Фото: mir24
– Балақай, атың кім? – деп сұрадым. «Мұндай баланың аты-жөнін біле жүрген де дұрыс» деп ойлағам болсам керек, сірә.
– Бейбарыс.
– О! Керемет есім екен. Шамасы, үйде атаң бар ғой, сенің атыңды сол кісі қойған болды ғой?
– Жоқ, мен өз атымды өзім қойып алдым.
«Мына бала не деп тұр? Өз атын өзі қойғаны қалай?». Түк түсінсем бұйырмасын.
– Сонда қалай? – дедім оны сөзге тарта түсіп.
– Ол солай. Мултьфильм көрдім «Бейбарыс» деген. Сосын атымды Бейбарыс деп қойып алдым, – деген бала енді мені сұрақтың астына ала бастады:
– Ал, сіз Бейбарыстың кім екенін білесіз бе?
Білуін білемін ғой аздап болса да. Бірақ менің де баланы сынап көргім келіп кетті. «Жоқ, білмейді екем. Бейбарыс деген кім ол?» дедім. Ішімнен «мына бала маған не дейді екен?» деген қызығушылық туды.
– Бейбарысты білмейсіз бе? Ол деген батыр, соғыста бәрін жеңеді.
– Оны сен қайдан білесің?
– Мультфильм бар ғой. Сонда Бейбарыс бәрін жеңеді. Оны көрген жоқсыз ба?
– Жоқ, көрген емеспін.
– Көру керек.
Міне, ғажап! Жас бала мені «оқытып» жатыр. «Бейбарысты» көрмеген болсаң, көр» дейді. Баланың мұнысына ішім жылып қалды. Енді ше? Ұлтымыздың ұлы тұлғасын тану керектігін жап-жас болып сақалы сапсиған маған «түсіндіріп» жатса, неге сүйінбеске? Демек бұл баланың қанына әлден-ақ батыр бабаның рухы сіңген. Ұлтымыздың ертеңіне кейде алаңдаушылық білдіріп жататынымыз да белгілі. Бірақ мынау Бейбарысты көрген соң, ұлттың келешегінің кемелдігіне деген сенім нығая түскендей болды.
Купеден жылаған баланың дауысы естілді.
– Менің інім ғой жылап жатқан. Оның аты – Айсұлтан. Бірақ өскенде ол да Бейбарыс болады, – деді қасымдағы бала.
– Неге?
– Мен оған да «Бейбарыс» мултьфильмін көрсетемін.
«Қазақы рухтағы мультфильмдер керек» дегенді зиялыларымыздың неге жиі мәселе етіп көтеріп жататыны енді түсінікті болды...