Ғылым • 04 Шілде, 2024

Ұлттық ғылым академиясы мен Шэньчжэнь университетінің бірлескен зертханасы ашылады

124 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Шэньчжэнь университеті арасындағы бірлескен зертхана ашу туралы келісімге қол қойылды. Салтанатты іс-шара С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде өтті.

Ұлттық ғылым академиясы мен Шэньчжэнь университетінің бірлескен зертханасы ашылады

Екі ел арасындағы ықпалдастық келісіміне қол қою рәсімі Қытай Халық Республикасының президенті Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары аясындағы негізгі оқиғалардың бірі болды. Келісім екі ел арасындағы ғылыми байланысты нығайтуға және бірлескен зерттеулер жүргізуге бағытталып отыр.

Салтанатты іс-шараға Шэньчжэнь университеті Медицина факультетінің атқарушы деканы профессор Синчжи (Ксавьер) Сюй, Президент жанындағы ҰҒА президентінің міндетін атқарушы Ляззат Ералиева, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің басқарма төрағасы-ректор Марат Шоранов, ҚХР Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй, сондай-ақ «Өмір және денсаулық туралы ғылымдар» саласындағы жетекші ғалымдар қатысты.

Алматы қаласындағы ҚХР Бас консулы Цзян Вэй құттықтау сөз сөйлеп, мемлекетаралық ынтымақтастық мәселесіне тоқталып өтсе, ҰҒА президентінің міндетін атқарушы Ляззат Ералиева академияның қызметі, жаңа құрылып жатқан зертхана туралы ақпарат берді. Шэньчжэнь университеті ғылыми қызметінің нәтижелеріне профессор Синчжи (Ксавьер) Сюй тоқталып, халықаралық жобалардың маңыздылығын айтты. Негізі 1983 жылы қаланған Шэньчжэнь университеті биомедициналық инженерия және биология бойынша PhD мамандарын даярлайды. USNews әлемдік рейтингінде өзіндік орны бар оқу орнында бүгінде 250-ден астам халықаралық оқытушы жұмыс істейді.

ш

Шенжен-Алматы медицина ғылымдарының алдыңғы қатарлы зертханасының бір филиалы Алматы қаласындағы Ұлттық ғылым академиясында, ал екіншісі Шэньчжэнь университетінде орналасады. Бірлескен ынтымақтастық аясында табиғи өнімдерден дәрілік препараттар әзірлеуді, геном зерттеулерін, инфекциялық иммунитет пен қабынуды, сондай-ақ медициналық жабдықтарды әзірлеу жоспарланып отыр. Алғашқы зерттеулер «Фитошикізат негізінде жаңа дәрілік кандидаттардың көп мақсатты әзірлемесі» жобасымен басталмақшы.

Салтанатты рәсімде сонымен бірге Ұлттық ғылым академиясы, Шэньчжэнь университеті және С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ арасындағы үшжақты меморандумға қол қойылды. Меморандум академиялық және медициналық мекемелер арасындағы байланысты нығайтуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, білім мен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын, жобаларын іске асыратын тың бастамаларға серпін береді.

щ

 

АЛМАТЫ