ТАРАЗ. 26 сәуір. Жамбыл облысының сайлаушылары бүгінгі науқанда белсенділік танытуда. Тараз қаласындағы №50 сайлау округінде күндізгі сағат 10-ға дейін 800-ге жуық сайлаушы өз таңдауын жасап үлгерді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Учаскеде сайлаушыларға барлық жағдай жасалған. Аулада әсем ән қалықтап жатса, іште дауыс берушілердің кейбірі шахмат, дойбы ойындарын қызу кірісіп кетіпті. Сондай-ақ, сайлау учаскесі жанында сауда дүңгіршектері қойылып, ел қажетті азық-түліктерін сатып алуда.
Ал, Тараз қаласындағы №39 сайлау округіне алғашқылардың бірі болып келген 78 жастағы Ботабай Малдыбаев ақсақал ел тағдыры шешілетін жауапты сәтке бей-жай қарай алмайтынын айтады. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған қария дауыс беруге әжей екеуі келіпті. Ал, Жамбыл политехникалық колледжінің студенті Захар Шарипов өз таңдауын №35 сайлау округінде жасады. Болашақ жылыжай маманы Захар осы науқанға ат салысып, дауыс бергеніне өте қуанышты. «Таңертең ерте тұрып, сайлау учаскесіне жеткенше асық болдым, бұл мен үшін үлкен жауапкершілік» дейді ол. Жамбылдық сайлаушылардың өз таңдауларын жасауда белсенділік танытуы, әрине, олардың бұл жауапты сәтке асқан жауапкершілікпен қарайтынын білдірсе керек. Бірлігі, ынтымағы жарасқан елдің халқы осындай ұйымшыл болады.
Облыстық сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда сағат 12-ге дейін жамбылдық сайлаушылардың 49,9 пайызы, яғни, 256 944 адам дауыс берді. Облыс бойынша 461 сайлау учаскесі бар.
Оралхан Дәуіт.
Дерек, сурет: egemen.kz