Кеше Президент жанындағы Қазақстан статистикалық зерттеулер институты мен Орталық коммуникациялар қызметі «Ғаламдық сынақ кезеңі: жаңа сын-қатерлер» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Оған Тұңғыш Президент қоры жанындағы Әлемдік экономика мен саясат және Еуразиялық интеграция институтының, сондай-ақ ТМД елдерінің бірқатар сарапшылары қатысты.
Шараның онлайн режімдегі бөлімінде Мәскеу, Баку және Алматы ғалымдары тікелей байланысқа шығып, көтерілген тақырыпта өз пікірлерін ортаға салды. Олар әлемдік экономикалық дағдарыстың себеп-салдары туралы әңгімеледі. Ағымдағы жылы әлемдік экономикадағы жағдай бүгінгіден де шиеленісіп, нашарлай түсуі ықтимал деген болжам жасады. «Болжам бойынша әлемдік экономикадағы жағдай ағымдағы жылы және жақын болашақта нашарлай түседі. Бұған соңғы уақытта әлемдік экономикада қалыптасқан екі негізгі теріс тенденция ықпал етеді. Біріншіден, әлемнің басты экономикаларында ІЖӨ өсімінің қарқыны төмендеді, екінші, тауарлық-қаржылық нарықтарда жағдай нашарлады. Мәселен, 2014 жылы әлемнің бірқатар ірі экономикаларында техникалық рецессия байқалды, яғни, қатарынан екі тоқсан ІЖӨ төмендеген. Мұндай жағдай Жапония мен Бразилияда орын алды», деді Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары Лейла Мұзапарова.
Оның айтуына қарағанда, өткен жылы Қытай экономикасының қарқыны айтарлықтай бәсеңдеген. Ал осы уақытта Еуропа одағы мен Ресей экономикасында құлдырау байқалып жатыр екен. Бұған қоса, Қытай экономикасының даму қарқыны одан әрі бәсеңдей түсетін көрінеді. «Ең алдымен Еуропадағы тауарлық-қаржылық нарықтарда бағаның төмендеуі мен қаржылық қорлардағы жағдайды қоса алғанда, жаһандық экономикалық рецессия биылғы жылы басталатын жаңа дағдарыстың белгілері болып отыр. Жаңа дағдарыс бірнеше жылға созылуы мүмкін. Себебі, алдағы дағдарыстың бұрынғылардан бірқатар айтарлықтай ерекшеліктері бар. Біріншіден, ол халықаралық геосаяси шиеленістің арта түсуімен ерекшеленеді. Екіншіден, мұнай бағасының төмендеуі өзге негізгі тауарлар мен ресурстар құнының төмендеуімен қатарласып келді. Соңғы жеті айда Brent маркалы мұнай бағасы 60 пайызға төмендегені мәлім. Сондай-ақ, алтын мен басқа да металдар арзандады. Осыларды ескерсек, биыл басталады деп отырған әлемдік дағдарыс ұзақтығы бойынша теңдессіз болады», деді институт директорының орынбасары.
Аталған институттың бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додоновтың айтуынша, мұнай бағасының бұдан әрі төмендеуі болмайды. «Менің ойымша, мұнайдың құны бұдан әрі айтарлықтай құлдырамайды. Мұнай бағасының орташа жылдық бағасы 50 доллар деңгейінде қалыптасады. Осыған орай Қазақстанда экономиканың кері құбылыстарына қарсы тұру бойынша екі әдіс қолданылуда. Олар екі негізгі бағытты қамтып отыр. Бұл тұрғыда экономиканы ынталандыру, яғни бұлар – «Нұрлы Жол» бағдарламасында белгіленген шаралар. Осы бағытта ішкі сұраныс пен тұтынудың ішкі шығыстарын ынталандыру, оның ішінде мемлекеттік қолдау есебінен шағын және орта бизнестің инфрақұрылымдық жобаларын, қаржылық секторды қолдау қарастырылған. Бұған қоса бюджеттік қаржыны үнемдеу қажеттілігі қамтылып отыр. Атап айтқанда, осы қос тетік іске асырылады», деді сарапшы.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».