Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Әуелі қызыл қуырдаққа бас қойдық. Содан соң арнайы сыбаға. Бөтен ешкім жоқ, өзімізге қараған ағайын. Дариға жеңгем етті мүшелеп жатыр. Қолы қолына жұқпайды. Аузы да. Келінге кеңесті кестеледі-ай келіп.
– Мынау төс қазы, – деп қолына ұстап тұр, – арық малда етегі болмайды. Әр елдің салты басқа дегендей, төс қазыны кейде қара қабырға деп те айта береді. Сыйлы қонаққа тартуға жарамайды. Ең қадірлісі, қазы-қарта, жал-жая. Ертеректе он екі қазыны ішекке айналдыратын. Сонда алты қос қазы болады. Мынау – белдеме мен омыртқа, жаяның арасы. Бұл алтыға бөлінеді. Екі талдан төрт кіші қабырға тасты деп аталады. Қонақ көп болса, қазының орнына да жүре береді. Төменгі табақтарға тартуға әбден жарап жатыр. Мына мүшені көріп ал, бұл – бұғана. Еті сәл қаттылау болғанымен, сыйлы мүшенің санатында. Құдаға салады. Он екі омыртқа болады. Бұрынғы ыждағатты әжелеріміз омыртқаны ұнның арасына салып сақтайтын. Қазақтың бір-біріне өкпелегенде «үйіңнен бір омыртқа мүжіген жоқпын» дейтіні содан қалған.
Ілкіден үзілмей келе жатқан әдемі дәстүрді зейін қойып тыңдап отырдық. Жеңгеміздің жаяу жиналыста айтқан келінге кеңесі ұзап барады. Санның үш жілігі мен қолдың үш жілігін де көрсетті. Сандағы жіліктердің ортан жілік, асықты жілік, жамбас болып бөлінетінін көрсетіп берді. Ал қолдағы тоқбас, кәрі жілік, жауырын туралы да тәптіштеп түсіндірді. Жауырынның жілік санатына кіретінін де ежіктеді.
– Жауырынды етті көбейту үшін салатын жанама мүше деуші еді ғой, – дедік біз.
– Иә,солай, – деді жеңгей біз жаққа мойын бұрмастан. Бар ықыласы келінге ауған, – қазының шетін телшік деп атайды. Телшікті ұшы мықын. Қарындардың бұлдырмақсыз, тәттісін қара қарын, бұлдырмағы барын жай қарын дейді. Мынау біреуі қолқа, құданың сыбағасы. Сабағы жоқ жүрек қолқасы – балалардың несібесі.
Ертең құрмалдық бермек болып күпініп отырған ағай жарының жарты сағатқа созылған әдістемесіне риза пейілде:
– Осыны қағазыңа түсіріп алып, газетіңе жазсаңшы, – дейді. – Өзге келіндер қиып алып, ас үйге іліп қойса, үйренгендеріне жақсы ғой.
– Жазайық, – дедік біз, – кәделі кеңесті қаперіне ілетін келін болса.
Көкшетау