Фото:mangystautv.kz
Mangystautv хабарлауынша шетелдіктер баланы 10 айлық кезінде асырап алған. Бала ол кезде балалар үйінде тәрбиеленген. Кейбір ақпараттарға сүйенсек, туған анасы босанғаннан кейінгі күйзеліске байланысты ұлына толық көңіл бөле алмағандықтан тастап кеткен.
«Біз бала кезінен бастап Жандосқа оны асырап алғанымызды айттық. Торонтода ол әрқашан өзінің тарихи отандастарымен байланыста болды. Бірде достары оған туған анасын табуға кеңес берді, біз де бұл идеяны қолдадық», дейді асырап алған анасы Шанас Мұхаммед.
«Шетелдегі қазақ балалары» жобасы Райан Жандосқа туыстарын табуға көмектескен. Енді, міне, ол 17 жылдан кейін өз еліне оралып, туған анасымен кездесіп отыр.
«Менің анам мені тастап кетсе де, оған деген ешқандай ренішім жоқ. Керісінше, мен оған жақсылық тілеймін. Мен оны кінәламаймын, тағдыр солай болғаны да. Егер мені Канадаға апармаса, бәрі қалай болатынын кім біледі. Мүмкін мен өзімді дәлелдей алмас едім. Мен ештеңеге өкінбеймін. Мені тек анам ғана емес, басқа қазақстандықтар да жылы қарсы алды. Мен мұны бүкіл халықтың қонақжайлығы деп санаймын», деді Райан Жандос.
Еске сала кетейік, бұған дейін бельгиялық отбасы асырап алған Жәнібектің анасын табуға Қазақстан халқынан көмек сұрағанын хабарлаған болатынбыз.