21 Қаңтар, 2015

Шығындарды қысқарту іс-шараларын бастады

329 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Самұрық-Қазына» АҚ дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға кірісті. Бұл туралы Үкімет отырысында, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Ө.Шөкеев хабарлады. «Әлемдік экономикадағы теріс өзгерістерге байланысты компаниялардың бизнес-жоспарлары да қайта қаралатын болады. Соның ішінде, бекітілген жоспардағы шығын көлемі 337 млрд. теңгеге қысқартылады,  өзіндік құн 249 млрд. теңгеге төмендетіліп, жалпы әкімшілік шығындар 64 млрд. теңгеге, яғни 16,6 %-ға қысқарады. Бекітілген жоспардағы капиталды шығын 1,3 млрд. АҚШ долларына, тиісінше 18 %-ға қысқартылады», – деді Ө.Шөкеев. Сондай-ақ, қордың инвес­ти­ция­лық бағдарламасын 18 %-ға қыс­қарту жоспарланған. Қор компаниялар тобындағы ин­вес­­тициялық бағдарламалар химия­­лық, тау-кен, құрылыс, көлік, мұ­най-газ салаларын­да қысқара­тын болады. Соны­мен қоса, Мем­ле­кет­тік индус­трия­лық-инно­вациялық даму бағдар­ламасы-2, «Нұр­лы Жол» бағдар­ламасы, «EXPO-2017» көрмесі нысандары мен өзге де стратегиялық маңызы бар жобалар жүзеге асырыла бермек. Ө.Шөкеев атап өткендей, қазір­гі­дей алмағайып экономикалық жағ­дайда «Самұрық-Қазына» қоры биз­несті трансформациялау ісіне ерекше көңіл бөлетін болады.  «Өткен жыл­дың 6 қазанында Мемлекет басшысы іске қосқан Қорды трансформациялау бағдарламасы қор дамуының негізі болып табылады.  Бағдарлама қор компанияларының дағдарысты жағдайларға деген иммунитетін күшей­теді. Сондықтан, экономикалық өлшем­дер төмендеп жатса да, біз бұл бағдарламаны тоқтатпаймыз», – дейді Ө.Шөкеев. Барлық компаниялар үшін алда­ғы 3 жылға Жол карталары жаса­лып, бекітілген. Қордағы бизнес-үде­ріс­терге реинжиниринг жасау мен үз­дік халықаралық талапқа сай страте­гия­лық холдинг/белсенді инвестор моделіне өту жұмысы да жалғасады. «2015 жылы біз 10 ірі компанияда операциялық трансформацияны бас­таймыз, компаниялар бойынша 8 мың үдерісті зерделеп, қайта қарайтын боламыз. Жаңа KPI, еңбекақы төлеудің грейдирлік тәсілі, 10 HR-бастама жүйе­­лері енгізіледі. Қор тобында IT-қыз­мет­тің орталығын жасау жоспар­ла­нуда, бұл 70 млн. АҚШ долларын үнемдеуге мүмкіндік береді. Ком­па­ния­лар саны 600-ден 500-ге дейін қысқарады», – деді Ө.Шөкеев. Қор басшысы Жекешелендіру бағ­дар­ламасының 2015 жылы да жалға­сын табатынын атап өтті. «2014 жылы жекешелендіру бағ­дарламасы аясында 64 активті сату жос­парланса, соның 12-сі 4,1 млрд. теңгеге (бағалық құны 2,5 млрд. теңге болған) сатылды, 12 компания бойынша сатып алу келісімшарты қол қою кезеңінде, олардың жалпы сомасы  20,3 млрд. теңге. Ірі 10 компания мен тағы 24 актив бойынша жұмыстар жалғасуда. 5 актив бойынша сауда  2016 жылға ауыстырылды. Осы жылы Қор тобы 17 активті сатуды жоспарлап отыр», – деп мәлімдеді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы. «Егемен-ақпарат».