Денсаулық • 05 Шілде, 2024

Ұрпақ саулығына септеседі

223 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таяуда ел медицинасында елең еткізер ерекше оқиға болды. Отандық дәрігерлер алғаш рет құрсақта жатқан шарана денсаулығының ақауына алғаш рет операция жасады. Бұл бастаманың маңызы зор. Өйткені мұндай операциялар балалардың мүгедек боп ­тууын азайтуға айтарлықтай септеседі.

Ұрпақ саулығына септеседі

Операция әлі дүниеге келмеген нәрестенің денсаулығы мен өмірі туралы көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік беретін жағдайларда ­жасалады. Ұрық хирургиясы – елі­міз­де қолға алынып жатқан меди­цинаның мүлдем жаңа бағыты. Ұрық медицинасы, яғни фетальды хирургия – бұл медицинаның құрсақтағы шарананы емдейтін жоғары мамандандырылған саласы. Бұл хирургия зақымы аз про­цедуралар арқылы жатырға біткен баланың патологиялық ауыт­қу­ларын ерте бастан түзетіп, емдеуге мүмкіндік беретін инновациялық технологияларға негізделген.

Отандық денсаулық сақтау саласына серпін беретін жоба Ден­сау­лық сақтау министрлігі мен «Ayala» қайырымдылық қорының қолдауымен қолға алын­ғанын айта кеткен жөн.

Нәрестелердің туабітті кесел­дерін азайтуға күш салып отырған Алматыдағы Пери­натология және балалар кардио­хирургиясы орта­лы­ғында ұзақ жыл бойы ұрық опе­­ра­ция­ларын табысты жүзеге асы­рып жүрген Ресейдегі жетекші «Ана мен бала» медициналық ор­та­лығының хирургтері – Марк Курцер мен Наталья Косовцова, Екатеринбург қаласындағы ана мен баланы қорғау ҒЗИ хирургі Андрей Бугеренконың қаты­суымен Қазақ­стандағы алғашқы жатырішілік патологияны түзету бойынша практикалық шеберлік сағаты өтті.

«Министрлік балалардың мүге­дек болып тууын төмен­де­туді басты міндет деп санайды. Осы мақсат жолында ұрық хирургиясы – әлемдегі ең маңызды құралдардың бірі. Біз кейінгі 30 жылдың ішінде ұрық операция­лары саласы бойынша озық әлемдік тәжірибелерді талдадық. Бұл білімнің барлығы Қазақстан­да алғаш рет әзірленген ұрық хиру­р­гиясының стандарттарына негіз болды. Перинатология және балалар кардиохирургиясы­ орта­лығының (Алматы), UMC (Астана) дәрігерлерінің бригадалары Қазақстанда және шетел­де ұрық хирургиясы бойынша ұзақ­мер­зімді күрделі тео­риялық және прак­­­тикалық дайын­дықтан өтті. Сон­­дық­тан отан­дық денсаулық сақ­тау саласы үшін бұл – аса ма­ңыз­ды күн», деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Қазақстанда ұрық хирургия­сын іске қосуға дайындықты Ден­сау­лық сақтау министрлігі екі жыл бойы жүргізіп, бұл бастама­ға­ Алма­тыдағы Перинатология және балалар кардиохирургия­сы­­ ор­та­лығы мен Астанадағы UMC КҚ-ның дәрігерлер тобы таң­дал­ды.

Денсаулық сақтау министрлігі мен «Ayala» қайырымдылық қоры ұрық хирургиясы бойынша дәрігерлердің шетелдік емханаларда жеке оқуын ұйымдастырып, оннан аса практикалық шеберлік сабақ­тары мен семинарларға қа­ты­суын қамтамасыз етті. Соны­­мен қатар қор өткен жылы дәрі­герлердің Испанияда өткен дүние­жүзілік ұрық хирур­гия­сы кон­гре­сіне сапарын ұйым­дас­тырған.

«Қазақстанда балалардың мү­ге­­­дек болып тууын азайту –«Ayala» қорының басты мін­дет­­терінің бірі. Біз елімізде ұрық хирургиясын іске қосып, қа­лып­тастыруға көмектескенімізді мәр­­тебе тұтамыз. 29,3 млн теңге­ден аса сомаға Перинатология және балалар хирургиясы орта­лығындағы ұрық хирургиясы бө­лім­­шесін арнайы медицина­­­­­лық құралдармен – лазер, фетоскоптармен жаб­дық­тауға көмектескен сенімді серіктесіміз «Gasenergy» компаниясына да алғыс айтамыз», дейді «Ayala» қайы­рым­дылық қорының негізін қалаған әрі президенті Айдана Сүлейменова.

Ал Алматы қаласындағы Пери­натология және бала­лар­ кардио­хирур­гиясы орта­лы­ғының директоры Гүлнәр Нұр­ланованың ай­туынша, мамандарымыз Израиль, Ресей, Испания, Беларусь, Пор­ту­галия сияқты елдерде білім алып, жаңа технологияларды да­йындау мен игеруде үлкен жұ­мыс атқарды. Жатырішілік ауыт­қуларды емдеуде жылына шама­мен 150-ге жуық операция жасалады деп жоспарланып отыр. Ұрық хирургиясы жобасы ана мен бала­ға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартудағы жаңа кезеңі болмақ.

Сондай-ақ таяу күндері «Ayala» қорының қолдауымен Астана­да UMC базасында меди­цина ғылымдарының докторы, International Fetal Medicine and Surgery Society (IFMSS) мүшесі Наталья Косовцованың қатысуымен ұрық хирургиясы бойынша алғашқы практикалық шеберлік сабағы өткізілмек.

Қазір ағзаға зақымы аз эндо­скопиялық (фетоскопиялық) операциялар ашық хирургияны алмастырып отырғанын айту ләзім. Өйткені мұндай операция­лар ана мен жатырдағы шарана үшін қауіпсіз. Әлемнің талай елінде құрсақішілік емдеуге жататын ұрық аурулары аясы жылдан-жылға толығып, жаңа технологиялар әзірленіп, жетілдіріліп жатыр. Туабітті жүрек кеселдері, диафрагма жарықтары мен ОЖЖ ауруларына құрсақта жатқан кезінде емдеу шаралары белсенді түрде енгізіліп, жақсы нәтижелер бере бастағаны қуантады.

АЛМАТЫ