21 Қаңтар, 2015

Озық технология, өркенді өндіріс

954 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
ИндустриализацияБұл инновациялық жобаны жүзеге асырушы «Каспий Плюс» ЖШС- нің тау-кен саласына және темір-бетон құрастырмаларын өндіруге қажетті бекіту материалдарын, темір құрастырмаларын және арматуралық дәнекерлендірілген торларды ұсынуда ұстанып отырған басты ұстанымы. Серіктестік осындай өңделген темір өнімдерін жасаумен және өндірумен айналысатын жас та ырғақты дамып келе жатқан компания. Бұл өндірістік компания еліміздің тау-кен өндіру саласы үшін отандық бекіту материалдарын өндіретін тауар өндірушілер тізіміне енгізілген. Серіктестік тау-кен саласы үшін әртүрлі бекіту бұйымдарын шығарады. Өндіріс оларды өндіруді өз сызбаларымен, сондай-ақ, арнаулы технологияны пайдалана отырып, үлгілер бойынша да жүзеге асырады. Компания барлық өнімдерді өзінің өндірістік алаңдарында шығарады. Сондықтан серіктестіктің қандай да бұйымды тапсырысшының талабы және техникалық өлшемдер бойынша жасау мүмкіндігі мол. «Каспий Плюс» ЖШС таңдаған стратегияны Қазақстанның тау-кен шахталық саласы үшін бекіту бұйымдарын шығаратын баламалы өндірісшілерден түбірімен өзгеше деу орынды. Кәсіпорын әріптестеріне бекіту бұйымдарын барлық рұқсат құжаттарымен және ҚР СТ және Кеден одағы сертификаттарымен ұсынады. – Әрине, біз бұған бірден қол жеткіздік десек күпірлік болар еді. Мен ол кезде «Восход Ориель»ЖШС-не цемент жеткізіп жүргенмін. Серіктестіктің темір торларды шетелден әкеліп жүргенін көріп, неге өзіміз жасамасқа деген ой келді. Сөйтіп, кәсіпорын басшыларына темір тор жасап ұсынсам аласыңдар ма деп тамырларын басып көрдім. Олар бізде оны жасау мүмкін емес дегендей уәж айтты. Аламыз деп кепілдік бере алмаймыз, жасап көр, деді. Мен бос қалған гаражды жалға алып, темір тор дәнекерлеу ісіне кірісіп кеттім. Жасаған торымыздың сапасына көз жеткізу үшін оны екі трактормен керіп тартқанда, темір дәнекерленген жерден емес, тінінен үзілді. Бұл біздің темір дәнекерлеуді жетік меңгергеніміздің айғағы болатын. Сөйтіп, біздің мұндай өнімді сапалы жасайтынымызға көздері жетті. Солай темір өңдеу жұмысы қарқын алды. Келе-келе Қытайға, Түркияға, Малайзияға, Сингапурға, Ресейге барып, осы заманғы темір өңдеу технологияларымен таныстық, өздеріміз көп іздендік, осы заманғы ең озық өңдеу станоктарын жеткіздік. Қазір біздің кәсіпорындағыдай темір өңдеу станоктары елімізде жоққа тән, – деді «Каспий Плюс» ЖШС директоры Жандос Пангереев бізді өндіріс алаңына бастап келе жатып. Шындығында, бұл өзі бірегей кәсіпорын екен. Біздің бұрынғы зауыттардай арсыл-гүрсіл жоқ, айнала тап-таза, жинақы. Станоктардың әрқайсысы бірнеше операцияны атқарады. Тіпті, оншақты операцияны бір өзі атқаратындары да бар. Барлығы бірдей сандық басқару бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Осындағы оннан астам станоктарда небәрі тоғыз-ақ адам еңбек етеді. Жұмысшылардың дені ауылдан келген жастар. Қимылдарынан технологияны жетік меңгергендері анық аңғарылады. Олар Қытайда, Германияда, Ресейде оқып, тәжірибеден өткен. Мұнда жасалатын бұрғылап қазу өтімдерінің төбесін бекітетін темір бұйымдарды (жеңілдетілген арка) Германияда сынақтан өткізіп, сапалы екеніне көздері жеткен. Тіпті, немістер осында келгенде өздерінің үлгілік аркаларын серіктестікте жасалған аркамен шатастырып алған көрі­неді. Себебі, мұнда жоғары техно­ло­­­­гия­лы станоктармен жұмыс істейді. Серіктестік тау-кен шахталық саласы үшін бекіту бұйымдары нарығында 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өндіріс алаңы 3 мың шаршы метрді құрайды. Кәсіпорында біліктілігі жоғары маман жұмысшылар еңбек етеді. Өндірістік цехтар Германия, Оңтүстік Корея, Ресей және Қытайдың қондырғыларымен жарақтандырылған. Темірлерді өңдеу өнімділігі жоғары сандық басқару бағдарламасымен жұмыс істейтін орталықтарда жүзеге асырылады. Осы технологиялардың тиімділігі мен көп салалығының арқасында жаңа өнімді шығаруға, қайта реттеуге көп уақыт кетпейді, мұнда дайындалған өнімнің сапасына кепілдік беріледі. Мұндай технологияны өндірісте пайдалану машина жасау, ауыл шаруашылығы, энергетика өнеркәсібіне қажетті темір өнімдерін, қосалқы бөлшектерді шығаруға мүмкіндік береді. Серіктестік тау-кен шахта саласына металл құрастырмалы аркалық бекітпелер жасайды. Олар қолданатын шахталар мен тоннелдерде пайдаланылатын Pantex жүйесіне балама жоқ деуге болады. Pantex жүйесі тиянақты тестіленген және әлем бойынша пайдаланылады. 2008 жылдан бастап тау жыныстарын және темір-бетон құрастырмаларын бекіту үшін арматуралық торларды дәнекерлеу өндірісі игерілді. Арматуралық торларды дәнекерлеу арматуралық сымдарды салқын деформациялау әдісімен жүргізіледі. – Біз жеке тапсырыс бойынша темір торларды әртүрлі өлшемде, мырышталған түрлерінде жасай аламыз, тау-кен шахтасы үшін пластикалық құбыр шығарумен де айналысамыз. Біздің компания 2014 жылдан бастап арнаулы коррозияға қарсы ПВХ пластик құбырларын шығаруды жүзеге асырды. Ол анкерлік құрамға кіреді. Бұл бізге бәсекеге қабілетті және импортты алмастырушы өнім шығаруда мүмкіндік берді. Компанияның өндірістік алаңы Еуропада өндірілген станоктармен жарақтандырылған, осы заманғы озық технологияның арқасында кәсіпорын өндіретін өнімдер бәсекеге қабілетті және әлемдік стандарттарға сай келеді. Ком­пания облыста әртүрлі өлшемдегі анкер­лер, торлар, аркалық бұйымдар өндірі­сін қалыптастыру мақсатында жаңа қон­дыр­ғы сатып алды. Темір өңдеу үшін сан­дық басқару бағдарламалы неміс қондыр­ғыларын сатып алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде, – дейді серіктестік басшысы. Серіктестік осы аз ғана уақытта өзін тұрақты, сенімді және адал жеткізуші ретінде таныта білді. Компания бес жылдан бері өңірдегі кен өндірумен айналысатын көптеген компаниялармен әріптестік қатынасты нығайтып келеді. Кәсіпорын өндіретін темір өнімдері еліміздің барлық өңірлерінде пайдаланылады. Жұмысшылардың біліктілігі мен тәжірибелілігі қандай да тапсырысты тез және сапалы орындауға алғышарт жасау­да. Серіктестіктің қондырғыларының сапалылығы мен пайдалану сипатының жоғарылығы, жеткізудің және төлемнің тиімді жолдарының қарастырылуы кәсіпорынның сенімді әріптестік беделін көтерді. Өндірістік көрмелерге тұрақты қатысатын «Каспий Плюс» ЖШС «Astana Mininq and Metallurqy», «Mininq Week Kazakhstan 2014» дипломдарымен марапатталған. Компанияның бұрғылап қазу өтімінің австралиялық әдісін қолданатын «Восход Ориель» ЖШС-мен тығыз әріптестік қатынасы қалыптасқан. Сондай-ақ, неміс әдісімен бұрғылайтын «ШахтбауҚазақстан» ЖШС-мен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Бұл әдісті Еуропа, Америка, Австралия және басқа Батыс елдері қолданады. – Елбасы Н.Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында темір өңдеуді дамытуға басымдық берді. Біз осы тапсырма аясында өнімді жұмыс істеуге бағыт ұс­таудамыз. Кәсіпорында шығарылатын өңдел­ген темір бұйымдарының ассор­тимен­тін кеңейтудеміз, жаңа заманауи техно­логиялық желілерді пайдалануды жетілді­ре түсудеміз. Соның нәтижесінде қазір серік­тестіктің өндіріс алаңынан топырақтық, фракциялық және құбырлық, топырақтық кермелік, топырақтық болатполимерлік, аркалық бекітпелер, шайбалар, арматуралық дәнекерленген торлар, бекіту бұйымдары, еуродуалдар, болат фибра шығарылады. Фибраның қолдану саласы кең. Бұл темір бетонның, қатты жамылғының беріктігін арттыратын металл бұйымы болып табылады, – дейді сөз арасында ол. Жандос Болатұлы мұндай иннова­ция­лық жобаны жүзеге асыруға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, «Даму» кәсіп­керлікті дамыту қоры Ақтөбе филиалының басшысы Төлеміс Шотановтың қолдау көрсеткенін жеткізді. Компанияның негізінен екінші дәрежелі АТФ банкпен әріптестік қатынаста жұмыс істейтінін айтып өтті. Инновациялық кәсіпорын басшысы өз өнімдерін тек қана еліміздің тау-кен және шахта саласына ғана емес, көршілес Ресей нарығына шығаруды ойластыруда. Ол үшін Орынбор қаласынан өздерінің өкілеттігін ашу көзделуде. Қазір компания белсенді инновациялық саясатын жүргізуде, осы заманғы озық технологияны енгізуде, жаңа өнім түрлерін игеруде, батыстық әріптестерімен іскерлік қатынасты нығайтуда, диллерлік жүйелерді кеңейтуде, клиенттермен байланыс нығаюда, кәсіпорынға білікті мамандар тартуда ізденістің арнасын кеңейтіп келеді. Міне, осылай озық технологиямен жұмыс істейтін бірден-бір кәсіпорынның өркенді өндіріс ретіндегі беделін биіктетуге батыл қадам жасалуда. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.