21 Қаңтар, 2015

1500 адамды жұмыспен қамтыған серіктестік екінші бесжылдықтың тұңғыш нысанын іске қосты

262 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

ИндустриализацияИндустрияландыру іс үстінде

Алғашқы аяқ алыс «Радуга» ЖШС еліміздің нарығында жиырма жылға жуық жұмыс істеп келеді. Алғашқыда Ресей-Қазақстан бірлескен кәсіпорны ретінде құрылып, жеңіл-желпі, кейін көтерме сауда-саттық түрлерімен айналысты. Қызылжар өңірінде тапшы азық-түлік түрлерін, шаруашылық тауарлары мен тұрмыстық бұйымдарды көрші елден тасымалдап, жұртшылық сұранысын өтеп жүрді. Оның аяғынан тік тұрып кетуіне партия, кеңес органдарында ұзақ уақыт жауапты қызмет атқарған Анатолий Шарапаевтың ықпалы зор болды. Өмірден түйген-білгені мол тәжірибелі басшы балаларына жөн сілтеп, бағыт-бағдар беріп отырды. Алайда, білікті экономист бір ғана алыпсатарлықпен шаруаның орайы келмейтінін түсініп, дербес өндіріс орнын құруға бел байлады. DSC_8651 Бұл ойы отбасы тарапынан қолдау тапқаннан кейін тоқырауға ұшыраған зауыттың бір ғимаратын жалға алды. Сөйтіп, майлы сырдың бір партиясын шығарып, жер­гі­лікті тұтынушыларға жөнелт­ті. Алғашқы аяқ алыс күткен­де­гідей нәтиже беріп, шетелдік қон­дырғылар сатып алына бас­тады. Серік­тестіктің негізгі өндірістік базасы облыс орталығындағы көп­қабатты ғимаратта орналасып, ондағы цехтар­да жүгері таяқшаларын, дәмді поп­корн шығаруға басым­дық берілді. «Добрая», «Импе­ратор» деген атауларға ие 2, 5, 10 килолық орамалардағы жо­ғары, бірінші сұрыпты ұн өнім­дері жоғары сапалығымен ерекшеленді. Кәсіпорын Қызылжар ауданында иесіз қалған ғимаратты сатып алу үшін мемлекеттің қар­жылық қолдауына жүгінді. Екінші деңгейлі банктен алын­ған несиеге күрделі жөндеу жүр­гі­зіліп, 50, 100, 150, 200 грам­дық салмақта жылтыр орама­да қуырылған «Добрая» шекіл­деуігін шығаратын цех ретінде жабдықталды. Содан бері бұл өнімге деген сұраныс еш үзілген емес. Бір айдағы өнім көлемі 50-60 миллион теңге­ні құрайды. Оның жанынан кең­се, мәжіліс залдары, 30 орын­дық асхана, шағын қонақ үй ашылды. Бүгінде лак және сыр материалдарын саудалаумен айналысатын қазақстандық өндірістік-сауда компаниясы көпсалалы бағыт ұстанып, еліміздің 12 қала­сында бөлімшелерін аша білді. Өнімнің 40 түрі шығарылады 1997 жылы Анатолий Михай­лович өркен жайған бизнес саласын ұлдары Дмитрий мен Петрге тапсырды. Бұлар болса, әке аманатын бұлжытпай орындауға бар күш-жігерлерін жұмылдырып, сәтті дамытып келеді. Өз қаражат­тарына Бескөл кентінде жаңа ғима­рат тұрғызып, таттанбайтын ақ қаңыл­тырмен қаптаған соң полимерлі тұрмыс қалдықтарын өңдеп, пластмасса бұйымдарын шығаратын үшінші өндіріс ошағына айналдырды. Бұған дейін Петропавл ауыр машина зауытынан сатып алынған ескі қондырғылар қолданылып келсе, енді уақыт талабына орай озық технологиялармен жабдықтау қажеттігі туды. Сол себепті, Қазақстан Халық банкі арқылы миллион АҚШ доллары мөлшерінде несие алынып, «Полимерлерді қайта өңдеуге арналған өндірісті жаңғырту» жобасы жүзеге асырылды. Қаржы бірінші кезекте полимер өнімдерін шығаратын шетелдік заманауи станоктар орнатуға және автокөлік паркін жаңалауға жұмсалды. Ағайынды кәсіпкерлердің тың бастамасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде де қолдау тауып, 25,5 миллион теңге демеуқаржы берілді. Осылайша шикізатқа тәуелділіктен де біржола құтылды. Қазіргі күні жергілікті жерлерде сатып алынатын және еліміздің өзге өңірлерінен әкелінетін тұрмыс қалдықтарын кептіріп, өңдейтін қуатты желі жұмыс істейді. Ал, дайын полимер түйіршіктері алуан түске боялып, шикізат ретінде қолданылады. Екіжақты келісімге орай Ресейдің бірқатар аймақтарына экспортталады. Бүгінде мұнда 40-қа жуық бұйым түрлері әзірленеді. Олардың арасында тұрмыстық шелектер, киімілгіштер, түрлі-түсті төсеніштер, балалар, балықшылар шаналары, биодәретханалар секілді үлкен сұранысқа ие өнім түрлері бар. Өнімдердің арзан болуына жергілікті шикізатты пайдалану әсер етсе, екіншіден, полимерлерді екінші қайтара өңдеуге арналған өндірістің іске қосылуы айтарықтай ықпал жасағанын аңғару қиын емес. Жаңалыққа жаны құштар Шарапаевтар негізгі өндірістік базаға компьютермен басқа­ры­латын германиялық «Heizomar» қазандығын орнатып, көл-көсір рахатын көріп отыр. Отын ретінде ағаш қалдықтары мен жаңқалар пайдаланылады. Серіктестік ірі кәсіпкерлік субъектілер арасында «Эко­логияға қосқан үлесі үшін» ата­лымында «Парыз-2014» бизнестің әлеуметтік жауап­кер­шілігі байқауының қола жүлдегері атанса, Д.Шарапаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Экспорт – басты бағдар Қазақстаннан тысқары аймақтарға да «Добрая рать» сауда маркасы брендімен танымал «Радуга» ЖШС-де бүгінде 1500 адам тұрақты жұмыспен қам­тылған. Тауарлық-қар­жы­лық айналымы 2013 жылы 7 миллиард, 2014 жылы 10,5 миллиард теңгені құраған. Былтыр 1,3 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, алдыңғы жылға қарағанда 1,5 есе өскен. Биыл бұл көрсеткішті 2,5 миллиард тең­геге жеткізу белгіленген. Ком­пания дистрибьюторлық жүйе арқылы өнімдерін еліміз­дің барлық өңірлеріне, сондай-ақ, Ре­сейдің көп бөлігіне таратады. Жуырда компанияның Бескөл филиалында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және халық тұтынатын тауарлар шығаруға арналған жаңа кешен Индустрияландыру картасы шеңберінде пайдалануға берілді. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысып, пластмасса бұйымдары, түтікті темір өнімдері, полиэтилен құбыр­лары, қалташалар мен баулы қапшықтар өндіретін кешенді іске қосты. – Мемлекет басшысы Н.Назар­баев Қазақстан эконо­ми­касының 6 пайыздық өсімін қамтамасыз ету үшін жыл сайын 10 мың жаңа жұмыс орнын ашу талабын жүкте­ген болатын. Осыған орай өңір­де индустриялық-инновация­лық даму мемлекеттік бағдар­ламасының екінші бесжыл­дығына 100 миллиард теңгенің 70-ке жуық жобасы енгізілді. Олардың арасында 10 миллиард теңге болатын Тайынша қалайы комбинаты секілді ірі жобалар бар. ҮИИДБ барлық аудандарда жүзеге асатын болады. Солардың ең алғашқысы ретінде полиэтиленнен 40-шақты өнім түрлерін алатын кәсіпорын бой көтеріп, 40 адамға жұмыс тауып беріп отыр. Пластмассаға керекті шикізаттың осындағы тұрмыстық қалдықтардан өндірілетіні жобаның басты артықшылығы деуге болады, – деді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Ерік Хамзаұлы. Одан кейін филиалдың түтік металдардан екі түрлі ба­ла­лар шанасын, киім-кешек үтік­тейтін тақта, үш түрлі киім-ке­шек кептіргіш, саты, кеңселік орын­дықтар сияқты халық кең тұтынатын тауарлар мен бұй­ымдар жасайтын цехта болды. Компанияның бас директоры Дмитрий Шарапаевтың айтуынша, филиалға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 1,5 миллиард теңгенің құрал-жабдықтары орнатылып, өнім түрлері екі есе көбейген. Жаңа жылдан бас­тап өз күшіне енген Еуразиялық экономикалық одақ өзара тиімді әріптестік байланыстарға, қолайлы келісімшарттарға, тауарлардың үзіліссіз экспортталуына кең жол ашатын болады. «Добрая рать» брендімен жұмыс істейтін компанияда тауар логистикасы, брендменеджерлер, маркетинг қызметтерінің қуатты жүйесі қалыптасқан. Алдағы уақытта полимерлі тұрмыс қалдықтарын жинауға арналған орама жасау, тауар түрлерін көбейту, қосымша сауда орындарын ашу, экспорт үлесін арттыру белгіленген. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.