Қаңтар айының қысқа күнінің бірінде Жаңақала ауданындағы Жаңақазан ауылдық округі әкімдігіне шалғайдағы қыстақтан екі қыздың адасып кеткені туралы шұғыл хабар түсті.
Округ орталығынан 50 шақырым қашықтықтағы қыстақта отырған малшы Амангелді Меңдіғалиев түс кезінде өзінің жеке көлігімен жоғалып кеткен малын іздеуге шығады. Қасына жоғары сыныпта оқитын қызы мен оның құрбысын отырғызып алады. Мұндағы ойы алыстан қарайып көрінген малды көруге оларды пайдалану екен. Олар қысқы мал орнынан алты-жеті шақырым ұзаған кезде көліктің тегершігі жарылады. Амангелді оны ауыстыратын құралы үйде қалып қойғанын осы кезде байқайды. Дегенмен, дөңгелекті реттеуге кірісіп кетеді. Оның қапелімде аяқталмайтынын байқаған екі қыз осы кезде үйге жаяу жүре бергенді жөн көреді. Бұл күндізгі кез екен.
Бұдан кейін біраз уақыт өткен соң автокөлігін жүргізе алмайтынына көзі жеткен Амангелді де жаяулап үйін бетке алады. Ол кешкі сағат тоғыздың шамасында қыстаққа келгенде екі қыздың келмегенін біліп, осы сәтте зайыбы екеуінің зәресі ұшады. Отағасы бұдан соң үйге кірместен қайтадан қыздарды іздеуге кетеді. Оның артынан балдызы да түйеге мініп көмекке келеді. Округ әкіміне хабар беріледі. Ол хабарды алысымен жолға шығады. Жер жағдайына жетік ауыл әкімі С.Ғұбашев құмнан кісі іздеу шөп арасынан ине іздеумен бірдей екенін ескеріп, шұғыл құмға жүре алатын төрт көлікпен оқиға орнына жетеді.
Бұл кезде сағаттың тілі түнгі он екіден асып кеткен еді. Көзге түртсе көргісіз қараңғы түнде оттың алыстан көрінетінін ескерген ауыл әкімі тайланған шөпті биік шоқа үстіне шығарып жағып айнала көлік жарығын түсіріп отыруды қажет деп табады. Сөйтіп, төрт көлік осылайша із кесіп, құм арасын шарлауға кіріседі. Қысқасы, келесі күнге ауысқан сағат түнгі екі шамасында он үш сағат бойы далада адасқан екі қыз аман-есен табылады.
– Құм ішінде қараңғылық ерте түседі ғой. Әсіресе, қыс кезінде. Адасқанымызды білдік. Алайда соның өзінде қорқыныш пен үрейге бой алдыра қойған жоқпыз. Бір кезде жүріп келе жатып терең шұңқырға тап болдық.Соған түсіп демалдық. Шұңқырдың ішінде шөп бар екен. Біріміз ұйықтап та алдық. Қатты тоңа қойған жоқпыз. Іздеп тапқандарыңызға алғысымыз шексіз, – дейді қыздар.
Өмірзақ АҚБАСОВ,
журналист.
Батыс Қазақстан облысы,
Жаңақала ауданы.