Қоғам • 06 Шілде, 2024

Пернедегі пәлсапа

264 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Домбыра туралы ән-жырларға құлақ тоссақ, аспаптың бүгінгі үлгісінің байырғы нұсқасынан айырмашылығы барын байқаймыз. Әсіресе перненің саны төңірегінде айтылар нұсқа көп. Кей жерде тоғыз перне десе, кей жерде жеті перне дейді. Ал дәл қазіргі домбыраның мойнына он тоғыз перне байланған.

Пернедегі пәлсапа

Марқұм өнертанушы Таласбек Әсемқұлов халық поэзиясында жиі кездесіп отыратын «домбырам тоғыз перне» немесе «домбырам екі шекті он төрт бунақ» деген тіркестер өте көне заманда домбыраның тоғыз немесе он төрт пернесі ғана игерілген кезде айтылып, кейіннен деректік мәні жойылып, тұрақты эпитетке айналып кеткен тіркестер екенін жеткізеді. «Перненің санын бұндай дерекке қарап емес, күйдің құрылысына, ауқымына қарап санау керек. Көне ортағасырлық домбыра күйлерінде қазіргі жиырма перненің барлығы және қазіргі домбырада жоқ үш қашаған перне кездеседі. Жиыны – жиырма үш. Яғни қазақ домбырасы аспап ретінде қалыптасып болған кезде жиырма үш пернесі болған. Және осы пернелердің әрқайсысының аты болған», дейді ол. Мәселен, ең бірінші перне соль-диезді қазақша «оғыз перне» деп атаған. Бұл нота атақты Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйінде пайдаланылады. Сонымен қатар Маңғыстау күйлерінде ішінара кездесіп отырады. Түрікмен сарындарындағы негізгі перне – осы. Ал екінші перне – «ля» нотасын «бас перне» деп атайды. Қазақ күйлерінің дені осы пернеден бас­тау алады. Үшінші перне «си бемоль» – қазақша «тылсым перне». Жоғарыда айтқан «Көрұғлымыздың» қайырмасында осы «тылсым перне» мен «оғыз перненің» кезек-кезек тартысын тыңдай аламыз. Қидандасқан екі дыбыс ашық ішек соль нотасында ғана дамыл табатындай болады.

Әрі қарай күйіміз тағы да күркіреп жөнеледі. Т.Әсемқұловтың әңгімесіндегі ең таңғалдыратын дыбыс – қашаған перне. Бұл си мен до ноталары арасында орналасқан. Академиялық жүйе бойынша музыкадағы ең кіші өлшем – жарты тон, бемольдар мен диез­дер. Қарапайым тілде түсіндірсек, ақ пен қараның тура ортасындағы сұр түс секілді нәрсе – бұл. Ал біз сөз етіп отырған «қашаған перне» әлгінің де қақ ортасындағы нүкте. Яғни – ширек дыбыс. Мұны анық тану үлкен дәлдікті талап етеді. «Мысалы, жапон балалары қызыл түстің ғана елу түрлі реңкін ажырата алады екен. Бұл олардың ерекше асып туғандығынан емес. Бәрі де – тәрбиенің әсері, дағды, тәжірибенің нәтижесі. Ал енді шығыс музыкасына келетін болсақ, мұнда тағы да импрессионистік жүйені көреміз. Мысалы, түркі музыкалық аспап­та­рын­дағы қашаған пернеге (еуро­палық музыка аясында тәрбиеленген адамның құлағы қабылдай алмайтын, жасанды немесе бұрауы келмей тұрған шектің дыбысы болып саналатын ширек тондық дыбыс) күмәндана қараған адам үндінің ситара аспабындағы тонның он алтыдан бір бөлігіне тағылған, яғни қашаған перне­нің өзінен төрт есе жиі немесе төрт есе кіші пернеге қалай қарар еді? Егер қазақ тыңдаушысы ширек тондық дыбысты ести алса, ол неше ғасырлық музыка­лық тәрбиенің жемісі», дейді Таласбек бұл туралы.

Жақында өнер байқауының бірінде Секен Тұрысбектің жас күйшіге айтқан ескертпесін тыңдадым. Онда дәулескер күйші қазақ күйінің ащы бұрауда тартылмайтынын, ішекті бос бұрап қоңыр дыбысқа келтіру керектігін жеткізеді.

Иә, қазақтың төл музыкалық дыбысын сақтау тілдегі үндестік заңын сақтаумен бірдей маңызды екенін ұмытпағанымыз жөн.