Жалпы, республикалық экологиялық акциясы басталғаннан бері үш ай уақыт ішінде «Таза бейсенбі», «ROAD-эстафета», тарихи-мәдени мұра ескерткіштері мен объектілерін вандализм іздерінен тазарту іс-шаралары жүйелі түрде жүрді. 160 мыңға жуық тұрғын белсене қатысты. Атап айтқанда, кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, волонтерлар, жастар, шағын және орта бизнес өкілдері бой көрсетті. Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» экоакциясы «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» бағыттары бойынша жүргізілді.
Солардың ішінде текеліліктер де тазалық шараларында белсенділік көрсетуде. Өткен аптаның соңында қаланың 150-ден астам тұрғыны Қаратал өзенінің жағалауын тазалады. «Текелі Су құбыры» кәсіпорны, «Гараж» ЖК және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан қоқыс тиегіш 2 техника, қоқыс таситын 3 техника жұмылдырылды. Экологиялық акцияға тұрақты шығатындардың арасында кәсіпкерлер де бар. Солардың бірі Сәкен Сандыбаев өзінің жеке нысанының маңайын ғана емес, жалпы қаланың тазалығын сақтап, абаттандыруға атсалысып келеді.
«Текелі – біздің туған қаламыз, ортақ үйіміз. Осында балаларымыз, немерелеріміз өсіп-өніп, ержетіп келеді. Сондықтан қаланың болашағына да, тазалығына да бәріміз бірдей жауаптымыз. Осындай ортақ істерге бірге жұмылып, басқаларға үлгі боларлық игі шараларды көптеп атқарайық», дейді кәсіпкер.
Текелі қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Жетібаевтың айтуынша, осы акция басталғаннан бері қалада 34 сенбілік ұйымдастырылып, оған 3 500 адам жұмылдырылған. 350 түп ағаш көшеті отырғызылып, 18 мыңға жуық гүл егілді, бей-берекет шашылған қоқыстар шығарылды.
Сол сияқты тазалық акциясына қатысқан Ақсу ауданының еріктілері Жансүгіров ауылындағы «Сегізбатыр» скверін абаттандырды. Оған қоса арықтарды тазалап, қоқыс шығарумен қатар көшеттерді суарып, көгалдандыруға да ерекше мән берілуде.
«Акция басталғалы тазалық шаралары тұрақты атқаралып келеді. Апта сайын «Таза бейсенбі» шарасын ұйымдастырамыз. Оған негізінен жастар белсенді қатысуда. Бұл өскелең ұрпақтың қоршаған ортаға деген қамқорлығын қалыптастыруға үлкен ықпал етеді», дейді Жансүгіров ауылдық округінің әкімі Ілияс Мұсабаланов.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының мәліметіне қарағанда, бұл шараларға бүгінге дейін өңірде жалпы саны 154 мыңнан астам адам атсалысып,
1 102 техника жұмылдырылды. Тазалық шараларының нәтижесінде, 6 162 тонна қоқыс шығарылып, 2 200 км арық желісі тазаланды. Облыс аумағында акция кезінде 29 514 түп ағаш отырғызылды.
Жетісу облысы