Оқиға • 03 Шілде, 2024

Қатты жылдамдықпен келе жатқан көлік ойын алаңына соғылды

162 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтау тұрғындары 2 шілде күні көлік жүргізушісі қатты жылдамдықпен келе жатып балалардың ойын алаңының қоршауын бұзып кеткенін мәлімдеді. Бұл жағдайға байланысты Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Қатты жылдамдықпен келе жатқан көлік ойын алаңына соғылды

Фото: Видеодан алынған кадр

Куәгерлердің айтуынша, оқиға таңғы сағат 05:00 шамасында 3-шағын аудандағы №7 үйдің маңында болған.

Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі апатқа 2005 жылғы жігіт кінәлі екенін мәлім етті.

«Ақтау полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері құқық бұзушыны анықтады. Ол «жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзу» әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 620-бабы бойынша жауапқа тартылды», деп хабарлады департамент өкілдері.

Алайда куәгерлер оқиға кезінде көлікті қыз басқарып,  қатты жылдамдықпен келе жатқанын алға тартады.

«Nissan маркалы көлік ойын алаңының қоршауына бұзып өтті. Жылдамдық күшті болды - 80-90 шақырым. Үйлердегі адамдар оянып кетті. Көлікте үш адам болды. Рульде бір қыз болған, олар бұл фактіні полициядан жасыруға тырысты. Олар көлікті тартып алып, кеткілері келді. Неліктен полиция қызметкері сол жерде қызды сұрамады? Жігіттер кінәні өз мойнына алды. Бүгін ол ойын алаңына соғылды - кешірілді, ертең адамдарды қағып кетіп, кешірім сұрай ма? Көршілердің барлығы көрді. Полицей олардан сұрамады», деді оқиға орнына жақын орналасқан үй тұрғындарының бірі.