АСТАНА. 21 қаңтар. Теннистен Австралия ашық біріншілігінде сынға түсіп жатқан қыздарымыз Зарина Диас пен Ярослава Шведова екінші айналымдағы ойындарын өткізіп, жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Алдымен кортқа Шведова шықты. Қарсыласы пуэрто-риколық Моника Пуиг. Алғашқы сет қазақстандықтың айқын басымдығымен өтті. Нәтижесінде біздің пайдамызға 6:2 есебі тіркелді. Ал екінші кезеңде М.Пуиг айтарлықтай қарсылық көрсетті. Тіпті бұл сетте қарсыластар жеңімпазды тай-брейк арқылы анықтап, аталмыш сында Шведова 7:6 (8:6) есебімен басым түсті. Енді Слава үшінші айналымда қытайлық Пэн Шуаймен күш сынасады. Бүгінде қытай қызы WTA рейтингінде 22-сатыда тұр. Ал қазақстандық теннисші әлемнің 66-ракеткасы екенін белгілі. Соған қарамастан, ол бірінші айналымда WTA тізімінде 16-орында тұрған чехиялық Люсия Шафаржовадан айласын асырғанын айта кетейік. Үш сетке созылған ойында Шведова 6:4, 2:6, 8:6 есебімен жеңіске жетті.
Астана уақытымен 10:55-те жарыс алаңына қыздар арасында еліміздің бірінші, әлемнің 31-ракеткасы Зарина Диас шықты. Отандық тенниссүйер қауым асыға күткен бұл кездесуде Зарина словак Анна Шмидловаға қарсы ойнады. Шмидлова әлемдік рейтингте 74-сатыға жайғасқан теннисші.
Бірінші кезеңде ойын өрнегі тең дәрежеде өрбіді. Тек қарсыласының бір добын өз пайдасына шеше білген словак қызы 6:3 есебімен басым түсті. Екінші сетте Зарина Аннаның адымын аштырмады. Салған жерден сетті брейкпен бастаған ол соңында кезеңді 6:2 есебімен өз пайдасына аяқтады. Ал шешуші үшінші сетте қазақстандық жанкүйерлердің жүйкесіне біраз салмақ түсті. Себебі, Шмидлова өзінің осал еместігін дәлелдеп, соңғы сәтке дейін қарсыласып бақты. Абырой болғанда, Зарина спортшыға тән мінез көрсетіп, 8:6 есебімен кезеңді және ойынды өз пайдасына шешті. Біздің қыздың ендігі қарсыласы - аты әлемге әйгілі Ресей теннисшісі Мария Шарапова. Қос елдің бірінші ракеткалары арасындағы ойын 23 қаңтар күні өтеді.
Айта кетер жайт, аталмыш сайысқа Зарина мықтылар қатарына қосылып, турнирдің 31-ракеткасы ретінде қатысып жатыр. Финалдық кезеңде ойнайтын 128 теннисшінің ішіндегі 32 спортшы фавориттер санатына жатқызылады. Ол әлемдік рейтингтегі көрсеткішіне байланысты жүзеге асады. Ал Заринаның WTA рейтингінде қай сатыда тұрғанын жоғарыда айттық. Өткен жылы іріктеу кезеңі арқылы жарысқа қатысқан қызымыз биыл сол турнирдің мықтылары қатарынан орын алып отыр. Ал екінші айналымдағы жеңісінен кейін Зарина кем дегенде үздік отыздықтың ішіне сөзсіз енеді. Сондай-ақ, қазақ қызының алғашқы кездесуінде поляк Урсула Радваньсканы 3:6, 6:4, 6:2 есебімен тізе бүктіргенін айта кеткен жөн.
Жекелей сында үшінші айналымға шыққан қос қызымыз жұптасып өнер көрсетуде де сайысқа түсуде. 20 қаңтар күні Я.Шведова испан Медина Гарригеспен жұптасып, И.Фалькони және П.Мартич жұбын екі сетте жеңді. Заринаның бұл тартыстағы жұбы – Оңтүстік Африка республикасының өкілі Шанель Схеперс. Олар алғашқы ойынын 22 қаңтарда Д.Юрак және М.Мултон-Леви жұбына қарсы өткізеді.
Ал ерлер арасындағы бәсекеде ел намысын қорғаған Михаил Кукушкин мен Андрей Голубев бірінші айналымнан аса алмады. Миша тунистік Малек Жазири есімді теннисшіге жол берсе (3:1 (6:2, 6:3, 2:6, 7:6 (7:3)), Андрей фин Яркко Ниемининге 3:0 (6:1, 6:2, 7:6 (8:6)) есебімен есе жіберді.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: facebook.com.