Технология • 05 Шілде, 2024

Жасанды интеллект: Болашаққа көзқарас

605 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Бүгінде жаһандық жасанды интеллект (ЖИ) нарығы дамып келеді. Халықаралық деректер корпорациясының бағалауынша, ЖИ жүйелері, оның ішінде бағдарламалық жасақтама, аппараттық құралдар мен қызметтерді қоса алғанда, жаһандық шығын 2023 жылдың соңына қарай шамамен 154 млрд долларды құраған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 26,9 пайызға көп. Әсіресе генеративті ЖИ нарығы тез даму үстінде (Генеративті ЖИ – жаңа деректер немесе мазмұн жасай алатын жасанды интеллект). Bloomberg Intelligence мәліметтері бойынша, оның көлемі қазірдің өзінде 40 млрд долларға жеткен. Ал 2025 жылға қарай 217 млрд долларға дейін өспек. Сонда орташа жылдық өсу қарқыны шамамен 42 пайызды құрайды.

Жасанды интеллект: Болашаққа көзқарас

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Әлемдегі ЖИ индустриясы

Жасанды интеллект технологиялары денсаулық сақтаудан қаржылық қыз­меттер, көлік саласына дейінгі әртүрлі салаларға енгізіп жатқаны мәлім. Бү­гінде ЖИ индустриясының негізгі бағыттары­на мыналар жатады: интеллектуалды роботтар мен дрондар, технологиялық платформалар, табиғи тілді өңдеу технологиялары, сөйлеуді тану, машина­лық оқыту қосымшалары, компьютерлік көру және автономды жүргізу. ЖИ технологиялары бизнестің тиімділігі мен өнімділігін арттыруда да үлкен маңызға ие. Зерттеулер­ге сәйкес, денсаулық сақтауда ЖИ қол­дану диагностикалық уақытты қысқар­туға және болжамдардың дәлдігін жақсар­туға, ал қаржы секторында деректерді өңдеу үдерісін автоматтандыруға әрі тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Көлік және логистика саласында ЖИ маршруттарды оңтайландыруға, жанармай шығындарын азайтуға көмектеседі.

БҰҰ зерттеуі бойынша еліміз «Элек­трондық үкіметті дамыту» индексінде 28-орында, ал «Онлайн қызметтер» индексінде 8-орында тұр. Елдің индексі (E-Government Development Index, EGDI) 0,86 тармақты құрайды. Бұл цифрлық технологиялар дамуының жо­ғары деңгейін, елдің ЖИ әртүрлі салаларға интеграциялауға дайынды­ғын көрсетеді. Біздің ел ЖИ дамыту­ға бағытталған халықаралық жобалар мен бастамаларға да белсенді қатысады. Мысалы, Қазақстан – басқа елдермен озық тәжірибе алмасуға мүмкіндік бере­тін Халықаралық электрбайланыс одағы (ITU) және Дүниежүзілік экономика­лық форум (WEF) сияқты түрлі халықара­­лық ұйымдар мен фо­рум­дардың мүшесі.

Жалпы, еліміз жаһандық ЖИ нары­­ғында өз орнын сенімді түрде иелене­ді. 2023 жылғы Oxford Insights үкі­мет­тің ­ЖИ дайындығы индексінде 193 ел­дің ішін­де 72-орынды, ал Оңтүстік және Орта­лық Азия бойын­ша аймақтық рейтинг­те Үндістан мен Түркиядан ке­йін 3-орынды иелендік. Оның ішінде деректердің қол­жетімділігі, цифр­лық мүмкіндік­тер және заңнамалық базаның цифр­лық бизнес үлгілеріне бейімделуі сияқты күшті жақтарымен ерекшеленеміз.

Десе де еліміздің төменгі орында тұрған бірқатар көрсеткіш бар еке­нін атап өткен жөн. Бұл – «Көзқарас» және «Жетілу». «Көзқарас» индикаторы елде мемлекеттік деңгейде ЖИ дамытуға стратегиялық көзқарастың болуын қарастыратынын ескере отырып, біз ЖИ дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледік. Тұжырымдама – жасанды интеллект экожүйесін құрудың, оны дамыту және экономиканың әртүрлі салаларында қол­дану үшін қолайлы жағдай жасаудың стратегиялық көзқарасы. Бұл құжат жақын арада бекітіледі.

Сондай-ақ қазір елдегі ЖИ бірмүйіз­ділердің саны да ескерілетін «Жетілу» индикаторы бойынша еліміздің позициясын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізіліп, ЖИ саласындағы стартаптарды қолдау бағдарламаларының ке­шені әзірленіп, қазірдің өзінде енгізіліп жатыр.

Мемлекеттік стратегия және саясат

Үкімет азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін ЖИ экожүйесін құрады. Өйткені жасанды интеллект мемлекет­тік басқаруда сұрау са­лу­лардың мәнін ескере отырып, сұ­рау­ларды жіктеу, бел­гіленген мер­зім­дер бойынша ха­барламалар жіберу, олардың құзыре­тіне қарай мемлекет­тік органдарға сұрау салуды жақсар­ту, сондай-ақ орын­дау­шыға дайын жауаптарды қалып­­тас­тыру және ұсы­ну, азаматтарға сұрау салу­ларды табу­ға көмектесу, қа­жетті ақпа­рат­ты алу және мемлекеттік қызметтерді ­алуға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау­да – кез келген ауытқуларды анықтау, тезірек және дәлірек диагноз қою. Білім беру саласында – жеке оқытудың жаңа формаларын құру. Қаржы және логис­тикада – құрылымдалмаған деректерді құры­лымдық деректерге түрлендіру, жет­кізу тізбегін басқаруды жақсарту, сұранысты болжау, жеткізу бағыттарын оңтайландыру және кез келген салада логистикадағы түгендеуді басқару.

Қазақстанда ЖИ саласы белсенді дамып келеді және осы үдерістің бір бөлігі ретінде бірқатар негізгі бастаманы жүзеге асыру жоспарланып отыр:

1. Жасанды интеллект инфрақұ­ры­лымын құру. Жасанды интеллект есептеу қуатымен қамтамасыз етілуі керек, сондықтан есептеу ресурстарына қол жеткізу үшін еліміз өзінің заманауи супер­компьютерін құру жобасын жү­зе­ге асырып жатыр. Оның іске қосы­луы 2025 жылға жоспарланған. Қазір­дің өзінде оған үлкен сұраныс бар. Есептеу қуатына айына 1 млн доллар жұм­сай­тын «Higgsfield AI» сияқты отандық компаниялар бұл қаражатты елде қал­дыра алады.
2. Білім беру мен оқытуды дамыту: Бүгінде білім бағдарламасы әр­түрлі деңгейде – жоғары оқу орындарында, техникумдарда және кәсіп­тік лицейлерде жасанды интел­лект бо­йынша курстар мен мамандықтар­­ды қамтиды. Қазірдің өзінде үш университет жасанды интеллект бойынша білім бағдарламаларын ен­гі­зіп, халықаралық серіктестік орнатты. Мысалы, Қорқыт Ата атындағы Қызыл­орда университетінде SeoulTech-пен, Сәтбаев университетінде City University of Hong Kong, Д.Серікбаев атын­дағы ШҚМТУ-мен бірлесіп отыр. Соны­мен қатар мемлекет мамандандырылған ­оқу орталықтарын құрып, тағылымдама­дан өту және алмасу бағдарламала­рын қолға алды.

Стартап экожүйесін дамыту

Елімізде жас кәсіпкерлерді, жа­санды интеллект саласындағы инно­ва­ция­­лық жобаларды қолдайтын ин­ку­­ба­ция­лық орталықтар мен стар­таптардың экожүйесі дамып келеді. 2020 жылы Дүние­жүзілік банктің қаты­суымен Өнім­ді инновациялық келі­сім жобасы аясын­да қолдау тапқан 4 стартап-жоба үз­дік әлеуметтік-бағ­дар­лан­ған ин­нова­ция­лық жобалар ре­тінде таң­далған еді. Кореядағы GIGF World Summit Awards (The 2nd Global) марапаттарының қысқа тізіміне енді. «COVID-19-дан кейінгі дәуірдегі инновациялық және тұрақ­ты өсу» тақырыбымен инновация­лық өсу форумы) әлемдегі ең жақсы инно­вациялық шешімдер ретінде, оның үшеуі жасанды интеллект техноло­гияларын пайда­лана отырып жұмыс істейді. Барлық үш денсаулық сақ­тау жобасы диагнозды жақсартуға, жеке емдеу жоспарларын әзірлеуге және денсаулық сақтау қызметтерін оңтайландыруға арналған шешімдерді ұсынады.

Бірінші жоба – «Cristal Spring» ЖШС-ның iMedHub өнімі, ол 2019 жыл­дың желтоқсанында, тіпті Қазақ­станда COVID-19 таралмай тұрып әзір­лен­ген. Сервис өкпе ауруларының 14 симп­томын анықтай алады, бұл компания­ға COVID-19 коронавирусын ерте диаг­ностикалау және емдеу үшін еліміз­дің 15 клиникасына орнатылған. Екін­ші шешім – шетелдік мамандардың жо­ғары бағасына ие болған жасанды ин­тел­лект көмегімен үлкен деректерді тал­дау арқылы көз ауруларын ерте диаг­ностикалауға мүмкіндік беретін «Kaz­Development Company» ЖШС ақпа­раттық өнімі. Жоба аясында елі­міздің түрлі өңірлерінде 50 мыңнан аса адам пилоттық скринингтік тексеру­ден өтті. Мақсаты – тиімді тетік құру арқылы ел тұрғындарының мүгедектігін төмендету.

Үшінші жоба – Назарбаев универ­си­тетінің жас ғалымдары жасаған экзоскелет. Бұл инновациялық шешім инсульттан кейінгі науқастарды оңал­туға бағытталған. Қазіргі уақытта прототип алдын ала сынақтан өтіп, толықтай жұмыс істеп тұр.

Жасанды интеллектіні қолданатын ден­саулық сақтау саласындағы соңғы жоба­лардың ішінде диагностика мен емдеу­дің диагностикалық үдерістері­нің дәл­дігін жеделдету және арттыру үшін инновациялық шешімдерді әзір­­леуші «Cerebra» компаниясын да атап өткен жөн. Олардың өнімі рентген, КТ және МРТ суреттерін талдауға арнал­ған. Бұл шешім еліміздің 100 ме­дици­налық мекемесінде, оның ішінде 46 инсульт орталығында енгізілген. «Cerebra» өнімдерін пайдалану кезінде 1 миллионнан астам меди­цина­лық кескіндер талданды, бұл патоло­гия­ларды анықтауды және дұрыс емдеуді айтарлықтай жыл­­­дамдатуға мүмкіндік берді. Ал 2023 жылы «Cerebra» жобасы Сауд Арабиясы Корольдігінде өткен INNOV8 Competi­tion стартап байқауында жыл­дың үздік инновациялық жобасы деп танылды.

Басқа салаларда да елімізде әлем­­­дік деңгейдегі стартаптар бар. Бі­рін­­ші­ден, бұл Higgsfield AI бейне редак­­торы. Higgsfield AI – мәтіндік сипат­тама­­лар­дан тура мағынада жоғары са­па­­лы ­бейне мазмұнын жасайтын жаңа буын бейне редакторы. Жетілдірілген генера­тивті ЖИ алгоритмдер арқылы платформа мәтіндік нұсқауларды түсіндіре алады, әрі оларды бейне түрінде әсерлі егжей-тегжей бейнелейді.

Қаржы секторы да ЖИ технология­ларын белсенді түрде енгізіп жатыр. Банк­тер мен қаржы институттары де­ректер­ді талдауды, тәуекелдерді бас­­қаруды, алаяқтықты анық­тау­ды автоматтандыру үшін жасан­ды интеллектіні пайдаланады. ЖИ артық­шылықтарын біріктірудің жар­қын мысалы – Kaspi.kz. Осылайша, Михаил Ломтадзе Digital Bridge 2023 көр­ме­сінде Kaspi өнім­ділігі мен қол­дан­баға қатысуы бойынша қытайлық «WeChat» қосымшасынан кейін­гі әлем­дегі екінші үздік екенін атап өтті. Көп­теген пайдаланушының сұраныста­рын өңдеу үшін Kaspi өзінің «Руслан» гене­ративті чат-ботын пайдаланады.

Нейрондық желілер

Нейрондық желілер (LLM) негі­зін­дегі ұлттық тіл моделін әзірлеу және енгізу – ЖИ технологияларын дамытудағы ең маңызды міндет. Өзі­міздің үлкен тіл үлгісін жасау цифр­лық егемендікті қамтамасыз етуде стра­тегиялық рөл атқарады. Еліміздің тұрғындары сұ­рақтары бойынша ChatGPT, Yandex­GPT, Microsoft Copilot және басқа да ше­телдік LLM-ге көбірек жүгінеді. Шетелдік әзірлеушілердің үлгілері әрқа­шан объективті тарихи фактілерді қам­тымайды, сонымен қатар біздің қоғам­ның моральдық құн­дылықтары мен мемлекетіміздің мүд­делерін әрдайым көрсете бермейді. Жеке LLM құру сізге жекелендірілген және құпия деректер­дің таралып кетуі­нен сақтап, шетелдік әзір­леушілерге жү­гінбей LLM негізінде өз өнімдеріміз­ді жасауға мүмкіндік бе­реді. Ұлттық тіл үлгісін жүзеге асыру қазақ тілін түрлі ЖИ жобаларында қол­дануға мүмкін­дік беріп, шетелдік қыз­меттерге тәуелді­лік­ті азайтады. Осы сала­дағы отандық тәжірибені дамытады. Мәде­­ниетіміз бен құндылықтарымызды сақ­тауға көмектеседі. Цифрлық ортада бір тілдік топқа жататын тіл­­­дік модель­дердің дамуына серпін береді.

Ұлттық ЖИ платформасы Ұлттық жасанды интеллект платформасы (бұдан әрі – ЖИ платформасы) мемлекеттік органдардың 90-нан астам ақпараттық жүйесінен дерек­терді жинайтын «Smart Data Ukimet» базасында құрылады. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – «Smart Data Ukimet» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы биз­нестің мемлекеттік деректерге қол­жетімділігін қамтамасыз ету. ЖИ плат­формасы жасанды интеллект ше­шімдерін әзірлеуге, оқытуға, орналастыруға, басқаруға арнал­ған инфрақұрылымды, құралдарды және қызметтерді ұсынады. Бұл болжам жасауға және сенімді деректер негізінде шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Деректерді жинау жасанды интеллектідегі жұмыстың 80 пайызын алуы мүмкін, ал деректердің жетіс­пеушілігі мен жеткіліксіздігі кез келген жасанды интеллект әзірлеу­шілері үшін елеулі кедергі.

ЖИ платформасын құру деректер­ді жинау тұрғысынан жасанды ин­тел­лект саласындағы әзірлеушілер үшін айтар­лықтай кедергіні жояды. Сон­дай-ақ ре­сурстарды пайдалануды оңтай­лан­дырады. ЖИ платформасында ұқсас мәселелерді шешу ке­зін­де жасанды интеллект әзірлеушілері қай­та пайдаланатын дайын шешімдер жиын­тығы болады. Сондай-ақ ЖИ да­муы­­ның негізгі аспектілерінің бірі эти­ка­­лық және құқықтық стандарттарды рет­­теу және құру екенін ұмытпағаны­мыз жөн. Елімізде жасанды интел­лект заңды жауапкершіліктері мен субъек­­тивті құқықтары бар электрон­дық тұл­ға ретінде қарастырылатын тәсіл қа­рас­­тырылмақ. Бұл денсаулық сақ­тау, кө­лік және қаржы сияқты әртүр­лі сала­лардағы ЖИ әрекеттері мен жауап­­кер­ші­лігін нақты анықтайды.

ЖИ дамытуда этика да маңызды рөл атқарады. Оларды пайдаланудың ықти­мал теріс салдарын болдырмау үшін ЖИ жүйелерінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету маңызды. Бұл пайдаланушы деректерін қор­ғау­ды, теңдік пен әділдік қағидаттарын қолдауды, ЖИ алгоритмдерін­дегі кемсітушілік пен біржақтылықты бол­дырмауды қамтиды. Интеллект сала­сындағы қыз­метті реттеу үшін Жасанды интеллект және инновациялық даму жөніндегі арнайы комитет құрылды. Ол ережелер мен стандарттарды әзір­лейді, сондай-ақ олардың сақталуын бақылайды. комитет ЖИ реттеу сала­сындағы озық тәжірибелерді есепке алу үшін халық­аралық ұйымдармен, сарапшылармен ынтымақтасады.

ЖИ-дің еңбек нарығы мен экономикаға әсері

Жалпы, ЖИ жаһандық еңбек нары­­ғы мен экономикаға айтарлықтай әсер ­етеді. Болжамдар ЖИ қабылдау өнімділік пен тиімділікті арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға бола­тынын көрсе­теді. Дегенмен кей­бір жұмыс орындарын ауыстыру мүм­кіндігіне байланысты тәуекелдер де бар. Бұл аспектілерді әртүрлі салаларда ЖИ енгізудің стратегиялары мен бағдарламаларын әзірлеу кезінде ескеру қажет. Кәсіптері ЖИ ­ауыстырылуы мүмкін жұмысшыларды қайта даяр­лау, олардың біліктілігін арттыру бағ­дар­ламаларын әзірлеу керек. Бұл жаңа типтегі экономикаға ке­дергісіз көшу­ді қамтамасыз етеді, әлеуметтік тұрақ­тылықты сақтайды.

Сондай-ақ ЖИ жаңа өндірістерді дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға көмектеседі. Мысалы, ЖИ жүйелерін әзірлеу, техникалық қызмет көрсету деректер ғалымдары, машиналық оқыту инженерлері және деректер талдаушылары сияқты көп­те­ген маманды қажет етеді. Эконо­мика­ның тұрақты дамуын қамтамасыз ету және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін осындай мамандарды даяр­лау және тарту үшін жағдай жасау маңыз­ды. Сандық әлеует және заңнамалық базаның бейімділігі, сон­дай-ақ стартаптар мен білім беру бағ­дарламала­рын қолдау (мысалы TechOrda) сияқты ­күшті жақтары заманауи инфрақұры­лым мен тұтас эко­жүйені қалыптастыру­мен бірге одан әрі ілгерілеу үшін қолай­лы жағдайлар жасайды. Nomad Visa және Nomad Residency жүйесін енгізу, өз кезегінде, ТМД мен түркі елдері­нен ғана емес, сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпірінен ЖИ саласындағы озық таланттарды тартуға айтарлықтай үлес қосады. Дегенмен ЖИ дамуының тұрақты болуын, тұтастай алғанда қоғамға пайдасын қамтамасыз ету үшін этикалық және құқықтық аспектілерді, сондай-ақ ықтимал экономикалық салдарды ескеру маңызды.

Елімізде жасанды интеллект қазір­дің өзінде белсенді түрде қолданылып, нақ­ты нәтижелер беріп келеді. Эконо­миканың тұрақты өсуі мен дамуын қам­тамасыз ету үшін осы саланы дамытуды, жаңа технологияларды енгізуді жалғастыруға баса мән береміз.

Қаныш ТӨЛЕУШИН,
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі
бірінші вице-министрі