Суретті түсірген – Жеңіс Ысқабай
Алдымен жолдың жайына үңілсек. Жалпы, «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» жолының құрылысы Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. 2022 жылы Жетісуға сапарында да осы мәселені тезірек шешіп, туристерді молынан тарту керектігін нақтылап айтқан еді. Жол еліміздің үш өңірін Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын байланыстырады. Бүгінде ұзындығы 768 шақырымды құрайтын жолға толығымен асфальт төселді. Жақында Көлік министрі Марат Қарабаев өзі тексеріп, сапасына баға берді.
«Мамандар 40 көпір мен 6 өткел құрылысын аяқтады. Бірқатар учаске биыл жазда пайдалануға беріледі. Жоба аясында Қойлық, Балапан, Шынқожа елді мекендері мен Аягөз қаласының айналма жолдары салынды. Жолдың 16 учаскесінде 1 мыңға жуық маман мен 600 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Үшарал қаласының маңындағы көлік айрығындағы құрылыс жұмыстары да аяқталуға жақын», деді министр.
Алакөл көліне оңтүстік жағынан бару үшін «Талдықорған – Өскемен» автомобиль жолынан Жетісу облысындағы Үшарал кентіне жетіп, содан кейін іргелес жатқан «Үшарал – Достық» жолына өту қажет. Көл жағасымен Жетісу облысының Достық аулына қарай өтетін бұл учаскенің ұзындығы 180 шақырымды құрайды.
Ал «Талдықорған – Өскемен» автомобиль жолынан Алакөлдің солтүстік жағалауына бару үшін республикалық маңызы бар «Таскескен – Бақты» автомобиль жолына өту керек. Ұзындығы 133 шақырымды құрайтын бұл учаске Абай облысының Мақаншы аулына апарады. Одан әрі Мақаншы аулынан көлге жету үшін облыстық маңызы бар «Мақаншы – Жалаңашкөл» автомобиль жолымен жүруге болады.
Айта кетерлігі, Алакөл көліне жолаушылар республикалық маңызы бар «Талдықорған – Өскемен» автомобиль жолы арқылы қатынайды. Жалпы, нысанды толық аяқтап, халық игілігіне тапсыру 2024 жылдың соңына жоспарланған. Қазір шипалы көлге демалушылар осы жол арқылы жүріп жатыр. Бүгінде 100 мыңнан аса адам демалған.
Өңірлік баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл Алакөл жағалауында бір жолғы сыйымдылығы 16,2 мың төсектік орын болатын 302 туризм нысаны орналасқан. Осы жылы жеке инвестициялар есебінен 1,4 млрд теңгеге тағы
8 нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Өткен жылы Алакөлге шамамен 1,6 млн адам келсе, биыл 2 миллион турист келеді деп күтіледі.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының дерегінше, Алакөл бағытына жазғы маусымда аптасына 28 рет Астана, Алматы, Талдықорған қалаларынан 3 авиарейс барған. Оның ішінде «Алматы – Үшарал» және «Талдықорған – Үшарал» рейстері субсидияланады. 1 коммерциялық «Астана – Үшарал» рейсі бар. Оған қоса Алматы, Астана қалаларынан, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан 12 теміржол рейсі, оның ішінде «Астана – Достық» бағытында «Тальго» пойызы жүреді. Жазғы уақытта «Алматы қаласы – Ақши ауылы – Көктұма аулы», «Талдықорған қаласы – Ақши аулы – Көктұма аулы» бағыттары бойынша 50 орындық автобус маршруттары тұрақты түрде қызмет көрсетеді.
Алакөл көлінде оқыс жағдайлардың алдын алып, жедел ден қою үшін ТЖД құтқару бөлімшесі сүңгуір жабдықтарының 21 жиынтығын, жаңа қозғалтқыштармен жабдықталған 7 моторлы қайық, 2 резеңке қайық, 2 УАЗ, Нива, КамАЗ және әмбебап «ТРЭКОЛ» автомашиналарын дайындады. Ақши мен Көктұма ауылдарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін уақытша өрт сөндіру бекеттері ұйымдастырылды.
Аталған елді мекендерге жазғы маусым кезеңінде тәулік бойы кезекшілік ету үшін жедел жәрдем дәрігерлерінің екі бригадасы жіберілді. Көліктік бақылау инспекциясы жүзу құралдарын бақылауды жүзеге асыру үшін қайық сатып алып, енді биыл судағы қозғалыс қауіпсіздігін екі инспектор бақылайды. Жағалаудың тазалығын қамтамасыз ету үшін 120 қоқыс контейнері мен бак, 24 санитарлық-гигиеналық торап және 10 биотуалет орнатылған.
Жетісу облысы