Сенаторлар Бастөбе ауылындағы шикі мұнайды қайта өңдеу мен мазутты терең өңдеуге маманданған жауапкершілігі шектеулі серіктестік «Секвойя плюс» жабдықтарын жаңғырту барысымен, орталық аудандық ауруханадағы күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталуымен, сондай-ақ Үштөбе қаласындағы гуманитарлық колледждің жұмысымен танысты.
«Мұнай өңдеу зауыты аудан экономикасына да, жалпы Жетісу облысы үшін де стратегиялық маңызға ие. Жабдықты жаңғырту қайта өңдеу үдерісін жақсартуға, атмосфераға зиянды шығарындыны азайтуға, ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», деді сенатор С.Дүйсембинов.
Депутаттар аудандық ауруханадағы күрделі жөндеуді жеделдетудің маңызына, сондай-ақ гуманитарлық колледжде педагог кадрларды даярлау сапасына жергілікті атқарушы органдардың назарын аударды.
«Аудандық аурухана халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту үшін жөндеуді тез арада аяқтау жөніндегі барлық шараны жүзеге асыру керек, ал колледж педагог кадрларды жоғары деңгейде даярлауға тиіс. Балаларымыздың тағдыры мен еліміздің болашағы осыған байланысты», деп атап өтті Ғалиасқар Сарыбаев.