«Таза Қазақстан» • 03 Шілде, 2024

«Таза Қазақстан»: Ақтөбенің 200 мыңнан астам тұрғыны жалпыұлттық акцияға қатысты

141 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында туған жерді абаттандыруға ақтөбеліктер белсене атсалысып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Таза Қазақстан»: Ақтөбенің 200 мыңнан астам тұрғыны жалпыұлттық акцияға қатысты

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

3 шілде күні Ақтөбе қаласының Полиция департаменті «Экопатруль» профилактикалық іс-шарасын ұйымдастырды. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері абаттандыру ережесін бұзушыларға ескерту жасап, тәртіп пен тазалықты сақтауға шақырды. Сондай-ақ жауапкершілік пен әкімшілік жазалар туралы 200-ден астам парақша таратқан. «Экопатруль» іс-шарасы елімізде сәуір айында басталған «Таза Қазақстан» акциясына полицияның зор үлес қосып отырғанын көрсетті.

«Өткен үш айдың ішінде көпшіліктің жұмыла жасаған жұмыстарының нәтижесінде айналамыз тазарып қалды. Әркім өзі жүрген жерді таза ұстап, қаланы жайлы әрі әдемі етуге тырысып жатыр. Бүгін Ақтөбе су қоймасының жағасында «Jasyl сгоѕѕ 2024» плоггинг-марафон өткен. Плоггинг - жүгіруді қоқыс жинаумен біріктіретін экологиялық қозғалыс. Бұл сөз швед тілінен аударғанда «plocka upp» және «jogging» деген екі ұғымнан тұрады», деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жастар ырғақты музыканың әсерімен су қоймасы жағалауындағы шашылған қоқысты тез жинап тастаған. Жігіттер қоқыс салуға арналған қапшықтарын тезірек толтыруға тырысқан, өйткені марафонда кім жылдам, кім көбірек жинайды, сол жеңіске жетеді деген ұғым болған.

1

Көптің жұмылып жұмыс істеуінің нәтижесінде 18 тонна қоқыс жиналды. Қағаздар, пластикалық, шыны бөтелкелер, пакеттер — қоқыстар жастар жинап алғанша желмен бірге ұшып, шашылып, жағалаудың сәнін кетіріп тұр еді. Әп-сәтте айнала жайнап шыға келді — жағалау тазарып, сәні кіріп қалған.

Айта кетейік, бұл «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған бірінші және соңғы іс-шара емес.

2

Ақтөбеліктер Мемлекет басшысының елімізде тазалық жұмыстары мен сенбілік өткізуге қатысты ұсынысын зор ықыласпен қабылдады.

Сандық мәліметтерге сүйенсек, 6 сәуірден бастап облыс бойынша көгалдандыру, санитарлық тазалық және елді мекендерді абаттандыру бойынша екі айлық акция ұйымдастырылған.

«Таза Қазақстан» акциясына 213 954 тұрғын қатысып, 5 993 мекеме мен кәсіпорын жұмылдырылды. 18 982 аула тазартылды, оның 2 326-сы - көпқабатты үйлерге, 16 656-сы - жеке үйлерге тиесілі. Еріктілер еңбек ардагерлерінің, қарттар үйлерінің аулаларын ретке келтірді.

276 саябақ пен гүлзардың қоқысы жиналды. Қала мен елді мекендерде 285 910 ағаш пен 6 350 көшет егілді. Көгалдандыруға «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары да белсене араласты.

Үш ай ішінде барлығы 205 су айдынының жағалауы (өзендер, көлдер, бұлақтар) қоқыстан тазартылды. 41 жасанды су қоймасы мен субұрқақтардың айналасы, 84 526 метр арық тазартылды. Бұлақтардың айналасы тазартылып, қоршаулар мен орындықтар сырланып, ағаштар әктелген.

256 тарихи-мәдени ескерткіштің айналасы тазартылған.

Алаңдарды тазалауға 2 866 бірлік техника жұмылдырылды. Қоқыс полигондарына 30 905 тонна қалдық шығарылған.