*Елімізде АИ-92 маркалы бензинді ішкі тұтыну көлемі 2,9 млн. тоннаны құрады. Энергетика министрлігінің деректеріне сүйенсек, өткен жылы Павлодар мұнай-химиялық және Атырау, Шымкент мұнай өңдеу зауыттарында шамамен 1,9 млн. тонна АИ-92 маркалы бензин, 4,1 млн. тонна дизель отыны өндірілген.
*Алматы облысында сүт фермасы іске қосылды. Оның ашылу рәсіміне аймақ басшысы Амандық Баталов қатысты. Қарасай ауданында орналасқан бұл өндіріс орны 750 бас ірі қара малын ұстауға шамаланған. Мұнда жылына 6 мың литр тауарлы сүт өндіру жоспарланып отыр.
*Созақ ауданында мал бордақылау ісін кәсіпке айналдыруға басымдық беріліп келеді. Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, былтыр ауданда 8,5 млрд. теңгенің ауылшаруашылық өнімдері нарыққа шығарылған.
*Ақмолада 2014 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 181 141,6 млн. теңге болды. Облыстық статистика департаментінің баспасөз қызметі келтірген мәліметтерге қарағанда, бұл – өткен жылдың денгейінен 22,3 пайызға артық. Айта кетейік, аймақта инвестициялық қаржылардың 20,4 пайызы өңдеу өнеркәсібіне бағытталған.
*Батыс Қазақстанның бюджеті 118 млрд. теңгеге жетті. Облыстық қаржы басқармасының мәліметінше, мұның 113,3 млрд. теңгесі кіріс болып табылады. Сондай-ақ, республикалық бюджеттен өткен жылы 3,5 млрд. теңге займдық қаржы түсіп, ол мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға және ауылдағы мамандарды әлеуметтік қолдауға жұмсалды.
*Былтыр Солтүстік Қазақстанның кардиологиялық орталығында жүрекке 255 ота жасалды. Атап өту керек, кардиоорталық жыл сайын медициналық қондырғымен жаңартылып отырады. Өткен жылы бұл бағытқа республикалық бюджеттен 29 млн. теңге және облыстық қазынадан 52 млн. теңге қаралды.
Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттары мен «ҚазАқпарат» деректері бойынша дайындалды.