әдебиетінің классикасы.
Ақын және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин қаламгердің әдебиеттегі орны жөнінде кестелі ой сабақтайды. «Бердібек Соқпақбаев – қайталанбас өзіне ғана тән болмыс-бітімі бөлек қалам иесі. Сондықтан болар, көзі тірісінде шығармалары 70-ке тарта әлем тілдеріне аударылған, «Менің атым – Қожа» фильмі арқылы қазақтың киносын, қазақтың прозасын жарты әлемге танытқан ұлы суреткер. Халықтың махаббатына бөленген қаламгер. Оның қаламынан туған «Менің атым – Қожа», «Жекпе-жегі», «Қайдасың, Гауһары?», «Өлгендер қайтып келмейді» атты мықты романы сол дәуірдің кесек кеңістігін қаламынан қанын ағызып жазған батыл, батыр шығармалары болатын. Жазушы шығармаларының көптеген тілге аударылуы Бердібек Соқпақбаев шығармаларына деген сұраныстың салмағын байқатса керек», дейді ақын.
Биыл көрнекті қаламгердің ғасырлық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілмек.
Бұл – талант абыройы, сол талантты туғызған елдің беделі. Ал біз үшін Бердібек Соқпақбаев бала күндегі қимас досымыздай. Амалсыз қоштасып кетіп, қайта оралуға бата алмаған абзал адамымыз, қоштаспаған серігіміздей. Кейде балалық тазалықтан ұзап, абайсыз пенделікке қол артсақ, ту алыстан ренжіп қарайтындай, адассақ айбын қосардай. Көмбелі құпиямыздай...