Қоғам • 06 Шілде, 2024

Зардап шеккен әр отбасы баспаналы болады

116 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттары, «Amanat» партиясының мүшелері Берік Бейсенғалиев пен Еркін Әбіл Қостанай облысы Жангелдин ауданының Көлқамыс ауылының тұрғындарымен кездесіп, су тас­қыны салдарынан баспанасыз қалған азаматтармен, оларға жаңа үйлерді салып жатқан құрылысшылармен жүздесті.

Зардап шеккен әр отбасы баспаналы болады

Апаттан зардап шеккен Жан­гел­дин ауданының отбасылары жалғыз баспаналарынан айырыл­ды. Президент тапсырмасымен әрбір мұқтаж отбасына мемлекеттен жаңа баспана беріледі. Атап айтқанда, Тауыш ауылында – 22, ал Көлқамыс ауылында 19 үй салынып жатыр. Баспаналар Қостанай облысы әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арасында жасалған меморандум аясында типтік жобамен салынады. Әр үйдің жалпы ауданы 80 шаршы метр, құны шамамен 30 миллион теңгені құрайды.

Айта кету керек, партия табиғи апаттың алғашқы күнінен бастап зардап шеккендерге нақты көмек көрсету жұмыстарын шұғыл бас­тады. Бұл гуманитарлық көмекті жинау, «Жастар рухы» еріктілерін жұмылдыру, жағалауларды құм салынған қаптармен нығайту, су тасқынына қарсы бөгеттер салу, тағы басқа жұмыстар.

– Су тасқыны кезінде біз тұр­ғындармен кездескенде олар­дың көбі жатақханалар мен басқа эва­куациялық пункттерге орналасты­рылған еді. Қазір жағдай жақсарып келеді, зардап шеккендер баспаналарын алып жатыр. Көлқамыста 19 отбасы осы жаздың 1 тамызында жаңа үйлеріне қоныстанады. Қосымша 10 соттық жер де беріледі. Жалпы, Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккендер үшін құрылыс және тұрғын үй сатып алу жұмыстары жаздың соңына дейін аяқталады, – деді депутат Берік Бейсенғалиев.
Ал депутат Еркін Әбіл егер тұр­ғындар өтемақы алу немесе жоғалған мүлікті бағалау мәселе­лерінде қиындықтар туындаса, партия «Құқықтық көмек» жобасы аясында тегін заңгерлік көмек көрсететінін айтты.

Бір күн бұрын депутаттар Арқалық қаласында су тасқы­нынан зардап шеккен Арқалық, Амангелді, Жангелдин аудан­дарының тұрғын­дары үшін салынып жатқан 50 пәтер­лі үйдің құрылыс барысымен та­нысты. Қыркүйек айында үй пайда­лануға беріледі. 50 пәтердің 20-сы Арқалық тұрғындарына, 16-сы Амангелді, 14-і Жангелдин аудандарының тұрғындарына арналмақ. Бұдан бөлек, Арқалықта 78 зардап шеккен отбасы үшін да­йын пәтерлер сатып алынды.