Төралқа құрамына мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Дүйсен Қасейінов, Премьер-министр кеңесшісі Ералы Тоғжанов, Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан, Сенат депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Дархан Қыдырәлі, қоғам қайраткері Жандарбек Кәкішев, Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, «Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығы» басқарма төрағасы Қанат Бейсек кіріп отыр.
Жиында төралқа төрағасы мен хатшысы сайланды. Қауымдастық жарғысына сәйкес, төраға – консультациялық-кеңесші органның қызметіне басшылық жасайды. Ал төралқа хатшысы консультативтік-кеңесші органның қызметін ұйымдастыруды, ақпараттық және техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Төралқа мүшесі Ералы Тоғжановтың ұсынысымен төрағалыққа Дүйсен Қасейінов, сондай-ақ төраға ұсынысымен төралқа хатшылығына Қанат Тоқабаев сайланды.
Күн тәртібіне сай, отырыста қауымдастықтың мақсат-міндетін айқындайтын стратегиялық тұжырымдама талқыланып, қолдау тапты. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған басқарма төрағасы Қанат Бейсектің айтуынша, қауымдастық бұған дейінгі «Қазақстан-Қытай саудаға жәрдемдесу қауымдастығының» тәжірибесін ескере отырып, ауқымын кеңейту бағытында құрылған. Ол бірінші кезекте бизнес пен мәдениет саласының мемлекеттік бағдарламалардан бастап, жеке ұжымдық бастамаларды, Азия елдеріндегі мүддесін қорғауды жүзеге асырады.
«Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығы» халықаралық деңгейде ел имиджін арттыратын ауқымды іс-шаралар өткізуді де қолдайды.
Талқылау барысында төралқа мүшесі Дархан Қыдырәлі қауымдастықтың стратегиялық тұжырымдамасына қатысты пікірін білдірді. «Сауда және мәдениетті қатар алып жүру шешімі өте дұрыс. Себебі кезінде Ұлық ұлыс Алтын орданың да, Орталық Азияның басқа да ірі мемлекеттердің де ыдырауына Жібек жолының үзілуі айтарлықтай әсер етті. Шығыстан Батысқа созылып жатқан керуен жолдарының, барыс-келістің тоқтауы – алпауыт мемлекеттердің мәдени дамуын да, экономикасын да, саяси жүрістерін де тоқырауға ұшыратты. Қазір Мемлекет басшысы халықаралық деңгейде сауда интеграциясына, Азия елдерімен жақын байланыстарға баса назар аударып отыр. Парламент Сенатында осы Азия бағыты бойынша бірнеше заңнама талқыланып, мақұлданып Президенттің қол қоюына жолданды», деді сенатор. Сонымен қатар ол қауымдастық атқаратын іс-шаралар жоспарының ауқымы да алдағы уақытта кеңейе беруге тиіс екенін атап өтті.
Ал Төралқа мүшесі Ералы Тоғжанов: «Жаңа технологиялардың қарқынды даму үдерісіне куә болып отырмыз. Соның бірі – жасанды интеллект. Мұның игілігін бизнеске де, мәдениетке де пайдалана алмасақ – ұтыламыз. Осыны ескерсек», деді.
Отырыста қауымдастықтың стратегиялық тұжырымдамасы қолдау тапты. Жиын барысында төралқа төрағасы атынан «Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту» қауымдастығының төрағасына «Сенім грамотасы» тапсырылды.