Қазақстан • 03 Шілде, 2024

Елімізде Қытай капиталының үлесі бар кәсіпорындар саны 5 мыңға жуықтады

112 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасымен бірге мемлекеттер арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты бекемдей беретініне назар аударып, бүгінгі келіссөз нәтижелері соның айқын дәлелі екенін айтты, деп жазады Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елімізде Қытай капиталының үлесі бар кәсіпорындар саны 5 мыңға жуықтады

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

«Қазақстан мен Қытайдың мызғымас саяси қатынастары өзара сенім мен қолдау рухында дамып келе жатыр. Екі ел арасында шешімін таппаған ешқандай түйткіл жоқ. Сондықтан күш біріктіре отырып, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық әріптестікті жандандыруға ниеттіміз. Біз Төраға Си Цзиньпин екеуміз жаңа ғана Бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Құжатта екі ел қатынастарының жетістіктері және алдағы жоспарлары кеңінен қамтылған. Қытай – Қазақстанның басты сауда серіктесі. Былтыр елдеріміз арасындағы сауда көлемі 41 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта тауар айналымын еселей түсеміз. Бұған әлеуетіміз жеткілікті. Қытай – біздің негізгі шетелдік инвесторымыздың бірі. Соңғы 15 жылда бұл елден Қазақстанға 25 миллиард долларға жуық инвестиция тартылды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы былтыр Қазақстан экономикасына құйылған қытай инвестициясының көлемі 16 пайызға өсіп, 1,8 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Бұл көрсеткішті ұлғайтуға екі тарап та мүдделі.

«Бүгінде құны 14,5 миллиард доллар болатын 45 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы Қытай капиталының үлесі бар кәсіпорындар саны 4700-ден асады. Біз өзара тиімді инвестициялық жобаларды одан әрі жүзеге асырудың маңызын атап өттік. Нақтырақ айтқанда, энергетика, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, өндіріс, қаржы, көлік, аэроғарыш өнеркәсібі және IT салаларына тоқталдық. Қазақстан өз нарығына кіруге ниетті Қытай компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын», деді Қазақстан Президенті.