фото: polisia.kz
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдіктілер өзгелерді қорқыту және өздерінің басымдылығын көрсету мақсатында зорлық-зомбылық әрекеттерін бейнежазбаға түсіріп отырған.
«Ұлытау облысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 18-20 жас аралығындағы жастар тобын қолға түсірді. Олар жергілікті колледждің кәмелетке толмаған студенттерін қорқытып, ақша бопсалаған. Бопсалау және бұзақылық фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалып, сотқа жолданды», деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Павлодар облысының Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы прокуратураның үйлестіруімен 2024 жылдың мамыр айында жастарды бопсалаумен айналысқан топтың әрекетіне тосқауыл қойды.
Топ мүшелеріне осындай 10 фактіге қатысы бар деген айып тағылып отыр. Олар жәбірленушілерді қорқытып, 2 млн теңгеге дейін алған. Жәбірленушілер қылмыскерлерден қорқып, құқық қорғау органдарына жүгінбеген.
Заңсыз әрекеттердің салдарынан жәбірленушілер суицид жасауға да бел буған. Осындай оқиғалардың бірінде қорлық пен соққыға шыдамаған 22 жастағы жігіт өзін-өзі өлтіруге оқталған. Топ мүшелерін ұстау кезінде олардан травматикалық және суық қару, сондай-ақ синтетикалық есірткі тәркіленді. Барлық күдікті қамауға алынды. Жәбірленушілерге қатысты қауіпсіздік шаралары қабылданды. Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.