21 Қаңтар, 2015

Түркиялық тыңдармандарды тәнті етті

216 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Түркиядағы Ескішехир провинция­сында «Қазақ мәдениеті апталығы» рес­ми ашылып, оған провинция губернаторы Гүнгөр Әзім Туна, «Түрксой» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қазақстанның Түр­киядағы төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев, академиялық топ­тар, мәдени-гуманитарлық және қоғам­дық-саяси орталардың өкілдері, қазақ студенттері мен Түркиядағы қазақ диас­порасы қатысты, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі. Апталық аясында Ескішехир, Анкара, Болу және Ыстамбұл қала­ларының ең үлкен концерттік зал­­дарында Тәттімбет атындағы Қазақ  ұлт аспаптары ака­де­мия­лық ор­кестрінің, Қ.Байжанов атын­­да­ғы Қарағанды концерттік бірлесті­гінің, сонымен қатар, КСРО және Қазақ­станның халық әртісі, атақты әнші Бибігүл Төле­ге­нованың концерттері өткізілуде. Қазақстанның өнер иелері Түркия­дағы гастрольдерін түркі әлемінің 2013 жылғы мәдени астанасы болған  Ес­кі­шехир қала­сынан бастады. Әйгілі ән­ші Б.Төлегенова мен Тәттімбет атын­дағы академиялық ор­кестр Ана­долы уни­верситетінің кон­церт залында өз репертуарындағы шығар­маларын орындап, түрік тыңдау­шы­ларына жақсы әсер сыйлады. Концерттен кейін Ескішехир про­вин­циясының губернаторы сөз сөйлеп, Түркияда мұндай шара­ның өткізілуі мәде­ниет және өнер сала­сындағы қазақ-түрік ын­тымақтас­тығына үлес қосатынын атап өтті. «Мен Қазақстанның адамзат мә­­дени-гуманитарлық мұрасына едәуір үлес қосып жатқанына куә болдым», деп мәлім етті ол. Өз сөзінде Қа­­зақ­станның Түр­киядағы елшісі Ескі­­шехир про­вин­циясының губернаторына қазақ шығар­машылық тобына жылы ықылас білдір­гені үшін ризашылығын білдірді. «Егемен-ақпарат».