Қазақстан • 05 Шілде, 2024

Ашықтық қағидаты – мемлекет дамуының кепілі

102 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қоғамдық бақылау мәдениетін қалыптастыру қажет. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі іске асырылуын қадағалау маңызды. Бұл туралы «Қазақстандағы саяси диалогтің негізгі құрамдас бөлігі ретінде азаматтық қоғам субьектілерімен жүргізілетін мемлекеттік даму бағдарламаларының мониторингі» конференциясында айтылды.

Ашықтық қағидаты – мемлекет дамуының кепілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында мем­лекеттік органдардың, квази­мем­лекеттік сектордың қоғам ал­дындағы ашық­тығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын заңды әзірлеу мен қабылдауды тапсырған еді. Жүктелген міндет шеңберінде былтыр еліміздегі азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар бірлесе отырып, «Қоғамдық бақылау туралы» және оған қоса «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын әзірледі.

з

Талқылаулар нәтижесінде былтыр Президент «Қоғамдық бақылау туралы» және әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдарға қол қойды. Биыл сәуір айында толық күшіне енді. Басты мақсат – отандастарымыздың мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ету. Жалпы, Ата заңның 33-бабына сәйкес азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысуына мүмкіндік беріледі. Жиында осы азаматтық қоғам ұйымдарының саяси диалогтегі рөлі айтылды.

з

– Елімізде осындай қоғамдық бақылау үрдісіне мониторинг жүргізу жобасы іске асырылмақшы. Оған министрлік тарапынан қолдау көрсетіп отырмыз. Өйткені бастама мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор жұмысының «ашықтық» деңгейін жоғарылататы­­нына сенімдімін. Әсіресе мемлекеттік бағ­дар­ламаларды іске асыруды жақсарту үшін тәжірибе алмасуға, үздік практика­лар мен бірлескен ұсынымдар әзір­леуге ықпал етеді. Мемлекет пен қоғам ­ара­сындағы өзара сенімнің нығаюына сеп болады, – дейді Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Жанаргүл Әлжанова.

Жоба азаматтық қоғам ұйымдары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мем­лекеттік комитеттер, кәсіподақ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік органдар және ха­лық­аралық серіктестермен тығыз ын­ты­мақтастық негізінде жұмыс істеуді көздеп отыр. Осы есепте еліміз үшін пай­далы болуы мүмкін мемлекеттік бағ­дарламаларды мониторингтеу ісіндегі ха­лықаралық ұйымдардың тәжірибесі ес­керілген. Конференцияда ЕО өкілдігі өз тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін жеткізді.

– Жалпы ЕО Өкілдігі мен Қазақстан арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес Қазақстанға реформа жүргізу мен жаңғырту үдерістерінде қолдау көрсетіле отырып, демократия, заң үстемдігі, адам құқықтары мен негізгі бостандықтар мәселелеріне ерекше мән беріледі. Жыл сайын Сот әділдігі мен Ішкі істер жөніндегі кіші комитет бірлесе Адам құқықтары жөнін­дегі диалог отырысын өткізіп тұрады. Ортақ бірнеше жобаларымыз да бар. Азаматтық орталық ұйымдарымен серіктестікке қуаныштымыз. Бұл бас­тама аясында бірлесе жұмыс істеп, мемлекеттік бағдарламалардың ашық­тығы мен есептілігін едәуір арттырамыз, бұл Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартуға әкеледі,– дейді Қазақстандағы Еуропалық Одақ өкілдігінің Ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі, бірінші кеңесші Баур Йоханнес.

Жоба үш жыл бойы жүзеге асырылады. Әр өңірде республикалық және аумақтық бағдарламалардың орындалуын сауатты қадағалайтын қоғамдық бақылаушылар коалициясы, институт немесе қоғамдық бақылаушылар пулы құрылады. Бірінші кезеңде бастама Түркістан, Павлодар, Қостанай және Же­тісу облыстарында жұмысын бастайды. Кейін сәтті жүзеге асырылса ғана рес­публика бойынша толық іске қосылады.

– Жетісу облысында бұл жобаның маңыздылығы артып тұр. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, аймақтың ерекшелігі мен қажеттіліктері. Яғни мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру үдерісінде еске алуды талап ететін бірегей әлеуметтік экономикалық сипаттамалар бар өңір. Мониторинг бұл бағдарламаларды жергілікті жағ­дайға қаншалықты бейімделгенін және аймақтық мәселелерді шешуге қан­шалықты ықпал ететінін анықтауға мүмкіндік береді. Екінші ерекшелігі – ашықтық және есеп беру. Монито­ринг үдерісіне азаматтық қоғамды тарту мемлекеттік органдар жұмысы­ның ашықтығын және қоғам алдындағы есептілікті арттыруға ықпал етеді, – дейді «Талдықорған облыстық әйел­дерді қолдау орталығы» ҚБ өкілі Жанар Нұрмұханова.