ПЕТРОПАВЛ. 26 сәуір. Солтүстік Қазақстан облысында жасы келген кейбір сайлаушылар өз үйлерінен дауыс беруде. Сондай жандардың бірі – 30 жыл күш күш құрылымында еңбек еткен ардагер, 74 жастағы Амангелді Еламанов. Ол бүгінде денсаулығы сыр берсе де еш кедергісіз дауыс бергенін айтты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Саналы ғұмырымды елімізді, жерімізді көркейтуге арнадым. Біздің кезімізде әр саяси науқанның жөні бөлек болатын. Алдын ала үлкен мейрам ретінде дайындалып, үстімізге таза киімдерімізді киіп, көтеріңкі көңіл-күймен баратынбыз. Қазір заман өзгерді демесең, айырмашылығы шамалы. Әсем әуен әуелеп, сауда-саттық қызып тұрады. Ең бастысы, адамдардың ниеті түзу, пиғылы дұрыс. Еліміз тыныш, бақуатты дамып келеді», – дейді ақсақал.
Сайлауды ұйымдастырушыларға алғысын жаудырған қарт сайлаушы: «Қандай сайлау болсын балалар мен жасөспірімдер кітапханасында орналасқан №626 сайлау учаскесіне отбасымызбен барып, өз таңдауымызды жасаушы едік. Биыл қатты сырқаттанып, жүріп-тұруға мұршам болмады. Қатты қапаланып отырғанымда, мың болғыр жандар келіп, «ата, еш қам жемеңіз, сайлау жәшігін үйге әкелеміз» деді. Сол сөзді естіп төбем көкке жеткендей болды. Мен сияқты мүмкіндігі шектеулі науқастардың еш кедергісіз дауыс беруіне жағдай тудырылғанына көңілім бір көтеріліп қалды», – деген күш құрылымдарының ардагері отбасында өзінен басқа тағы 4 жанның өз таңдауын жасағанын айтты.
Өмір Есқали.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: Амангелді Бекмұратов.