Саясат • 05 Шілде, 2024

ШЫҰ саммиті – Президентіміздің зор жеңісі

162 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шанхай ынтымақтас­тық ұйымына мүше мем­ле­кеттер басшылары кеңе­сі­нің отырысы аяқтал­­ды. Қа­зақ­­стан ШЫҰ-ға төр­ағалық еткен жыл Ұйым үшін бетбұрыс кезеңі бол­ғаны сөзсіз.

ШЫҰ саммиті – Президентіміздің зор жеңісі

Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев сыртқы сая­сатымыздың жасампаз әлеуе­тін бүкіл әлемге көрсетті және бұл саммит қазіргі жаһандық геосаяси турбуленттілік қыспағындағы әлем қоғамдастығына жаңа тыныс-дем берді.

БҰҰ Жарғысының үстемдігі жағдайында бейбітшілік пен жаһандық диалогті басымдық ретінде бекіткен Астана декларациясы 3,5 миллиард халық­ты құрайтын мемлекеттер бас­шыларының ортақ ерік-жігерін білдіреді. Бұл құжаттың рухани мазмұны адамзаттың бар жа­һандық қауіп-қатер мен дағда­рыстарды еңсеруге деген үмітін оятып отыр.

Мемлекет басшысы «Қазақ­стан Ұйымның негізін қалау­шылардың бірі ретінде, өзінің төрағалығы кезеңінде ШЫҰ-ны алдымыздағы сын-қатерлерге төтеп беретін мейлінше тиімді ұйымға айналдыруды көздеп отыр» деп атап өтті. ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі ұзақмерзімдік даму стратегиясын бекіту және ұйымның өңірдің логистикалық байланысы мен сауда-экономика саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуге баса назар аударуы маңызды қадам болды. Қа­сым-Жомарт Кемелұлы басқа ин­тег­рациялық бірлестіктермен – Еуразия экономикалық од­а­ғы­­мен, БРИКС, АСЕАН және Еуропа Одағы елдерімен ынты­мақ­­тастықты дамыту келешегіне мән берді.

Мемлекет басшысы жаһан­дық сауданы дамыту үшін Еуразия белдеуіне көбірек көңіл бөлуді ұсынып, ШЫҰ-ның жаңа моделін белгіледі. Қазақстанның төрағалығы кезінде айқындалған бұл бағытты ШЫҰ-ның барлық мүшесі қызу қолдады. Мүддесі көбінесе қарама-қайшы әрі бәсекелес жаһандық көшбасшы елдерді біртұтас сындарлы күн тәртібі арқылы біріктіру Президентіміздің зор жеңісіне айналды. Бұл жайт Мемлекет басшысының дипломатиялық таланты мен мол тәжірибесін көрсетеді. Оның жетекшілігі­мен еліміз жүргізіп келе жат­қан ау­қымды да сындарлы, ег­жей-тегжей үйлестірілген сырт­қы сая­саттың жемісі деп те ай­та аламыз.

Жаңа жағдайда Қазақстанның ШЫҰ-ның барлық мүшесіне ұсынары мол. Біріншіден, бұл – біздің елдің географиялық орнына байланысты қамтамасыз ете алатын орасан зор логистикалық әлеует. Мемлекет басшысы атап өткендей, Азия мен Еуро­па арасындағы құрлықтың тран­зиттік тасымалының 80 пайызы еліміздің аумағы арқылы жүзеге асырылады. Ресейді Оңтүстік Азия елдерімен байланыстыратын Солтүстік – Оңтүстік бағыты да Қазақстан арқылы өтуі мүмкін. «Шанхай ондығына» кіретін елдерге іс жүзінде шектеусіз сауда жасау үшін зор мүмкіндіктерге жол ашады.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің «ШЫҰ плюске» белсене қатысуы ұйымның гео­саяси маңыздылығы артып, Үлкен Еуразия елдері мен халықтарының мүдделерін білдіретін алаңға айналып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе Бірік­кен Ұлттар Ұйымын орта державалардың пайдасына сай реформалау туралы пікірталас жағдайында мұның маңызы зор.

Астанадағы саммиттердің дәстүрлі түрде ШЫҰ аясының кеңеюімен аяқталуының рәміздік мәні бар. 2017 жылы ұйым Үндістан мен Пәкістанды қабылдап, 8 мүше мемлекетке дейін кеңейді. Бүгінгі отырыс Беларусь Республикасын ШЫҰ-ға қабылдау туралы ше­шім қабылдаудан басталды. Осылайша, қазақ жерінде ұзақ­мерзімдік мақсаттар айқын­далып, Шанхай ынтымақтастық ұйымының дамуына тың серпін берілді деп айта аламыз.

Ұйымдағы кезекті төрағалығы­мыздың қорытындысы ретінде саммитті Астанада өткізу ұлт­тық мүддемізге толық сай келеті­нін айтуға болады. Тұрақты Шанхай диалогі Қазақстан үшін де, әлемдік қоғамдастық үшін де ұдайы туындап отыратын барлық сын-қатерге жүйелі жауап береді. Бірақ одан да маңыздысы – Қазақстанның «Шанхай ондығына» мүше болуы және белсенді қаты­суы еліміздің аумақтық тұтас­тығы мен қауіпсіздігіне кепіл­дік береді, әлемдік экономи­ка көшбасшыларымен сауда-эко­номикалық ынтымақтастықты кеңейтуді қамтамасыз етеді.

Ерлан ҚОШАНОВ,
Мәжіліс төрағасы