26 Сәуір, 2015

Шымкентте сайлаушылар белсенді түрде дауыс беруде

227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
1963_okoШЫМКЕНТ. 26 сәуір. Шымкентте сәуірдің 25-інен 26-на ауған түнде ауа райы күрт бұзылып, шелектеп жаңбыр жауды. Соған қарамастан, сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беріп жатқан азаматтардың қатары қалың. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. №5 қалалық сайлау учаскесінің төрағасы Арман Қойшиев таңертеңгі сағат жетіден бастап ең алдымен егде кісілердің келгенін айтты. Жастар жағының сағат 10:00-ге таяғанда белсенділіктері артыпты. Алғашқы төрт-бес сағатта 300-ге жуық сайлаушы таңдауын жасаған. Шетелдік бақылаушылар әзірге бұл учаскеге келмеген екен. Шағым мәселесіне келсек, екі азамат тізімнен аты-жөнін таба алмай реніш білдірген. Арман Қойшиев бұл мәселе қазір жеңіл шешіліп жатқанын айтты. Интернет арқылы халыққа қызмет көрсету орталығына тізімде жоқ азаматтардың аты-жөнін жіберсе, қай учаскеде тіркеулі екендігін 2-3 минутта анықтап береді. Партия тарапынан келген бақылаушылармен сөйлестік. Олар да сайлаудың заңды өтіп жатқанын айтады. Шымкент қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Ерлан Бектұрғанов сағат онға дейін 39 мың 617 сайлаушының дауыс бергенін айтты. Қаладағы 222 сайлау учаскесі халыққа қызмет етуде. Оның 20-сы жабық сайлау учаскелері болып саналады. Ол жерлерде ауруханалар, екі әскери бөлім, қарттар үйі және тергеу изоляторында ісі сотқа жетпеген азаматтар дауыс береді. Ал мүгедек жандарға сағат 12:00-ге дейін арнайы бөлінген азаматтар сайлау жәшігін апарады. Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) тарапынан келген бақылаушылар сайлау учаскелерінде заңдылықтың сақталуын бақылауда. 29 наурыздан 1 мамырға дейін ұзақ мерзімге келген Дания және Швейцария бақылаушыларын өз жұмыстарынан бөлек, біздегі сайлау жүйесі қызықтырады екен. Мәселен, Швейцарияда сайлаушы дауысты пошта арқылы да бере алады. Шетелдік бақылаушылардан әзірге шағым жоқ. Олар сайлаудың қалыпты өтіп жатқанын айтты. Бақтияр Тайжан. Дерек, сурет: egemen.kz.